Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Атырауда Халық әртісі Ғафиз Есімовтің шығармашылық кеші өтті

Махамбет атындағы қазақ драма театрында Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ғафиз Есімовтің 70 жасқа толуына орай  салтанатты кеш өтті. Осы кеште әйгілі әншінің репертуарындағы ариялар мен романстар, Абай әндері топтастырылған, өзінің авторлық жобасы саналатын «Баритондар шеруі» деп аталған таспалар жинағының біртұтас антологиясы  жұртшылыққа таныстырылды.

БЕКЗАТ __НЕРД-__ БИ-К

Салтанатты кеште мерейгерді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.

– Сіз өмір жолыңызда да, өнерде де өз бақытыңызды тапқан адамсыз.  Осы жерде  кезінде естіп,  куәсі болған бір жайтты айта кеткім келеді. Арман қуып,  Алматыға барғаныңызда сіз домбыра шертіп, күйші болуды мақсат етіпсіз. Ал, өзіңіздің құрдасыңыз, досыңыз, сырласыңыз, дүлдүл домбырашы ретінде елінің есінде қалған Қаршыға Ахмедияров ағамыз әншілік өнерді таңдаған екен. Әйтсе де, тағдыр бұл екеуінің қалауын алмастырып, Ғафекеңе әнші, Қаршекеңе домбырашы болуды нәсіп етіпті.

Қаршыға Ахмедиярұлы дәулескер домбырашылығымен, асқан шебер күйшілігімен төл өнерімізді  әлемге танытты. Сіз де ұлттық  ән өнерінің, соның ішінде опера өнерінің аспанында еркін қалықтап, биік шыңынан көріндіңіз. Кезінде өзіңіз ұлттық опера өнерінің  уығын шаншып, туын тіккен абзал ағалардың алдын көріп, солардан дәріс алдыңыз. Енді, міне, талантты шәкірттердің талай буынын тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атандыңыз. Сол себепті де біз сізбен мақтанамыз! — деді Нұрлан Асқарұлы.

БЕКЗАТ __НЕРД-__ БИ-К БА__АСЫ

Елдің ықыласы – ерекше сый

Аймақ басшысы мерейтой иесімен бірге жаңа антологияның тұсауын кесті.  Сонсоң бүгінгідей әдемі де әсерлі кештің куәгері, Халық әртісі, профессор, ұлттық опера өнерінің саңлағы  Ғафиз Есімовке «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағының  лентасын тағып, куәлігін тапсырды.

Қадірлі менің  жерлестерім, көрермендерім, әріптестерім! Өнер иесіне деген құрметтің ең үлкені қошемет деп түсінемін.  шығармашылық кешіме ұйымшылдықпен келгендеріңіз үшін мың мәрте рақметімді айтамын. Әсіресе,  мерейтойымның  туған жерімде өткізілуіне, осында республикалық байқаудың ұйымдастырылуына,  әндер жинағымның шығуына мұрындық болған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына  өзімнің, отбасымның және перзенті ретінде,  жасы тоқсаннан асқан анамның атынан алғысымды айтқым келеді. Мұны  елдің ықыласы, еңбегіме берілген ерекше баға деп есептеймін, — деді өз сөзінде Ғафиз Қыдырұлы.

БЕКЗАТ __НЕРД-__

Әсем ән мен сырлы саз

Бұл кешке Ғафиз ағамен бірге Жетісу жерінен  бір топ әріптестері  де келді.

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония жанындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің (бас дирижері, Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров) орындауындағы Құрманғазының «Серпер» күйінен бастау алған  концерттік бағдарламада Ғафиз Есімов «Тілеу-қабақты» (халық әні) әуелетті. Бағдарлама барысында бұдан басқа да көпшілік сүйіп тыңдайтын әндер мен опералық шығармалар шырқалды.  Олардың қатарында «Құсни-Қорлан», «Жас дәурен», «Киелі Отан», «Ақ бақай»,  «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін, сондай-ақ,  батыс композиторларының классикалық  туындыларын атауға болады.  Аталған әндерді шығармашылық кеш иесінің өнер жолындағы ізбасарлары мен шәкірттерінің орындағаны айрықша әсерлі болды. Ал, Ғафиз Есімовтің өзі «Махамбет» операсындағы (авторы Базарбай Жұманиязов) «Махамбеттің ұранын» шырқап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Соңынан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан мерейгерге ықылас гүлі ұсынылды. Мұның бәрі – бекзат өнер мен оның иесіне  көрсетілген шынайы ықылас пен шексіз ілтипаттың көрінісі.

Дәулетқали Аруев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button