КОРОНАВИРУС: Атыраудағы ахуал қандай?

00 7 Жаңалықтар

Atr.kz/14 наурыз, 2020 жыл. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов мәлімдеді.

             – Алматыдағы жағдайға байланысты екі науқаспен қарым-қатынаста болғандардың есебі алынып, олар оқшауланды. Ал, біздің облыста жағдай тұрақты.  Инфекцияның алдын алу үшін  аймақта өңірлік штаб құрылып, бірқатар шаралар қолға алынды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің  провизорлық стационарында үш адам оқшауланды. Оның бірі Қытай азаматы болса, екеуі – Италиядан келген қазақстандық. 1 Б санатында 66 адам бар. Оның 57-сі шетелдік, 9-ы қазақстандық. Олар үйде оқшауланды. Екінші санатта 198 адам бар. Оның ішінде алтауы – Қазақстан, 192-сі шетел азаматы. Оларды 14 күн бойы тұрғылықты жері бойынша медицина қызметкерлері қадағалайды. Ал, үшінші санатта 477 адам қоңырау шалу арқылы бақылауға алынды. Оның 54-і қазақстандық, қалғаны – шетелдіктер.  Коронавирусқа қатысты шағымдар мен сұрақтар бойынша елімізде 1406 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс жасайды. Біздің аймақта байланыс үшін 98-02-92 және 8 778 007 20 21  WhatsАpp желісі қызмет етеді, – деді Байтолла Закарьяұлы.

Сондай-ақ, спикер қауіпті дертті алдын алу шараларымен де бөлісті.

«Әрбір адам күніне екі рет дене қызуын өлшеуі тиіс. Бөлменің ауасын тазартып, ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізу маңызды. Беті-қолды сабынмен жуып, жеке гигиенаны қатаң сақтаған жөн. Күнделікті жылы су мен ыссы шай ішу пайдалы. Егер адамда әлсіздік, жөтел пайда болып, дене қызуы көтерілсе, үйден өз еркімен емделмей, шұғыл жедел жәрдем шақыру керек» деді ол.

Бүгінде облыста аталған инфекция тіркелген жағдайда шұғыл әрекет ету жұмыстары қолға алынған. Бұл ретте облыстық №2 ауруханада арнайы оқшаулау орындары жасақталды.

«Коронавирусты анықтауға арналған тест нәтижесі 24 сағатта шығарылады. Бұл құрал-жабдық біздің аймақта жоқ болғандықтан, емделушінің талдамасы Ақтөбенің денсаулық сақтау ұйымдарына жіберіліп, осы уақыт ішінде анықталады. Инфекция пайда болған жағдайда, науқастарға дереу қажетті ем-шаралары жүргізіледі. Осы орайда өңірде емдеуге арналған 12 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Жалпы, бұл ретте медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жеткілікті» деді Байтолла Ғазизов.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

http://atr.kz/bez-rubriki/aldaғy-oraza-ajyna-koronavirus-қanshalyқty-әser-etpek/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз