Жарнама
Жаңалықтар

Ата Заң елдігіміздің алтын діңгегі

Бүгін Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай «Ата Заң – алтын діңгегім» атты зияткерлік сайыс өтті. Шараға Атырау облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері қатысып, құқық пен әділеттің қадірін дәріптеген ойлы бәсекеге түсті.


Кітапхана басшысы Сара Ізмұханбетова қатысушыларды мерекемен құттықтап, Конституцияның ел тәуелсіздігін нығайтып, қоғам бірлігін бекемдеудегі тарихи маңызына тоқталды.
– Ата Заң біздің мемлекетіміздің берік іргетасы. Әрбір адам өз құқықтары мен міндеттерін білу арқылы қоғамның дамуына үлес қосады. Конституция баршамызды ортақ құндылықтарға жұмылдыратын басты құжат. Сол себепті оны құрметтеу елін сүйген әрбір жанның парызы, — деген басшы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Зияткерлік сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Тікелей сұрақ» бөлімінде полиция қызметкерлері заң мен құқық тақырыбындағы сұрақтарға жауап берсе, «Тіл өнер» кезеңінде мақал-мәтелдерді толықтырып, сөздің мәйегін тапты. «Ойлан тап» және «Сөзжұмбақ» кезеңдері қатысушылардың білімін де, тапқырлығын да сынға салды.
Ойын қорытындысы бойынша «Қыран» тобы I орынды иеленсе, нәзікжандылардан құралған «Полиция арулары» II орынды еншіледі.
Сайысқа қатысушылар да өз әсерлерімен бөлісті.
– Бүгінгі шара біз үшін тек білім сайысы ғана емес, рухани серпіліс болды. Конституцияны құрметтеу, құқықты білу әрбір полиция қызметкерінің басты міндеті. Мұндай байқаулар кәсіби тұрғыда да ойымызды кеңейтіп, ортақ құндылықтарға деген жауапкершілікті арттырады, — деген ортақ пікір білдірді олар.
Шарада кітапханашылар қонақтарды Конституция тарихымен таныстырып, тәуелсіздік жылдарында қабылданған негізгі құқықтық құжаттардың мәніне тоқталды. Сондай-ақ, құқық саласына қатысты арнайы кітап көрмесі ұсынылып, рухани байытуға бағытталған тың деректермен бөлісті.
Бұл шара Ата Заңды ардақтап, құқықтық мәдениетті насихаттаудың айқын көрінісі болды. Қызметтік борышын атқара жүріп, ел қорғаған полицейлердің де заңға деген құрметін арттыруға бағытталған мұндай игі бастаманың тәрбиелік маңызы зор.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button