Атырауда «Altibaqan Fest» жобасы басталды
Атырауда Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай, облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Altibaqan Fest» жобасы басталды. Мұндағы мақсат – ұлттық ойындарды дәріптеу, латын қарпіне көшуді насихаттау.
Шарада бас қосқан әр ұлт өкілі ұлттық тағамын таныстырып, әдемі ән шырқады, мың бұрала биледі. Қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – қазақ әліпбиін латын қарпіне ауыстыру мәселесі»,-дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев. «Осы ұсыныс ортаға тасталғалы, қоғамның зор қызығушылығын тудырды. Бұл тақырыпты Атыраудың да үлкен-кішісі қызу талқылап, өз ұсыныстарын білдіріп жатыр. Ендеше, бұл шараның да мақсаты – қоғамның, соның ішінде, жастардың үнін есту»,-деп сөзін қорытындылады Жасұлан Бисембиев.
Амандық Сағынтайұлы