Жарнама
Жаңалықтар

Қаржы бар, қозғалыс баяу

Бизнес иелері жақсы біледі, биылдан бастап кәсіпкерлерге берілетін шағын несие көлемі 18 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Өз ісін жандандыруға асыққан шаруагерлер үшін бұл жағымды жаңалық болды. Өйткені, бұған дейін қайтарымды қаражат мөлшері 3 миллион теңгеден аспайтын. Осынау мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мұнайлы өңірде де бірнеше жоба жүзеге асып, нарыққа жол тартты. Жаңашыл бастамаларды «Бизнесмен» де қалыс қалдырған жоқ. Сонымен, жеңілдікпен ұсынылатын қаржы кімдерге беріледі? Оны алу жолдары қандай? Бұл жолы біз осы мәселені тереңірек зерделеп көруді ұйғардық.  

Қаржы бар, қозғалыс баяу

Жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасының  «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша шағын несие алушылардың 45 пайызы жеке ісін ашып, стартап жобасын кәдеге асырғанын атап айтты. Күні бүгінде ел көлеміндегі кәсіпкерлер тарапынан түскен бизнес-жобалардың 68 пайызы мал шаруашылығын, 6 пайызы қызмет көрсету саласын құрап отыр.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, микрокредиттер ауылдық елді мекендер, облыс орталықтарындағы кәсіп иелеріне арналған. Бағдарламаға қатысушының несие алуы үшін заңнамаға сәйкес оның салық органдарында тіркелуі міндеттеледі. Ол табысты бизнесті кеңейтіп, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен  жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру шартымен беріледі.

Шағын несие елді мекендерде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ-лары арқылы жүргізілетін кредиттік серіктестіктер арқылы ұсынылады. Ал, облыс орталығында екінші деңгейлі банктер, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жүзеге асырылады.

Қайтарымды қаражатты тұтынушылық мақсатқа, бұрынғы қарызды өтеуге,  жылжымайтын тұрғын үй, жер учаскелерін сатып алуға және акциздік өнім өндіруге аламын десеңіз, қателесесіз. Микронесие берудің өз тәртібі мен  талабы бар.

Қаржыны кері қайтару мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін 7 жылға дейін уақыт беріледі. Оның ең жоғары сомасы   8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (18 млн 152 мың теңге) жетеді.

«Аграрлық несиелік корпорация» АҚ Атырау облысы филиалының директоры Дамир Давлетьяровтың айтуынша, бағдарлама аясында 23 кәсіпкер шағын несие алуға ресми ұсыныс берген. Бүгінгі таңда бизнес иелерінің жоспарына эксперттік талдау жүргізілуде. Филиал басшысы көп реттерде кәсібін жаңадан бастаған жандарда кепілдік жайы туындайтынын атап өтті. Осынау мәселені шешуде «ҚазАгроКепіл» АҚ кепілдемесіне жүгінуге болады.

Ал, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалына  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты шеңберінде 352, 2 млн. теңге несие қаражаты бөлінді. Филиал директоры Гүлзада Шалағұловадан білгеніміз, бүгінде 63 кәсіпкерден жалпы сомасы 261, 2 млн. теңгеге несие алуға өтініштер қабылданды. Соңғы мәлімет бойынша 20 несие алушыға 75, 5 млн.  теңге несие берілген.

– Қор несие алушы меншігіндегі немесе өзге де кепіл берушілерден қаражатты қайтару мақсатында жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді кепілге алады. Соңғы жылдары бізде кепіл саясаты біраз оңтайландырылды. Қазірде кепілге алынатын жылжымайтын мүліктердің пайдалану мерзіміне қатысты шектеулер қойылмайды.

Кредиттер өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасында көрсетілген басымдыққа сәйкес іске асырылатын жобаларға тәртіппен беріледі. Қайтарымды қаржының 80%-ын басым қызмет түрлеріне сәйкес шағын несие беруге жібереді. Ал,  қалған 20%-ы басқа да салаларға ұсынылады, — деді бізбен әңгімесінде Гүлзада Айтжанқызы.

Шынын айту керек, аталған мемлекеттік бағдарлама ағымдағы жылы енгізіліп, несие қаражатын игеру енді ғана қолға алына бастады. Сондықтан да болар, облыс орталығында бұл бағытта атқарылған іс мардымсыз. «Бабын білсе, тасқа да гүл бітеді» демекші, жеңілдікпен берілетін шағын несиенің мүмкіндігін пайдаланғанның ұтылмасы анық. Сіз бұған не дейсіз, қадірлі оқырман?!

 Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button