Атырауға жұмыс сапарымен ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов келді

0065ad8f 9928 45ff a7ab 3a6595f27c48 1 Жаңалықтар

Еліміздің қай өңірі болмасын мәдениет пен спорт саласында шешімін таппай жатқан күрмеуі қиын мәселелерді бастан кешіріп отыр. Сондықтан да оны алға қарай дамыту мақсатында бірнеше жылға созылған тұжырымдамалар қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Соның бірі – спорт. Бұл орайда Қазақстанның әр аймағының өзіндік ерекшелігіне сәйкес 2025 жылға дейін 113 спорт кешені салынатын болады. Оның 22-сі Атырау облысына тиесілі. Мұның ішінде тек Атырау қаласы ғана емес, аудандар да бар. Бұл жөнінде Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңір журналистерінің қойған сауалына жауап берген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов  мәлім етті.   

Өңір журналистерімен өткізген брифингтен кейін Асхат Раздықұлы Нұрлан Балғынбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығында аймақ тұрғындарымен кездесу өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстық әкімдіктің басқарма басшылары, облыс активі, осы саланың еңбек ардагерлері, мәдениет, спорт, туризм саласының мамандары, спортшылар, жалпы аймақ тұрғындары қатысты.

66f0fcdc d236 4c4f 8b9f 98a3dd7d5d5f

Министр мырза әңгіменің әлқиссасын Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы мен Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған шаралардан бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл жердегі мақсат той тойлау емес, ой толғау екенін ескертті. Сондықтан да дүниежүзілік деңгейде атап өтілетін бұл шараның бастауы ретінде биылғы жылдың басында елордамыз Астана қаласының үлкен бір көшесіне Сұлтан Бейбарыс есімінің берілгендігін хабарлады. Бұл ретте Бейбарыс бабамыз патшалық құрған Мысыр мемлекетімен бірлескен мәдени-танымдық іс-шаралар жоспары жасақталған. Бұл дүниежүзілік дүбірлі тойдан Сұлтанның кіндік қаны тамған жері – Атырау облысының жұртшылығы тыс қалмақ емес.

Асхат Ораловтың жеткізген басты жаңалығының бірі – ол Қазақстанның Халық әртісі атағының қайтарылатындығы. Ширек ғасырға тарта уақыт тоқтап қалған бұл халықтық құрметке әбден лайықты сахна саңлақтары елімізде аз емес. Сондай жаңа есімдер алдағы уақытта белгілі болып, биылғы  Республика күні қарсаңында Президенттің өзі бастап табыстайтын болады.

Кезінде күллі қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген атақты «Гүлдер» ансамблінің қызметі де жанданып, өнер ұжымының сахнаға қайта оралатыны да  жұртшылықты қуантып отыр. Бұл мақсатта өнер ұжымының жаңа құрамы жасақталып, негізгі жұмыстардың басталып кеткенін мәлім етті министр.

179a0144 5ed4 4508 8bb8 42936d7efb47

Бұдан басқа еліміздегі архив ісі, мәдениет үйлерінің қазіргі жай-күйі, кітапханаларды заманауи үлгіге сай жарақтандырып, қызметін жолға қою, шығармалары еш жерде жарық көрмеген жас таланттарды қолдау мақсатында тағайындалған әдеби сыйлық, анимациялық фильмдер, өнер ұжымдарының ұлттық аспаптары мен киімдерін жаңарту секілді мәдениет пен өнерге қатысты өзекті мәселелерді қозғаған Асхат Раздықұлы еліміздің туризм мен спорт саласын өркендету жолында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен де таныстырды.

Әрмен қарай кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақова, қоғамдық ұйым жетекшісі Гүлжан Елешова және басқалары көпшіліктің көкейіндегі көп сауалдарды ортаға салды.

4766e5de 764f 464d ae30 7d999c46b4a6

Кездесу соңынан министр Асхат Оралов облыс тұрғындарын жеке қабылдап, олардың қойған сауалдарына жауап қайтарды. Кейбір мәселелер бойынша жауапты орын басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз