Атырау жастары бір мезгілде «Атамекен» әнін шырқады (ФОТО)
Ел жастары бір мезгілде «Атамекен» әнін асқақтата шырқады. Сәрсенбіде республика көлемінде өткізілген «Рухани жаңғыру» акциясы аясында егемен елдің жастары бір мезгілде атақты «Атамекен» әнін асқақтата шырқады.
Туған елге, атамекенге деген сүйіспеншіліктің көрінісіндей болған, оташылдық рухтың биіктігін паш еткен осынау елдік шараға атыраулықтар да белсенді атсалысты. Бұл күні «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі, Атырау аграрлық – техникалық колледжінің студенттері өз оқу орындарының алдына шығып, ал Мақат ауданының жастары орталық алаңда сап түзеп, жоғарыда аталған, қазақстандықтардың биресми әнұранына айналған «Атамекен» әнін әуелетті.
Облыстық «Атырау» газетінің фототілшісі Ерлан Алтыбаев түсірген мына суретте Атырау музыка колледжі жастарының осы шығарманы шырқап тұрған сәті бейнеленген. Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақназкен Байжанқызының айтуынша, «Атамекен» әнін орындауға екі жүздей студент (1 –4 курстардан) пен елу шамалы оқытушы (барлығы 250 адам) қатысқан.
Білгеніміздей, «Рухани жаңғыру» акциясына қатысып, ән шырқаған мақаттықтардың құрамы 300 адамды құрапты.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ