Тоғызқұмалақ: Атыраудағы ахуал қандай?

To yiz mala Жаңалықтар

Қазақ халқының көкпар, күрес, қыз қуу, теңге алу, жамбы ату тәрізді ұлттық ойындарының қатарында тоғызқұмалақ ойынының алар орны ерекше. Ол үлкен шыдамдылықты, шығармашылық ойлауды және өзін-өзі ұстай білуді талап етеді. Басқа спорт түрлеріне қарағанда, бұл ойында ой жүйріктігі аса қажет.

Тоғызқұмалақ-

Қазіргі таңда онымен шұғылданушылардың саны күннен-күнге өсіп, ойын жылдан-жылға дамып келеді. Ересектер, жастар мен жасөспірімдер, ардагерлер арасында жекелей және командалық есепте ел біріншіліктері және басқа да  жарыстар жиі-жиі өткізілуде. Елімізде тоғызқұмалақ федерациясының қауымдастығы құрылып, әр өңірлерде оның бөлімшелері мен үйірмелері ашылған.

Мұнайлы өлкеде де сондай бөлімшелердің бірі қызмет атқаруда. Бүгінгі күнгі Атырау өңіріндегі тоғызқұмалақ ойынының жағдайы мен дамуының  барысын білу мақсатында Атырау облысының зияткерлік тоғызқұмалақ қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің президенті, тоғызқұмалақтан облыстық құраманың аға жаттықтырушысы Құрманбай Ашетовты сөзге тартқан едік:

Құрманбай Мұхтасарұлы, облысымыздағы  тоғызқұмалақ ойыны туралы және оның дамуы жөнінде айтып өтсеңіз?

– Бүгінде тоғызқұмалақ үлкен сұранысқа ие болып отырған, кеңінен дамып, қанат жайып келе жатқан ұлттық ойынымыздың бірі. Оның дамуы үшін өңірімізде бірталай игілікті істер жасалып келеді. Қазіргі уақытта тоғызқұмалақ үйірмелері Атырау қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және Исатай, Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарындағы спорт мектептерінде қарқынды жұмыс істейді. Әрқайсысының арнайы бекітілген жаттықтырушылары бар.

Ұлттық ойынымызға шынайы қызығушылар, арнайы үйірмелерге келушілер саны  көп пе?

Ойынға қызығушылық танытып, ынта қоюшылар көбейіп келеді. Атырау қаласында қазіргі таңда тәжірибелі төрт жаттықтырушы жұмыс істейді. Олар спорт мектептерінен бөлек жалпы білім беру орталықтарында қосымша үйірмелер жүргізеді. Атап айтар болсақ, Бірлік ауылындағы Боран Нысанбаев атындағы  орта мектепте, Алмагүл шағынауданындағы №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясында, Балықшы ауылындағы Марат Отаралиев және Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектептерде дәрістер жүргізіледі.

Байқап отырсам, үйірмелер қаланың сыртқы аймақтарында орналасыпты, орталықтан үйірме ашу неліктен қарастырылмаған

Иә, үйірмелер орталықта жоқтың қасы. Жаңа айтып өткенімдей, Вокзал маңы шағынауданындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығулар екі мезгілде өткізіліп, барлық үйірмелер де тегін жүргізіледі. Басқа жерлерден ашу мүмкіндігі болғанмен, жаттықтырушы мамандар жоққа тән. Шәкірттерге тәлім беріп жүрген төрт жаттықтырушымыз  толық сағаттармен қамтамасыз етілген. Олар тұрғылықты жерлерінің маңындағы оқу орындарынан мүмкіндіктерінше қосымша үйірмелер ашты. Ал, жоғары оқу орнын бітіруші спорт мамандары болса басқа спорт  түрлерін таңдап кетіп жатыр. Тоғызқұмалақты таңдамайды.

Ойыншылардың шеберлігі додаларға түскен сайын шыңдала түсетіні ақиқат. Ұлттық спорттың бұл түрінде облыс, республика көлемінде жарыстар жиі өткізіліп тұра ма?

– Көптеген жарыстар мен турнирлер ұйымдастырылып, шәкірттеріміз республикалық турнирлерге қатысып тұрады. Жыл сайын ел чемпионатының алдында облысымызда іріктеу турнирі өкізіліп, оған аудандардан да ойыншылар келіп қатысады. Сонымен қоса, әйелдер және ерлер арасында жекелей сында облыстық чемпионат тұрақты өткізіледі. Оның жеңімпаздары ел чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Қаңтар айының ортасында ересектер арасында облыстық командалар сайысы болып, оған алты ауданның спортшылары қатысты. Наурыз айының соңында Астана қаласында 17, 19 және 21 жас аралығындағы ойыншылар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Сол жарыстарға облысымызда өткізілген турнирде жеңімпаз болған үш ұл, үш қызымыз барды. Сонымен қоса, «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы аясында ерлер және әйелдер арасында жекелей есептегі халықаралық турнир өткізілді. Оған Ауғанстан, Түркіменстан, Түркия, Қытай мемлекеттерінен және Ресейдің Саха Республикасынан қатысушылар келіп, оларға еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының ойыншылары қосылды.

Облысымыздағы балғын тоғызқұмалақшылардың жеткен жетістіктерін айтып өтсеңіз?

Жақында Семей қаласында өткен ел біріншілігінде Орынбасар Байдабай мен қызылқоғалық Рауан Сейсенғали деген қызымыз  үшінші  орынды иеленді. Сонымен қоса Ерейментау қаласында өткен республикалық турнирде Батырхан Бекболатұлы деген шәкіртім екінші орын алды. Олардан бөлек, басқа да тоғызқұмалақшыларымыз  көптеген республикалық турнирлерде жүлделі орындардан көрініп жүр.

Мұратбек Төлегенұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз