МИРАТТЫҢ МАҚСАТЫ АЙҚЫН

Атыраулық Мират Марқабаев бүгінде Алматыдағы радиотехника және байланыс әскери-инженерлік институтында оқып жүр.

 

– Мен Өзбекстан Республикасында дүниеге келсем де, ұлтым қазақ екенін ешқашан ұмытқан емеспін. Жүрегім атамекенімнің аялы топырағын аңсап, 2002 жылы Атырау қаласына қоныс аудардым. Көкарна елді мекеніндегі №32 орта мектепте білім нәрімен сусындап, дәстүрлі тәлім-тәрбие алдым. Қазақы ортада азамат боп өсіп-жетілдім, – дейді Мират Марқабаев.

– Мен бала кезден әскери қызметшілерге сүйсініп өстім. Мектепте тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде, әскери әуе күштерінің оқу орындарына түсуді армандайтын едім. Ал, қалалық әскери бөлімнен тіркеуден өткенімде Алматыдағы әскери оқу орындары туралы мәлімет алдым. Сөйтіп, Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма қызметкерлері қажетті құжаттарымды жинастырып берді. Жаныма өзімдей төрт баланы ертіп, арман қуып, Алматыға аттандық, – дейді Мират.

Жататын жерлері жайлы, үш мезгіл тамақтанып тұрады. Ай сайын әр курсант алғашында 5 мың теңге, жоғары курстарда 9 мың теңге шәкіртақысын алып отырады. Аптаның сенбі мен жексенбісін қоспағанда, жылына екі мәрте, қыста 15 күн, жазда отыз күн демалыс беріледі. Бұдан асқан қандай жайлылық болуы мүмкін?

– Әскери мектепте оқу алғашында қиын болғанымен, кейін темірдей тәртіпке бойың үйреніп кетеді. Түрлі концерттік кештер мен тарихи-танымдық шаралардан қалып көрген емеспін. Мен футбол ойнағанды ұнатамын. Эквадорда өткен спорттық додада алғашқы ондыққа іліндік. Сондай-ақ, біздің оқу орнымызда құрылған «Байланыс жігіттері» тобы да «Жайдарманда» табысты өнер көрсетіп жүр. Бұл – Қорғаныс министрлігінен дайындалған Жоғары лигада ойнап жүрген алғашқы команда, – дейді жас сарбаз.

Мират институтта бес жыл оқиды. Соңында инженер мамандығымен қоса, лейтенант шенін де алып шығады. Оқуын үздік бітірсе, «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісіне ие болады. «Сонда ертең сен қандай қызметтің тізгінін ұстайсың?» деген сауалымызға ол «ұшақ пен тікұшақтар, әскери зымырандарды техникалық тұрғыда тексеріп, еліміздің әуе кеңістігіне енген өзге елдердің ұшу құралдарын жіті қадағалайтын боламын» деп жауап берді. Ендеше, жолың болсын, елімнің құрыш сарбазы!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Сурет автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз