Того елі мен оның президенті жайлы не білеміз

togo eli Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Того Республикасының президенті Фор Эссозимна Гнассингбе Астанаға алғаш рет ресми сапармен келді. Осы орайда бұл елдің тарихына, президентіне қатысты ғаламтордағы деректерге көз жүгірткен едік.

Батыс Африкада орналасқан Тогоның ресми атауы – Тоголез Республикасы. Ел батысында Ганамен, шығысында Бенинмен, солтүстігінде Буркина-Фасомен шектеседі. Ал оңтүстігі Гвиней шығанағы жағалауының аздаған бөлігін алып жатыр. Дәл сол жерде мемлекет астанасы – Ломе қаласы орналасқан. Ресми тілі – француз тілі.

2020 жылғы мәліметтерде 8,6 млн тұрғыны бары айтылады. Жылдық өсімі – 27 пайыз. Ерлердің өмір сүру ұзақтығы 58, әйелдердікі – 62 жас. Сонымен қатар ерлерінің 75 пайызы, ал әйелдердің 47 пайызы сауатты. Халқының құрамына келер болсақ, шамамен 45 тайпа бар. Ең ірілері – эве және кабре тайпалары. Тұрғындарының 51 пайызы байырғы ғұрыпты ұстанса, 29 пайызы – христиандар, шамамен 20 пайызы – мұсылмандар.

Тогоның жер көлемі Қазақстанмен салыстырғанда шағын. Мәселен, еліміздің аумағы 2,724,900 шаршы шақырым болса, оңтүстіктен солтүстікке қарай 579 шақырымға созылып жатқан, енді жерлері 160 шақырымға жететін Тогоның аумағы 56 785 шаршы шақырым ғана. Ел аумағында алюминий, графит, темір, алтын, әктас, мәрмәр, фосфат, уран, хром сынды пайдалы қазбалар бар. Дегенмен аграрлық ел саналады. Жалпы ішкі өнімінің 47 пайызын дәл осы сала құрап отыр. Экспортқа мақта, кофе, какао, фосфат шығарады. 2017 жылғы деректерге сәйкес жалпы ішкі өнімі 4 767 млрд доллар болған.

ого конституциясы 1992 жылдың 27 қыркүйегінде референдум барысында қабылданған. Одан кейін 2002 және 2005 жылдары түзету енгізілген. Мемлекет басшысы – республика президенті. Ол дауыс беру арқылы 5 жылға сайланады.

Заң шығарушы органы – ұлттық жиналыс. Бір партиялы парламенті 81 депутаттан тұрады. Олар да жалпыхалықтық тікелей сайлау кезінде 5 жылға сайланады. Республика президентінің парламентті таратып жіберу құқығы бар.

Того елінің тарихына қатысты ежелгі деректер көмескі. Мемлекет атауының шығу төркініне қатысты да бірқатар жорамал бар. Олардың біріне сәйкес, того сөзі эве тілінде «мүйістің ар жағындағы жер» деген мағынаны білдіреді.

XV ғасырдың ортасында Африкаға табан тіреген португалдықтар құл саудасын жандандырған. Одан кейін Германияның, кейіннен Ұлыбритания мен Францияның қоластына өткен. 1956 жылдың 28 қазанында референдумнан кейін Того Франция құрамындағы автономды республика мәртебесін ресми түрде алады. Ал 1958 жылдың ақпанында Франция Тогоға республика мәртебесін береді. Бірақ қорғаныс, сыртқы байланыс және қаржы мәселелерін бақылауды өзінде қалдырды.

1960 жылдың 27 сәуірінде Того тәуелсіздігін жария етті. Ал бір жылдан кейін республика президентінің сайлауы өтіп, онда Силванус Олимпио халықтың 99 пайыз дауысын жинады.

1963 жылдың 13 қаңтарында елде әскери төңкеріс жасалып, Силванус Олимпио мерт болды. Осыдан кейін төтенше жағдай жарияланып, әскерилер билікті Николас Груницкий басқарған уақытша үкіметке берді. Сол жылдың мамырында Груницкий республика президенті болып сайланды.

4117c008 d6b9 4df3 92fa 0bd25c323815

Ал 1967 жылы, тағы да 13 қаңтарда қайтадан әскери төңкеріс болып, билікке Гнассингбе Эйадема келді. Ол елді өмірден озғанынша, яғни 2005 жылдың 5 ақпанына дейін 38 жыл басқарды. Эйадема қайтыс болғаннан кейін президент міндетін атқару ұлттық жиналыс төрағасы Фамбаре Уаттаре Натчабеге табысталуы тиіс еді. Алайда ол дәл сол уақытта Бенинде жүрген. Сондықтан әскерилер билікті Эйадеманың ұлы Фор Эссозимна Гнассингбеге табыстайды.

Фор Эссозимна Гнассингбеге 1964 жылы 6 маусымда дүниеге келген. Францияның Сорбонна университетінде қаржы менеджменті мамандығы бойынша білім алған. АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде білімін жетілдірген. Бірқатар халықаралық ұйымда тағлымдамадан өткен. 1998 жылы Тогоға оралған. 2002 жылдан ұлттық жиналыс мүшесі, ал 2003 жылдан телекоммуникация министрі қызметін атқарған. Әкесі өмірден озғаннан кейін билікке келген ол 4 мәрте президент лауазымына қайта сайланған. Соңғы сайлау 2020 жылы өтті. Сол саяси додада сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысын жинап, бірінші кезеңде-ақ кезекті айқын жеңіске жетеді.

Еске салсақ, Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы Того Республикасының Президенті Фор Эссозимна Гнассингбенің Астанаға алғашқы ресми сапарының мәні мен маңызы туралы айтты.

«Бүгінде бұл құрлықтың даму және экономикалық өсім әлеуеті зор екенін атап өткен жөн. ҚХР, Ресей, АҚШ, Еуропа Одағы және басқа да көптеген мемлекет пен аймақтық бірлестіктер осы континентпен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударады. Келесі жылы Қазақстан мен Того арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 10 жыл толады. Қазіргі таңда екі ел БҰҰ, ИЫҰ және Африка одағы сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде ықпалдастық орнатқан. Еліміз 2013 жылдан бастап аталған құрлықтың 54 мемлекетін біріктіретін Африка Одағында бақылаушы мәртебесіне ие болды.

Сауда-экономикалық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін мол әлеует бар. Былтыр Қазақстанның Африка мемлекеттерімен арадағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айдың ішінде өзара сауда-саттық 568 миллион долларға жетті. Қазақстан шикізат және шикізаттық емес тауар түрлері бойынша аталған құрлыққа экспорт көлемін ұлғайтуға дайын. Тау-кен индустриясы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, туризм, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар», – деді Берік Уәли.

Kazinform

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз