Атырау облысын ауыз сумен толық қамтуға жол ашылады
Ауыз су – тіршілік нәрі. Біздің аймағымызда да жерасты тұщы су қорлары аз. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда мұнайлы өңірге сапарында Ақтөбе облысының аумағындағы «Көкжиде» кен орнынан Атырау мен Маңғыстау облыстарының қажеттілігі үшін сумен жабдықтау жүйесін жобалау, салу, жерасты тұщы су қорларын қайта бағалау туралы міндет жүктеді. Осы нақты тапсырма қалай орындалуда? Біз осы сауалға жауап іздеп көргенбіз.
Жайық суы азайып тұр
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстанның айтуынша, облыстың Атырау қаласы, Махамбет және Индер аудандарының тұрғындары ауыз суды іргесіндегі Жайық өзенінен алады. Бұл өзеннің гидрологиялық деңгейі Ресейдің Орынбор облысында орналасқан «Ириклинский» су қоймасынан жіберілетін су көлеміне тікелей тәуелді. Ал, Құрман-ғазы, Исатай, Жылыой жұрты облыс аумағы арқылы өтетін «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды құбырынан қажетін өтесе, Қызылқоға мен Құрманғазы ауданының Азғыр өңірінің халқы жерасты суын ішіп отыр.
– Жайық өзені ағынының динамикасы көрсеткендей, ағып өтетін су көлемі жылдан-жылға азаюда. Бүгінде жылдық орташа ағыны 5-7 текше шақырымға дейін төмендеді. Бұл бұған дейінгі көп жылдардағы орташа көрсеткіштен екі есеге жуық аз. Оның үстіне Жайықтан Атырау қаласы мен Индер, Махамбет және Мақат аудандарының өнеркәсіп, шаруашылық нысандарының, сондай-ақ, шаруа-шылық қажеттілігі үшін алынатын судың көлемі жыл сайын артып келеді, — деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан.
Трансшекаралас Еділ мен Жайық өзендерінің деңгейі 2008 жылдан бері күрт төмендеп кетті. Арнасы толмағандықтан жағалаудағы ормандар қурап, жайылымдық-шабындық алқаптар жойылуда. Оның үстіне 30 жыл бұрын салынған «Астрахан- Маңғышлақ» магистралды су құбырын жаңғырту қажеттілігі туып отыр. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев мәселенің маңыздылығын Парламент қабырғасында да көтеруде.
– Облыстағы Исатай, Құрманғазы, Жылыой аудандарының тұрғындары мен мұнай өндіру кәсіпорындары ауыз су мен технологиялық және техникалық қажеттіліктеріне қажет суды «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырынан алады. Бұл құбыр Маңғыстау облысындағы тұтынушыларды да ауыз сумен қамтамасыз етеді. Елді мекендердегі тұрғындар санының өсуі, өндірістің ұлғаюы жақын болашақта су тапшылығын арттыра беретіні сөзсіз. Қазірдің өзінде Исатай, Жылыой аудандары мен Құлсары қаласының тұрғындары, мекеме-кәсіпорындары тапшылықты сезініп отыр. Оларға су кейде сағаттап қана беріледі. Осы мәселені ескеріп, қазіргі кезде 30 жыл бұрын салынған құбырды жаңғырту жұмысын қолға алу қажет, — дейді Ғұмар Дүйсембаев.
Баламасыз су көзі
Бүгінде су құбырының техникалық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеуі, қажеттіліктің күннен күнге ұлғаюы проблеманы еселей түсуде. Бұл тұйықтан шығатын жолды іздеудің қажеттілігін туғызады. Су саласы мамандарының пікірінше, Ақтөбе аумағындағы «Көкжиде» жерасты су көзі Атырау жұртын ауыз сумен түбегейлі қамтуға жол ашады. Үлкен жоба жүзеге асса, Жайық өзеніне түсетін салмақ азаяр еді. Каспий теңізінің биологиялық әралуандығын сақтау мен молайтуға септігі тиеді. Осы мақсатта Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 2016 жылдың 15 қарашасында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына арнайы хат жолдады. Мұнда «Көкжиде» су көзін Атырау және Ақтөбе облыстарының тұрғындары мен өндірісіне техникалық және ауыз су мақсаттарына пайдалану жөніндегі жұмыстарды тиісті министрліктер тарапынан бастау ұсынылды.
–«Көкжиде» Құлсары қаласынан 344 шақырым жерде орналасқан. Бұл 1983 жылы мұнай кәсіпорындарын шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау мақсатында барланған болатын. Қазіргі күні су көзінің шығыс бөлігін Ақтөбе облысының мұнай-газ кәсіп-орындары шаруашылық мақсатта пайдаланып отыр. Оның тәулігіне 750 мың текше метр су қоры бар, — дейді басқарма басшысы Қадыржан Бақтығалиұлы.
Бағалау құны қанша тұрады?
Ақтөбе облысы аумағындағы су көзін қайта барлау, бағалау жұмыстарының (үш жылға жоспарланған) құны 1 млрд. 161 млн. теңгені құрайды. Ауқымды жоба республикалық бюджеттің қаржысы арқылы жүзеге асады деп болжанған болатын. Алайда, қаражат мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Мемлекет басшысының Атырауға келген сапарында проблеманың қайтадан көтерілуі сеңнің қозғалуына себепші болды.
Қазір кен орнындағы су қорын қайта бағалаудың жобалық құжаттары үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға 2,4 млн. теңге бөлінді. Оны «Ақпан» ЖШС толық игерді. Аталған серіктестіктің бас гидрогеологы Виктор Недюжиннің баяндауынша, «Көкжиде» қорының суы өте тұщы. Минерализациясы дециметріне 0,1-0,3 грамнан аспайды. Демек, «Ауыз су» стандартына сәйкес келеді. Кезінде кеңес одағының басшылары оның суын Атырау облысының елді мекендері мен мұнай кәсіпшілігіне жеткізу туралы тапсырма беріпті. Дегенмен, кейін бастама аяқсыз қалған.
– «Көкжиде» кен орнындағы жерасты су қоры қайта бағалауды қажет етеді. Оның мүмкіндігі Атырау мен Ақтөбе қалаларының ғана емес, Көкжиде құмынан «мұнайлы астанаға» дейінгі құбыр бойындағы барлық елді мекеннің сапалы суға деген сұранысын толықтай қамти алады. Болашақ су тоғанының ұзындығы 21 шақырымды құрайды. Мұнда 70-ке дейін ұңғыма жұмыс жасайтын болады, — дейді «Ақпан» ЖШС-нің бас гидро-геологы Виктор Недюжин.
Жаңа су көзін игеру Атырау облысының сұранысын өтейтіні белгілі болып отыр. Яғни, Жылыой, Мақат аудандарымен қатар, Атырау қаласы үшін қажетті су осыннан алынады. Қызылқоға ауданына да желіні жет-кізудің мүмкіндігі бар. Мамандардан білгеніміз, «Көкжиде» қайта бағаланса, мұндағы су қорының нақты көлемі айқындалады. Ал, судың тұщылығы талапқа сәйкес келетіндігі құжат түрінде дәлелденсе, құбыр желісін тарту көп қиынға соқпайды. Себебі, Ақтөбе облысының жері Атыраумен салыстырғанда биіктеу. Бұл суды қосымша сорғы қондырғыларын орнатпай-ақ, өз ағынымен жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, «Көкжиде» кені игілікке айналады деген елдің үлкен үміті бар.
Азамат БАЗАРБАЕВ