Іскерлік қатынастар қарқын алмақ

  Кеше Атырауға іскерлік және мәдени байланыстарды нығайту мақсатында келген көршілес Батыс Қазақстан облысының делегациясы еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынып, пайдаланылуға берілген кәсіпорынды аралады.

   Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған құрамында облыс әкімінің орынбасарлары, бірқатар аудан әкімдері, салалық басқармалар мен департамент басшылары және бизнес өкілдері бар делегация өткен жылдың желтоқсанында іске қосылған «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-нің жүн өнімдері өндірісінің жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев оралдық меймандарға Атыраудағы бұл фабриканың еліміздің батыс өңірінде жүн өнімдерінің алғашқы өндірісі – түйе және қой жүнін бастапқы өңдеуден дайын тоқыма өнімдеріне дейін жеткізетін бірегей жоба екендігін және ішкі нарық қажеттілігін өтейтін өнімдердің сапасы өте жоғары болатындығын айтты. Фабрика директоры Назгүл Есмаханованың айтуынша, жүннен тоқылған бұйымдар табиғи таза, жайлы және жеңіл. Өндіріс мал жүнін кәдеге жаратып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартады. Фабрикада жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүнін өңдеу мүмкіндігі бар. Өндірілген жүннен 400 мың метр дайын өнім шығарылатын болады. Фабриканың екінші кезегі іске қосылғанда мұнда жылы жамылғылар да шығарылады. Біртіндеп, жейде және басқа да жеңіл киімдер өндірісі жолға қойылады. Батысқазақстандық әкім Алтай Сейдірұлы бастаған қонақтар мұндағы мал жүнін жуып-тазалап, кептіру, бастапқы өңдеу, жіп иіріп, одан тоқыма бұйымдарын өндіруге арналған цехтарды аралап, Италия елінен әкелінген қондырғы, құрал-жабдықтардың жұмыс үрдісімен танысты. Қазір жүн өңдеу фабрикасына Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан жүн өнімдері жеткізілуде. Шынында да, соңғы кезде елімізде бұл сала өте кенжелеп қалып, малшылар қой мен түйе жүндерін өткізетін жер таба алмай қиналып еді. Қазір фабриканың жеке қожалықтардан жүн өнімдерін сатып ала бастауы осынау түйткілді мәселенің оң шешілуіне септігін тигізіп отыр. – Сіздердегі бұл фабриканың елімізде жүн шикізатын өңдеудегі орны ерекше болғалы тұр екен. Біздің шаруагерлеріміз сіздерге өнімдерін тапсырады. Ал, біз өз кезегінде атыраулық малшылардан мал терілерін қабылдап, оны өңдеуге дайынбыз. Екі жаққа да тиімді іскерлік байланысты осылай жалғастыруға болады, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов фабриканы аралау барысында.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз