АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУ

материалдық тұрғыдан мықты болғанда ғана жүзеге аспақ

Кеше Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры алдындағы алаңда жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөлімшелеріне ерекше сый жасалды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов оларға 18 өрт сөндіру және авариялық құтқару көлігін салтанатты түрде табыс етті.

 

Апат айтып келмейді. Оны ауыздықтауға дайын болу сондықтан маңызды. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің құрылым бөлімшелеріне жаңа техникалар осы мақсатта беріліп отыр. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдымен қатарласа қойылған арнайы көліктерді қарап, танысып шықты. Оның ішінде жеңілінен бастап, өрт сөндіретін, жол талғамайтын алып көлікке дейін бар. Үш дөңгелекті «Трэкол» – соның бірі. Құтқарушылардың айтуынша, алып техниканың мүмкіндігі шынымен зор. Ол қалың қардан да, шылқыған балшық, терең судан да қиналмай өтеді. Бүкіл жүйесі УАЗ-дың технологиясы болғандықтан, қажетті кезінде оны жөндеу қиындық туғызбайды. Өйткені, бөлшектерінің бәрі ресейлік зауыттан алынады, әрі арзан. Шанағы шыны пластиктен жасалғандықтан жылу өткізгіштігі төмен, қатты салқында да, төбені тесер ыстықта да іште отырғандар өздерін жайлы сезінбек. Үш «джиптің» құнындай тұратын техника енді мұнайлы өңірдің қажетіне жарамақшы.

– Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауында «ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың заманы. Сондықтан, күштік құрылымдар заманауи құрал-жабдық, техникалармен толықтырылуы тиіс» деген болатын, – деді облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.

– Осынау міндетті жүзеге асыру мақсатында бүгінде төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің құрылым бөлімшелеріне қажетті техникалар алынып отыр. Ол өрт, су тасқыны, көлік апаты секілді жағдайларда қолданылады. Біз табиғаттың тосын мінезіне дайын болуымыз, ең алдымен, адамдарымызды, қоғам мүлкін аман сақтап қалуға күш салуымыз қажет. Сындарлы сәтте арнайы техникалардың көмегі зор болатындығы анық. Болашақта да Атырау облысы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермекші.

Аймақ басшысы бұдан соң өрт сөндіру бөлімдерінің жауапты өкілдеріне көліктердің кілттерін салтанатты түрде табыстады. Алдымен, қызыл жалынды көбіктің көмегімен сөндіретін техника №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне берілді. Сонымен қатар, газ түтінінен қорғау, жедел әрекет ету, өрт себептерін зерттеу зертханасының, басқа да құрылымдардың көліктері иесін тапты. Байқағанымыз, аудандардың барлығы да тиісті техникамен қамтылды.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау мақсатында облыста кешенді шаралар жүзеге асуда. Бүгінгі шара соның бірі десе болады. Жергілікті бюджеттен қажетті қаражаттың бөлінуі арқасында осы заманғы көліктер алынды, қажеттіліктеріміз қамтылып келеді. Бұл өз кезегінде, қауіпсіздігіміз үшін керекті шаруалар, – деді Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Болатбек Омаров.

Салтанатты рәсімнен соң арнайы техникалар қызмет орындарына аттанып кетті.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз