Қашанғы көшімізді көршіге қарап түзейміз?..

бензин Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз-Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұртшылықпен байланыс бөлімі таратқан хабарға қарағанда, алдымыздағы маусымнан бастап жанар-жағармай қымбаттамақ. Оның басты себебі – акциз құнының көтерілуі. Әйтсе де, көрші елдердегі дизель отыны мен бензин бағасы да есепке алынып отыр.

бензин

Арзан жанармай астарына үңілсек…

Жалпы, Қазақстандағы бензин бағасының ішкі нарықтағы құбылыстардан гөрі іргелес Ресейдегі ахуалға көбірек қатысты екендігі жөнінде бұған дейін де сан мәрте айтылған. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшыларының өздері көршілеріміздің біздің арзан жанармайымызды тонналап тасып әкететінін жасырмаған. Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында әрі-бері ағылған ауыр машиналар бір-ақ сәтте мың литрге жуық жанармай құяды екен. Сонда өзімізге не қалады? Тұтынушыларымызды тапшылықтан қалай қорғаймыз?

Кейбір деректерге қарағанда,  Ресейде бізбен салыстырғанда бензин  36,5, ал дизель отыны 73,7 пайызға қымбат көрінеді. Сонау жылдары бірлесіп жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде баға теңгерілген тәрізді еді. Енді осыншама алшақтық тағы қайдан шықты? Бұл қолдан жасалған қымбатшылық па, әлде сұраныс ұсынысқа ұтымды жол ашты ма?

Сонда кезекті қымбатшылық астарында акциз құны ғана емес, жанармайымызды көрші елдің жүргізушілерінен қорғау да жатыр. Өйткені, алдымен, мамандардың топшылауынша, Қазақстанда өндірілетін бензин мен дизель отыны түрлі тәсілдермен Ресейге көп мөлшерде шығып кетуі ықтимал. Сөйтіп, өзімізде тапшылық туындауы мүмкін. Жанармай саудасымен шұғылданатын кейбір кәсіпкерлердің дайын өнімді ішкі нарыққа өткізбей, шетке шығарып жатқанының бір себебі де осы. Елімізде шағын және орта бизнес құрылымдары жұмысын тексеруге тыйым салынуы олардың қызметінің қадағалаусыз кетуіне жол ашқаны да ақиқат. Әйтпесе, өз мұқтажымызды өтеп үлгермей жатып, өнімімізді тысқа тасымалдауға ұмтылу бірсәттік табыс түсіруден туындап отырған жоқ па? Әрине, бизнес мақсатының өзі – алдымен, пайда табу. Әйтсе де, отандық тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында сыртқа жанармай шығаруды шектеген де жөн.

Одан әрі, Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты ішкі сұранысты әлі толық қанағаттандыра алмай отыр. Кейбір деректерге қарағанда, бізде жылына 2,1 млн. тонна шамасында АИ-92 бензині шығарылады. Ал, тұтыну көлемі – 3,2 млн. тонна. Арасындағы айырмашылық Ресей арқылы жабылады. Егер көршімізде жанармай бағасы арзан десек, ол бізге келгенде неге қымбаттап кетеді? Бұл жерде рубль бағамының  теңгеден жоғары екендігі әсер етіп отыр.

Бұдан біраз жыл бұрын Қазақстанда тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу туралы мәселе көтерілгенде тиісті министрліктер басшыларының өздері қарсы шыққан-ды. Қолдағы үш зауытты күрделі жөндеп алсақ, солар-ақ жеткілікті екендігін айтқан. Алайда, осы өндіріс ошақтарын жаңғырту тым ұзаққа созылып кетті. Оның үстіне, шетелдік несиеге жасалып жатқан жұмыстың сұрауы бар. Яғни, қарызды қайтаруға тура келеді. Демек, жаңа өнімдер отандық тұтынушыға арзанға түспейді.

Ақырында, жанар-жағармай нарығы төңірегінде көлеңкелі бизнес те өршіп тұрғаны жасырын емес. Ара-тұра әлдекімдердің ұсталып жатқаны жөнінде ақпарат таратылады. Бірақ, одан айылын жиғандар да көрінбейді. Осы қылмыстық топ құрамында қазақстандықтармен бірге шетелдіктердің бары да рас. Әйтпесе, тонналаған бензин мен дизель отыны шекарадан сыртқа қалай шығады?

 Әлеуметтік ахуал қалай сауықтырылады?

Бір-бірімен біте қайнасқан дүниеде, сөз жоқ, баға да өзара қабысып жатады. Демек, жанармай бағасының көтерілуі өзімен бірге өзге саланы да ала кетеді.

«ҚазМұнайГаз-Өнімдері» ЖШС таратқан мәліметте дизель отыны бағасының ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін әр литріне 122-128 теңге шамасында бекітілгені келтірілген. Ал, ірі жанармай құю стансаларында ол 135-136 теңгеде тұрақтап тұр. Осы айырмашылық бау-бақша дақылдары мен көкөніс құнының өтелуіне кепіл бола ала ма? Жаз бойы жер тырмалаған диханға күзде өнімін арзанға сатуға ұсыныс беруге моральдық тұрғыдан құқымыз бар ма? Егер азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы шарықтаса, оларды сатып алуға қарапайым халықтың мүмкіндігі азаяды. Әр өңірде инфляция деңгейі көтерілсе, онымен күресуге жергілікті атқарушы биліктің де  қауқары жетпей қалуы мүмкін.

Биылғы екінші жартыжылдықтан бастап зейнетақы мен бала тууына байланысты аналарға берілетін бір реттік жәрдемақы өседі. Азды-көпті жалақы да көтерілер. Бірақ, соның бәрі қыспаққа алған қымбатшылық құрсауында кеткелі тұр. Отандық мұнай өнімін саудалаушылардың бензин мен дизель отыны бағасын теңестіруге, яғни, соңғысының құнын көтеруге ұмтылуы қарапайым халыққа қиындық әкеледі. Әр аймақта жасақталатын азық-түлік қоры да базардағы бағаға айтарлықтай әсер ете қоймас.

P.S. «ҚазМұнайГаз-Өнімдері» компаниясы басшылығы жанармай акциясының құны көтерілуі осы саладан бюджетке түсетін түсімді арттыруға септігін тигізетінін айтады. Әрине, табыс молайса, салық та өседі. Бірақ, қазіргі қымбатшылық кезінде бюджет қаражатын халықтың әлеуметтік әлсіз тобын қорғау үшін ғана жұмсаса, басқа салаларды қайтеміз?..

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз