Қашағаннан – екі миллион тонна!
Бұл туралы Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясының өкілі жария етті.
Бұған дейін хабарланғанындай, Қашағанның бір миллион тонналық өнімі биылғы 8 қаңтарда алынған-ды. Жалпы, өткен жылғы күзде теңіздегі жасанды аралдардан Батыс Ескене мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына тартылған ұзындығы екі жүз шақырымдық қос құбыр ауыстырылып, Каспий теңізіндегі ұңғымалардан мұнай алу қалпына келтірілген еді. Міне, содан бері мұнда жұмыс жүйеленіп, тәулігіне 180 мың баррель өнім өндіріліп келеді.
Қашаған кенішінің іске қосылуы Қазақстанның мұнай-газ саласын жаңа биікке көтеріп, тұтас экономиканың қарыштап дамуына игі септігін тигізеді. Қазір әлемдік нарықта көмірсутегі шикізатының бағасы төмендеп тұрғанымен, түбі оған сұраныс артады. Бүгінде айдын төсінен алынған мұнай бұрынғы келісімдерге сәйкес Каспий тұрба құбырлары консорциумы желісімен Қара теңізге жол тартуда. Сол жердегі портты қала Новороссийскіде кемелерге тиеліп, жер шарына тарамақшы. Сонымен қатар, Атырау-Самара құбырымен Ресейге, Атырау-Алашаңқай арқылы Қытайға тасымалданады. Еліміз тікелей дүниежүзілік мұхиттармен шектеспегенімен, осындай инфрақұрылым нәтижесінде өнімімізді әлемге шығарады.
Тағы бір жағымды жаңалық – теңіздегі Қаламқас және Хазар кеніштерінің қолға алынуы. Олардың қоры – 67 млн. тонна мұнай мен 9 млрд. текше метр газ. Бүгінде айдын төсінде 40 шақты ұңғыма өнім беруге дайын. Елбасы Солтүстік Каспий жобасы туралы «Қашаған кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда әлемдік энергетика саласындағы ең елеулі оқиға болды» деген-ді. Кеніштің жалпы қоры 6,4 млрд. тоннаға бағаланып отыр. Қашағанды игеру шарықтау шегіне жеткенде өнім алу көлемі жылына 50-75 млн. тоннаға жетеді. Сонда Қазақстан әлемдегі мұнайы мол мемлекеттердің бастапқы бестігіне кіреді. Үстіміздегі жылы мұнда жеті миллион тонна «қара алтын» өндіру жоспарланған.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ