Жылыойдағы «Жарқыра» жобасы

ZHyilyioyda yi ZHar yira zhobasyi 2 Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге арналған «Жарқыра» жобасы Атырау қаласы және Жылыой ауданындағы әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешудің кәсіпкерлік жолдарын қамтамасыз етіп, тың инновациялық бастамаларға көмек көрсетеді. Бүгін біз солардың алғашқы, яғни, жылыойлық жеңімпаздары жөнінде әңгіме өрбітпекпіз. 

Жылыойдағы «Жарқыра» жобасы-2

Алғашқы кейіпкеріміз Нұрлан Шегиров – аталмыш бағдарламаның 2016 жылғы жеңімпазы. Ол Құлсары қаласында атпен қыдырту және сауықтыру орталығын ашты. Мақсаты – балалар мен ересектерді оңалту. Бұған дейін Тұрғызба ауылында көп жыл мал шаруашылығымен айналысып келді.  Ақыры, өмірін өзгертуді ұйғарып, қоғамға пайдасын тигізуді ойлады. Сөйтіп, Мәскеу қаласында білім алып, «иппотерапия»  әдісімен, яғни, жылқының көмегімен емдеудің қыр-сырын меңгерді. «Жарқыра» бағдарламасының көмегімен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды.

Сондай-ақ, невропатолог дәрігермен және «Жүрек жылуы» қоғамдық бірлестігімен келісім-шартқа отырды.  Олардың көмегімен иппотерапияны қажет ететін балаларды тауып, оларға көрсетілетін оңалту қызметтерін толықтырды. Ауған соғысының Құлсарыдағы ардагерлерімен бірге жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісіне атсалысады. Бүгінде  балаларды  бәйгелерге  дайындап, әскери дайындық негіздеріне үйретуде. Тіпті, ол иппотерапияға арналған ғимарат пен жер телімін де инвестиция ретінде тарта алды.

Құлсары қаласының тұрғыны Гүлмира – ДЦП диагнозы қойылған жеті жасар Анельдің анасы. Ол 2016 жылы иппотерапиялық «Мейір Нұр» клубының ашылғанын естіп, алғашқы тұтынушылар қатарынан табылғанын айтады. Айлап аттан түспеген Анельдің бойында көп кешікпей оң өзгерістер пайда болыпты.

– Алғаш рет атқа отырғанда қызым еш қорыққан жоқ. Жануарды бірден ұнатып, онымен байланыс орната алды. Алғашқы сабақтан-ақ көңіл-күйі жақсарып, айналаға қызығушылық білдіре бастады.  Қазір өз бетімен қадам басып, үйде жаттығу құралдарымен жұмыс жасайды. Бұл – ДЦП диагнозы қойылған бала үшін өте елеулі және маңызды нәтиже. Біздің қалада иппотерапиямен айналысуға болатын орынның пайда болғанына өте қуаныштымын, – дейді Гүлмира.

Айтпақшы, оның Әли есімді ұлы да осы клубтың тұрақты келушісі. Бұрын ол бос уақытын тек компьютер алдында өткізіп, аз қимылдаған екен. Соның салдарынан артық салмақ жинай бастаған. Ат үстінде серуендеу баланың өмір салтын түбегейлі өзгертті. Яғни, көбірек қозғалып, таза ауада жиі демалатын болды. Есесіне, айтарлықтай салмақ тастады. «Балаларға атпен серуендеген қатты ұнайды. Менің де жақсы нәтижеге көзім жетті. Бастысы, алысқа барып, көп ақша мен уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Әр жерде клуб туралы айтып жүремін, онда баруға кеңес беремін» дейді анасы.

Келесі жоба жеңімпазы Айгүл Мақтаубаева Құлсары қаласынан жағдайы төмен отбасылардағы қыздар мен мүгедек жандарды шаштараз ісіне оқытатын «Шарға» орталығын ашты. Ол «ТШО» ЖШС тарапынан қаржыландыруға ие болып, біліктілікті арттыру курстарынан өтті, керекті құрал-жабдықтар сатып алды. Мұнда келушілер сұлулық саласындағы 10 мамандық бойынша білім алады. Осы уақытқа дейін жүз шақты адам оқытылып, көбісі жұмысқа орналасты. Солардың бірі Ақмарал Өркешбаева – төрт баланың анасы. Жұбайы – II топ мүгедегі, жұмыссыз. Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет етіп, тапқан табысы балаларды күтуге және жұбайын емдетуге жетпеді.

Мен бұрыннан шаштараз, визаж ісімен айналысқым келді. Аудан орталығында оқу орталығының ашылғанын естіп, курсқа жазылдым. Оқу аяқталғаннан кейін сұлулық салондарының біріне шаштаразшы-визажист болып жұмысқа орналастым. Сонымен қатар, «Шарға» орталығында визаж курстарын жүргіземін, – деген ол орталықтың негізін салушымен бірге Алматы қаласындағы «Прогресс» оқу орталығында білімін шыңдаған.

«Жарқыра» жобасының тағы бір жеңімпазы Салима Сарбалина – Жылыой аудандық емханасының дәрігер-кардиологы. Ол осы кезге дейін терапевт-дәрігер болып жұмыс жасап келді. Ауданда мамандардың жетіспеушілігінен кардиолог-дәрігер қызметіне ауысты. Алайда, емханада арнайы медициналық аппараттардың болмауынан, жүрек ауруларына шалдыққан емделушілерге диагноз қою қиындығын сезінді. Сондықтан, оларды орталыққа жіберуге мәжбүр болды.

Дәрігердің Құлсары қаласына кардиологиялық кабинеттің қажеттілігіне орай ойындағысын жүзеге асыруға қаражаты болмаған. Ал, мемлекеттен несие немесе субсидия алуға қорыққан екен. Осылайша, байқауға қатысып, мамандардың кеңесін алды. Бизнес-жоспарын дайындады және бизнес потенциалды күшейтуге бағытталған тренингтерге қатысты. Оның жобасы «Мейірім» жүрек-қан тамырлары жүйесінің медициналық енсіз диагностикалық кабинеті» деп аталады.

Астанаға барып, «Астана медициналық университетінде» «Функционалды диагностика» мамандығы бойынша біліктілігін арттырған. Оқу қалалық аурухана, мемлекеттік медициналық емхана, республикалық диагностикалық орталық, «ІІМ» госпиталінде, кардиохирургиялық орталық базаларында өтіпті. Орталықтардың бәрі шетелдік өндірушілердің  заманауи медициналық аппараттарымен қамтылған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз