Асудан асуға!
Республикалық дәрежедегі зейнеткер болған, Жаңаөзен қаласы мен Жылыой ауданының Құрметті азаматы, Атырау және Маңғыстау облыстарында, бүтіндей республикада мұнай өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұнайшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рахмет Өтесінов туралы халқымыз жақсы біледі.
Өтесіновтерді мұнайшылар әулеті деп те орынды атайды. Мысалы, оның әкесі Өтесін Жайлыбаев Доссор кенішінде қырық жыл еңбек еткен, «Ленин», «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған. Әке жолын Рахаң лайықты жалғастырса, оның балалары Әбдірхан, Қыдырхан, немерелері Есет, Ерден, Алуа, Әділет, Әнуар осы мамандықты келешекке абыроймен алып барады.
Ол 1927 жылы Қызылқоға ауданының, Қарабау ауылында дүниеге келіп, И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын қазақтар арасында тұңғыш бітіргендердің бірі болды. Рахаң оқу бітірген соң Мақат, Комсомол, Қошқар мұнай кәсіпшілігінде цех басшысы, бас инженер, облыстық, аудандық, өлкелік партия комитеттерінде бөлім меңгерушісі, «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тіресінде, «Өзенмұнай» газ кәсіпшілігінде басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
Рахмет Өтесінов өмірінде қиын жағдайлар да болды. Ол жұмыс бабында жүріп 42 жасында көлік апатына ұшырап, бірінші топтағы мүгедек болып қалды. Бірақ, еңбекте шыңдалған кәнігі мұнайшы оған мойыған жоқ. Естелік жазуға ден қойып, өмірінің соңғы 42 жылында 11 кітапты жарыққа шығарды. Сөйтіп, Жазушылар одағына мүше болды. Оның «Өзен тынысы», «Айтылмаған ән», «Даладағы шырақ», «Маңғыстау – мың жолдың торабы», «Құмшағыл», «Бұлтты күндер», «Теңіз түбіндегі маржандар», «Жолдар мен адамдар» атты кітаптары көпшіліктің сүйікті шығармасына айналды.
Ол елге сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, Республиканың, КСРО-ның құрметті мұнайшысы атанды.
Біз мұнайшылар мерекесі қарсаңында көрнекті ақын Темірхан Медетбектің Рахмет Өтесінов туралы 1974 жылы жазған «Асудан – асуға!» атты очеркінен үзіндіні оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Соңғы бесжылдықта Қазақстан картасында пайда болған он алты қаланың бірі–Жаңаөзен қаласы. Әлі аяғынан қаз тұрмай жатып оның есімі съезд мінбелерінде әңгіме болды. Съезд директиваларына енді. Осы бір әзірше шағын қаланың астына дүниежүзіндегі атышулы мұнай алқаптарымен қатар айтылатын мұнай қоры жатыр.
Оны іздеп тауып, жарыққа шығаруға қаншама күш жұмсалып, қаншама тер төгілгенін айту, әрине, мүмкін емес. Жетібай фонтаны аспанға атқылағаннан кейін-ақ түбекті түбегейлі одан әрі зерттеуге жұрт болып жұмылып кетті. Табиғаттың бермесі үшін ол кездегі күрес әзір ауызға аңыз боп ілінеді. Осы бір ұлы дүбір ұлағатты істің басы-қасында болған азаматтардың бірі, республикаға еңбегі сіңген мұнайшы–Рахмет Өтесінов.
«Әке көрген – оқ жанар» деген сөз сонау бір келмеске кеткен жаугершілік заманда туса да, астарын аңдап қараған адамға бүгін де құнын түсіре қоймаған. Оның арғы астарында әке ізін айқындап, әке жүріп өткен жолды әрі қарай жалғастыратын, әке арманын мұратқа жеткізер зерделі перзентке деген ыстық ықыласпен бірге, балталасаң да шабылмас берік сенім жатыр.
Ел басына күн тудырған қан майданның қатерлі шақтарында, мектепте оқып жүрген күндерінде-ақ Рахмет Доссордың маңдайалды мұнайшыларының бірінен саналатын әкесі сияқты мұнайшы болуды арман тұтқан-ды. Ол арманның қашан басында ұялап, ол арманға қашан, қай кезде қол созғаны есінде жоқ. Оны ол есіме түсірем деп бас қатырып әуреленген де емес. Әйтеуір Рахметті сол бір күрделі де қиын жұмыс құшағын ашып, бауырына тартатын да тұратын. Ол мақсаттан бас тарту шынашақтай сол бір қара бала үшін қылмыспен бірдей еді.
Ертеден қара кешке дейін аптап пен аяздың, жауын-шашынның астында болып, майшам жағып отыратын қаракөлеңкелеу үйге мұнай иісін аңқытып кіріп келген әке алдынан оның жүгіріп шықпаған күні жоқ та шығар. Кішкентай кезінде оны әкенің күс-күс ауыр алақаны маңдайдан бір сипап, жерден көтеріп алып бауырына қысатын. Кейінірек есейе бастағанда да ол әкенің шешініп үйге кіруін күтіп тұрған емес. Әдеттегідей алдынан шығып, елі болып жабысқан сор батпақты керзі етікті шешуіне көмектесіп, суға малшынған киімдерін пешке жайып кептіретін-ді. Әке алдына құрақ ұшып қызмет көрсету ол үшін үлкен мақтаныш еді. Мақтаныш болмағанда ше? Өйткені, оның әкесі тұтас бір елдің, бүкіл Доссор мұнай кәсіпшілігінің мақтанышы. «Ленин», «Еңбек, Қызыл Ту» ордендерінің кавалері. Үлкен бедел иесі.
Мектеп бітіргеннен кейін Рахмет еңбекке бірден-ақ араласқысы келді. Жұмыс істеп жүріп-ақ оқырмын деп ойлады. Оқу ешқайда қашпас. Соғыс аяқталғанмен, оның ауыртпалығы әлі де ел арқасынан түсе қойған жоқ-ты. Осындай қысылтаяң ауыр шақта «мен оқитын едім» деп артқа қарайламай аттанып кетуді ол өзіне ұят көрді. Бір үзім нанды да үнемдеп, карточкамен бөліп беріп отырған ауыр шақ. Ол өз ойын Өтесін қартқа айтты. Не нәрсеге де талап қойғыш әке, ақ көңіл қарт бұл пікірді қуана қарсы алар деп ойлады ол. Бірақ, бұл жолы олай болмай шықты. Баласының бетіне бажайлап қарап алған ол асықпай сөз бастады.
Әдетте әңгімешіл қарт тіке шешімді қажет ететін мәселеге келгенде ұзақ сонарға сап шұбыртпай, шұғыл қайыратын. Бұл жолы да солай болды. «Жоқ, қарағым, — деді ол, – жұмыс қолының қысқалығы рас. Ел болып көтеріп кетсек, не нәрсенің де қиындығы жоқ. Әңгіме – бүгінде емес, ертеңді ойлауда. Әзір бізде арнайы білімі бар маман кадрлар жоқ. Ал, болашақ солардың қолында. Бүгінгі еңбегіміз ертеңге өлшем емес. Бүгінгі техника ертеңгі күннің талабына жауап бере алмайды. Сен алдымен соны ойла! Олай болса сен оқуға бар». Әке өз сөзін осылай түйіндеп еді.
Рахмет алыс сапарға аттанды. Сол бір әке сөзі әлі күнге дейін құлағында. Көреген көз, зерделі көкіректен шыққан сол бір салиқалы сөз – оның өмірінің алғысөзіндей еді. Көзге қораш, жұтаңдау жұпыны киіммен шыққан алғашқы сапары да, алғашқы қиыншылықтар мен кедергілер де оның әлі күнге дейін көз алдында. Әлдекімдердей әкімдік үшін, жылы бөлме мен кресло үшін емес, әкенің, одан қала берді өзінің, яғни екі бірдей арман мен мақсатты орындау үшін күрескен жылдар еді ол. Рахмет сол жылдардағы оқуды шын мәніндегі күрес деп ұғады. Астананың әрбір көшесі мен әрбір бұрылысында, әрбір үйі, әрбір пәтерінде ауыр қаһарлы жылдардың салмағы жатты. Көшедегі қарсы кездесетін әрбір адамның жүзінде қайғы мен мұң, шаршау мен шалдығу бар болатын. Әңгіме де қысқа қайырылып, тез аяқталатын. Ешкімнен де марғаулық, шабандық сезілмейді. Әркімнің бойында асығыстық, белді бекем буған нық сенім табы бар. Рахмет бес жыл бойы қиыншылықты кешіп жүріп оқыды.
Елге қайтып оралғаннан кейін бел шешіп еңбекке араласып, Еңбек атты ұлы имраттың ыстық-суығына бірдей күйіп, шыңдалып, шынықты. Партия мүшелігіне қабылданды. Біраз жыл партиялық қызмет атқарды.
Ол жылдары Маңғыстауды игеру барған сайын күш ала бастап еді. Маңғыстауға кім барам десе де оның жолын ешкім кеспейтін, қайта ондай өтінішті қуана қабылдап, өтініш иесін қуана жолға шығарып салатын. Амал не, Рахмет дегенде қырсықтың жүгі қыңыр келді де тұрды. Үлкен басшылардың алдына өтініш айтып қаншама кірсе де, оны босата қоймады. Таудай талаптың асау арғымақтай алып қашып тұрған басы талай рет талай есіктен төменшіктеп, салбырап шықты. Бірақ, ол қажып, қайтқан жоқ. Өйткені, талай көктемнің келте тасқынындай лып етпе сезім, лып етпе қызулықтан құрылған жоқ. Талап шын мүддеден, шынайы көзқарастан туған болатын. Сондықтан, оның діттеген жерге жететініне сенімі мол еді.
Ол кезде Маңғыстау мұнайы ашылмаса да, еңбектің екпінді майданы-тын. Қиян бір түкпірде жатқан түбекке қиындықтан қорықпайтын қайсар адамдар ғана баратын еді. Үкімет осы бір табиғаты сұрқай қуаң даланың болашағына сенді. Ленинград, Мәскеу қалаларынан арнайы экспедициялар шығып, түбектің сортаң алқапты, құмды белестерін зерттей бастады.
Көп сарсаң, көп сабылыстан кейін, сағындырып барып алғашқы фонтан атқылап тұрды. Жеті қат жер төсін идіріп шыққан алғашқы фонтан даусы Маңғыстау есімін бұрынғыдан да асқақтатып биіктетіп әкетті.
Рахметті дәл осы кезде өлкелік партия комитеті Маңғыстауға қызметке жіберді. Еңбекке етене араласып, қиындықпен күрестің не екенін біліп қалған жалынды жас жігіт салған жерден алғырлық көрсетті. Орталықтан алыс бір қиян түкпірде жатқан Рахмет қызметке келген мекеме шаруашылығының жұмысы тым төмен дәрежеде екен. Тұрақты бақылаудан тыс қалған мекеме басшыларының қимылы мен талабы тым босбелбеу көрінді. Оларды ширатып, тың жігермен жұмысқа жұмылдыру үшін Рахметке көп еңбек сіңіруге тура келді. Көп ұзамай-ақ тек мұнайлы қабат алқабы қырық шақырым жерді алып жатқан Өзен өз есімін паш етті…
1964 жыл. Бұрынғы мидай жазықтың, қазіргі самаладай жарқыраған Жаңаөзен қаласының орнына алғаш қазық қаққандардың бірі Рахмет Өтесінов сол жылы Өзен мұнай өндіру басқармасының бастығы болып тағайындалды. Нағыз қиыншылық енді басталды. Бәрін де басынан қайта бастау керек. Маман кадрлар алып келу, баспана салу, ол үшін құрылысшылар іздестіру, жұртшылықты сумен, азық-түлікпен көлікпен қамтамасыз ету, мұның бәрі, әрине, қыруар күш, қыруар қаражат, қыруар жігерді қажет етеді. Түн ұйқыңды төрт бөліп, қаншама бас қатырып, табаныңнан тозуың керек. Қат-қабат күнделікті жұмыстарды былай қойғанда, әрбір таң үлкен проблеманы алдыңа тартады. Ол проблемалардың әрқайсысы жазсаң бір папкаға жүк болатын үлкен мәселелер. Бірақ, олардың көбісін шұғыл шара қолданып іске асыруың керек. Онсыз уақыт ұтпайсың. Қағазға қадалып отырып алдым дегенше, қаншама шаруа бауырын көтермей қара тастай жатып алды дей бер. Бәрінің де басы-қасында өзің болуың керек. Айналадағы әрбір адамның кеңесін, пікірін жинастырып олардың басын біріктіріп кеудеңде қорытып барып шешім қабылдамасаң, ертең тірсегіңнен қағып, адымыңды аштырмайтын қателікке ұрынуың кәдік. Онсыз да қол күші жетпей жатқан аласапыран кезде қалт еткен қателігіңе қарайлап мимыртық таныту – төзгісіз жағдай. Бірақ, қате жібермейтін, бір рет кесейін деп өлшеп жатуға уақыт та бар. Уақыт! Уақыт! Қарға адым жер аттасаң да уақыт тапшылығы сұмдық сезілетін.
Бірте-бірте көшпелі вагондарды барак үйлер ығыстырып шығара бастады. Вагон палаткалардың орнында шағын поселке бой көтерді. Алғашқы қиыншылық асуы алынғандай да еді. Енді ең басты міндет–мұнай өндіру. Рахметтің өзі түу Ембіге барып, 10 операторды алып қайтты. Олардың ішінде кеше ғана Социалистік Еңбек Ері атанған Смағұл Жалғасбаев, кәнігі мұнайшылар Атырау Ығылманов, Омар Бисалиев, Кемелхан Нұрмахановтар бар еді. Олар үгіт-насихатты көп керек еткен жоқ. Атағы аспандай асқақ естіліп жатқан Маңғыстау мұнайын өндіруге әрбір мұнайшы құштар-тын. Сол Маңғыстауға анау-мынау емес, дыңдай басқарманың бастығын жіберіп отырғанда қол қусырып кім қарап отырмақшы?! Бәрі де көп аялдамай аз күннің ішінде буынып-түйініп Рахметтің соңынан ерді.
Кәнігі мұнайшыларға қолы жетіп, көңілді бір демдегендей болған Рахмет Өтесінов тағы да бір тығырыққа тірелді. Өзен мұнайының 25 пайызы парафинді. Парафин – аса пайдалы химиялық шикізат болғанмен, оны тасымалдау күрделі процесс. Забойдан 60 градус болып көтерілетін оның қызулығы 50 градусқа төмендесе болды, құбыр қабырғаларына жабыса бастайды. Ал, отыз екі градус ыстықта ол қатады. Соның кесірінен барып лифт құбырлар істен шығады. Пайдалануға берілген скважина бір айдан кейін-ақ өнімділігін төмендетеді. Сондықтан, забойдан бастап мұнай айдайтын насосқа дейін құбырларды тазалап тұру керек. Ал, құбырлардың ішін жылтыр эмальмен қаптау, керекті ұңғымалардың мұнайын жинайтын және сол жерден газ айырып, жол-жөнекей қыздырып, әрі қарай орталық резервуарлар паркіне айдайтын қондырғылар орнату, сол қондырғылардан орталық мұнай сақтау орнына дейінгі жинақтау коллекторын орталық паркке әрқайсысы бес мың текше метрлік резервуарлар қойғызу, олардың мұнайын теміржолға дейін айдайтын орындар ашу – ол кездегі бірінен соң бірі қат-қабат келіп жатқан жұмыстардың ең негізгілері осы еді.
Рахмет осы жұмыстардың бәрінің де басы-қасында болды. Жұмыс бағытына нұсқау берді, бағдар көрсетті, кемшіліктерін талдап, ашып көрсетті, керек жерлерінде қатаң талап етті.
Көп ұзамай-ақ ұңғымалар бірінен соң бірі іске қосыла бастады. Жеті қат жер астынан шыққан Өзеннің қоймалжың қара мұнайы қомақты құбыр бойын аралап, сылқ-сылқ күліп ағып жатты.
Бәрі де бір қалыпқа түсіп келе жатқанда осы бір тосын жағдай аяқ астынан бас көтерді. Алда әлі де құлшынып істер қыруар жұмыс тұрғанда қайдағы-жайдағыны тауып алып, алдына көлденең тартқанына іштей ренішті еді. Сол мәселені қозғап, қайта-қайта көтеріп анау-мынау емес, бірлестіктің бас инженерінің алдына қаншама рет кіріп, ол ұсыныстың Өзен мұнайын өндіруге жарамсыз екенін бұлтартпас фактілермен дәлелдеп шықты. Сонда да құлақ асар емес. Мұндайды қалайда осы бір жарамсыз әдісімен өндіру керек деп бет бақтырмады.
Олардың ойынша 3-4 скважинаны орталықтандырып, сол арқылы қондырғыларды, құбырларды үнемдемек. Сырт қараған адамға құлаққа жағымды-ақ пікір. Бірақ, ол Өзен мұнайын өндіруге келмейді. Өйткені, онсыз да забойдағы қысым күші аз, сонымен бірге парафинді мұнай құбыр бойын қуалап, ұзақ «жолаушылауға» болмайды. 32 градус ыстықта қатып жататын құбыр бойларын «тығын» боп, бітеп тастары сөзсіз. Міне, қиындық сонда туады. Амалсыз өз қолыңмен жасағаныңды өз қолыңмен қайта бұзасың. Апталар, айлар бойы бір тамшыда мұнай бермей тұрып қалмасына кім кепіл. «Артық етем деп тыртық ету» деген сонда болады. Он мың сом қаржы үнемдеймін деп жүз мың сом қаржыны желге ұшырудың қажеті не?
Рахмет осы мәселе төңірегінде мазасыз телефон шылдырын былай қойғанның өзінде, аптасына әлденеше рет Шевченкоға келіп кететін. Әрине, басшылардың өздері талай айтып отырғанда бәріне бір-ақ қол сілтеп, көне салуға болар еді. Оның арты неге соқтыратынын біле тұра қол қоюға дәті де, ар-ожданы да жібермеді.
Бұл мәселе төңірегіндегі тартыс КСРО Мұнай министрлігіне дейін жетті. Ол кездерде Маңғыстау десе жоғары орындардың құлағы түрік отыратын. Көп ұзамай-ақ КСРО Мұнай министрінің бірінші орынбасары Сәбит Атайұлы Оруджевтің өзі келді. Сол кісінің қатысуымен осы бір принципті мәселені талқылаған қызу айтыс болды. Әркім өз ойын бүгіп қалмай, ортаға ақтарып салды. Үлкен дайындықпен келген Рахмет бұлтартпас дәлелдерді алға тартып, комиссия құрып тексеруді өтінді.
С.Оруджевтің өзі бас болып тексерілген бұл мәселе Рахметтің пайдасына шешілді. Сөйтіп, ол мұнай өндіру басқармасын үлкен бір қателіктен арашалап қалды. Ол осы бір сын сағатта принципшілдікті, жұмысқа жанашырлығын көрсете білді.
Ежелден жалтақтыққа жаны қас еді. Айтарын артқа бүгіп, қай бастық айтса да бас шұлғып кете беру оған жат нәрсе көрінетін. Егер қандай да бір пікір көлеңке түсіріп, көңілге қонбай жатса, оған тұла бойымен қарсы тұруды өзінің азаматтық борышы санайды. Рахметтің принципшілдігіне риза болған министрдің орынбасарының оның қолын алып, арнайы алғыс айтуы тегін болмаса керек.
Жаңадан ғана ірге көтеріп, уық-керегесін енді жайып, қадап жатқан шаруашылықтан ешкім де жұмыстан басқа ештеңе талап еткен жоқ. Онсыз да екі қолды төрт қыла алмай жүргенде кім келіп мәдени-тұрмыстық жағдайыңды көтер деп әңгіме қозғасын?! Бірақ, оған Рахмет көніп отыра алмады. Құла түз, ми қайнатар ыстықтың астында жүріп жұмыс істеп жатқан адамдардың мәдени-тұрмыстық жағдайына аз да болса көңіл аударып тұру да келелі бір міндеттердің бірі. Ал, ол үшін де жоғары жақтан нұсқау күтіп отыру, көре-тұра көрмегенсіп, өз жөніне кету шаруашылық басшысына жараспайды-ақ.
Маңғыстаудың жер-дүниені қуырған аптапты шақтарында Рахметті іздеп бір кісі келді. Рахмет ол кісіні жыға танымаса да, жүзін шырамытты. Аз-кем амандық-саулықтан кейін өзін таныстырды. Егер жағдай жасап көмектесетін болса, лимонад жасайтын комбинат салып беретіндігін айтты.
Бақса, Шалва Ильич Исергешвили Рахметті Ақтөбеден білетін болып шықты. Оның бұл жерге Рахметті арнайы іздеп келген беті екен. Рахметтің көктен іздегені жерден табылды. Әр жерден қарастырып, қағып жүріп қол күшін, техника тауып берді. Қаражат болды. Шамалы мерзім ішінде комбинат іске қосылды. Енді жұртшылық сонау Сауысқаннан әкелінетін жылымшы судың орнына, аңызақ пен аптаптың дәл ортасында отырып-ақ салқын лимонад ішетін болды. Сүт өнімдерін жасайтын комбинат та сол кездерде дүниеге келіп еді.
Азды-кем болса да жұмысшыларға осындай жағдай жасау кадрларды тұрақтандыруға көп септігін тигізді. Олардың жұмысқа деген жауапкершілігі де арта түсті. Өйткені, осындай құла түз, құла мекенде аялы алақан, қамқор құшақты сезіну кім-кімнің болса да жігерін тасытары сөзсіз.
Әрине, әлгі жұмыстардың бәріне қаражат бөлу арнайы қорда қаралмаған. Ал, арнайы қорды бөлуді күтсең, үш жылға дейін ауызды қу шөппен сүртіп отыру керек. Сондықтан, бұл жерде мәселені іскерлікпен шеше білу керек.
Міне, енді жас қаланың алғашқы көп қатарлы үйлері аспанмен таласып бой көтере бастады. Бұл үйлер қазіргі заманғы архитектураның соңғы жетістігімен салынса да, айдалада сорайып-сорайып, тым жұтаң, сұрқай көрінетін. Көкөріс талсыз қаншама көркем болса да үйдің сәні кіруші ме еді.
Рахмет көп ойланып жатпай-ақ, көне Өзеннен бұрынғы агроном Ниязбай Төлегеновті шақыртты. Ол Рахметтің ұсынысын қуана қарсы алды. Аз күннің ішінде айналасына алпыс әйелді топтастырды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Қазіргі жайқалып өсіп тұрған жиде, қара талдар сол бір еңбектің куәсіндей.
Айтып тізе берсең, Рахмет Өтесіновтің мұнайлы Өзен алқабына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Ол бұдан төрт жыл бұрын кездейсоқ жағдайға ұшырап, денсаулығына байланысты өндірістен қол үзді. Бірақ, қарап отырған жоқ. Ел оның еңбегін жоғары бағалап, омырауына «Еңбек Қызыл ту» орденін тақты. Қазір ол ғылыми еңбекпен шұғылдануда.
Көргені мен көңілге түйгені көп Рахмет жақында ғана Маңғыстау даласын игеруге қатысқан адамдар жайлы қиыншылықтар жөнінде «Алынған асу» атты екінші кітабын жазып бітірді. Ол енді біздің қатарымызда бір сапта жаңа асуға – асудан асуға көтеріліп барады.
Темірхан Медетбек,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері