«Маса мазаны алып тұр»

 Жазылған жайдың жаңғырығы 

 Газетіміздің өткен №54 санында «Маса мазаны алып тұр, оны жою үшін не істеуге болады?» атты проблемалық мақала жарық көрген болатын. Бұл мәселе оқырмандар тарапынан қызу талқыға түсті. Мұны біз газеттің электронды поштасына келіп түскен хаттар мен ресми сайтында жарияланған пікірлерден көрдік. Назарларыңызға солардың бір тобын ұсынып отырмыз.

Нәтиже жаман емес

– Сонау 1966 жылдан бері қарай мұнай бұрғылаумен айналысып, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосып келемін. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері осы Атырау қаласында тұрамын. Масаның кесірінен түнді айтпағанда, күндіз де тамақтана алмайтын кездер болды ғой. Өзім бұрғышы болғандықтан, көп уақытым далада өтеді. Ондайда масаның қатарына сона да қосылып жатады. Сол жағдаймен салыстырғанда, қазіргі «шүкір» деп айтуға болады. Себебі, маса уақытында уланып отырады. Иә, былтырғыдай емес, биыл бұл жұмыстар кешеуілдеп қолға алынғаны рас. Бірақ, соған қарамастан өз нәтижесін беріп жатыр.

Замрат ШАМАРОВ,

Геолог елді мекенінің тұрғыны.

Масалар да уға үйренген

– Қыс пен көктемде жауған толассыз жаңбырдан су-тоғандар көбейді. Міне, екі ай бойы осы лас су көздерін залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесі жаман емес. Қазір екі ауысымда жұмыс жасаймыз. Бұл жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайды, күздің соңына дейін жалғасады. Маса неліктен көбейіп кетті? Себебі, ол химияға әбден бой үйретіп алған. Улы түтін жан-жақтан келіп қысқанда, тығыларға тесік таба алмаған жәндік амалсыз гендік өзгеріске ұшыраған. Нұсқауға сәйкес, біз барлық шараларды қолданамыз. Егер мөлшерден артық уласақ, онда адамның денсаулығына зиян келеді. Қыс пен көктемде жауған жаңбыр салдарынан пайда болған ылғалдылық та өз әсерін тигізуде. Қазір масаның үлесі 19-22 пайыз аралығында. Қала орталығында 1-2 пайыз ғана.

Айнагүл ДӘУЛЕТЬЯРОВА,

«AG Disinfection Servises» ЖШС биолог-энтомологы.

Сонаны қалай жоямыз?

– Дамба елді мекеніне қаладан көшіп келгенімізге бірнеше жыл болды. Әуел баста масаның көптігінен үйден шыға алмаушы едік. Балаларымыз кешкі мезгілде далада ойнай алмайтын. Қазір қансорғыштар сәл де болса азайды. Бірақ, есесіне сона көбейді. Әрине, зиянкес жәндікті түбегейлі жою мүмкін емес. Әйтсе де, оған қарсы күресті тоқтатпаған жөн.

Тілектес ИМАНҒАЛИЕВА,

Дамба елді мекенінің тұрғыны.

Алғабасқа қашан келесіздер?

– «Маса жоқ» дегендер Алғабас елді мекеніне келсе екен. Олар онда өте көп. Маса улаушылар бір сәт қаланы былай қойып, шалғай аумақтарға да барса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тұрсынай БИСЕНҒАЛИЕВА,

Алғабас елді мекені.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз