Сақтанғанды құдай сақтайды

200617211629a3662912d COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. COVID тағы да ел кезіп кетті. Шектеулер саябырсып, жұрт демін енді еркін ала бастағанда қалыпқа түсіп келе жатқан тірлігімізді тас-талқан ететіндей. Расымен де, Мемлекет басшысының өзі айтқандай, қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес.

«Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек» деді Президент бір сөзінде. Мұның астарында зор мән жатыр. Өйткені, бүгінде қауіпті кеселге көз жұма қарап, ойын-сауық құрып жүрген тұрғындар аз емес. Ал, нағыз ауру белгілері солардың ішінен анықталып жатыр емес пе?

Бұл дерт алдымыздағы күз бен қыста, тіпті келер көктемде қайталануы ықтимал. Сөйтіп, сыралғы серігіміздей кез келген сәтте жанымызда жүруі мүмкін. Адам ағзасы оған да үйренеді. Кәдуілгі аурулар сияқты дағдыланып, қарсыласу қабілеті оянады. Тек әзірге заты түгілі, атынан да шошынуды қою қажет. Болған жайды қалыпты қабылдап, сабырлық сақтаған жөн.

photo 63051 1

Соңғы апталарда дерт белгісі білінгендер саны күрт артты. Жағдайды жақсы түсінгендер өз еркімен тексеруден өтіп, саулығын салмақтап жатыр. Бүгінде республика бойынша күніне 25 мың шамасында адам осындай шараға қатысады. Таяу уақытта оны тағы он мыңға арттыру жоспарланған. Демек, қатерлі дертті тым асқындырмай, дер шағында анықтау мүмкіндігі туды. Сондықтан, дәрі-дәрмекке қол соза бергеннен гөрі, сақтық шараларын күшейту керек. Бетпердеге үйренген тәріздіміз. Қолғап та қажеттіліктің біріне айналды. Ендеше, әрі қарай пайдалана берсек қайтеді?

Әлем ғалымдары адамды әбден сауықтырып жіберетін дәріні әзірге ойлап тапқан жоқ. Қазіргі ең тиімді тәсіл – оңашалану. Көпшілік орынға бармай, бой тасалау. Жақында Ақтөбеге бардым. Ондағы ахуал ауыр. Тұрғындар қайтадан карантин болғанын жөн санайды. Бастапқыдағыдай мән бермеушіліктің ізі де қалмаған. Бірақ, қорқыныш пен сақтық – екі түрлі түсінік. Біріншісі – жарға жығады. Екіншісі ертеңге ертеді. Ендеше, соны серік ету керек.

Рас, әлемде, соның ішінде Қазақстанда да, қалыптасқан ахуал ауыр. Алыс-жақын шет елдермен байланысы бар өнеркәсіпті өңір болғандықтан Атыраудағы жағдай да қиындады. Табалдырықтан там-тұмдап аттаған дерт төрге еркін шығып кетті. Бірақ, күрес жүріп жатыр. Ақ желеңді жандар өздеріне төнген қатерге қарамастан өзгелер үшін күресуде. Ал, біз қойылып отырған талапқа бағынып, барлық сақтық шарасын алуымыз керек. Қорыта келгенде, ең бастысы, күшейтілген карантин режимін қайта қолданысқа енгізу қажет деп есептеймін.

Күләш ҚҰРМАНОВА,

Қазақстан Республикасының инфекционист-дәрігерлер қауымдастығының президенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз