Жарнама
ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

Арыз неге аяқсыз қалады?

Жер мәселесі өзектілігін жоймайды. Тұрғындардан түсетін өтінішарыздардың басым бөлігі де осы мекеме қызметіне қатысты болып отыр. Бір қызығы, құзырлы органға шағымданған кезде ғана сең қозғалып, шешімі табылып жатады екен. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жүргізген тексеру қорытындысы аталған саладағы біраз кемшіліктің бетін ашты. Бұл туралы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында атап айтылды.

%d0%b0%d1%80%d1%8b%d0%b7-%d0%bd%d0%b5%d0%b3%d0%b5

Жұртшылық тарапынан жер қатынастары бөліміне айтылатын талап-арыздар көп-ақ. Жаңа нысан салуға ниет білдірген кәсіп иелері де бұл мәселеде біраз кедергілерге кезігетінін жасырмайды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Данияр Алтыбайдың баяндауынша, қалалық жер қатынастары бөлімінде өтініштер қабылдау және көрсетілген мемлекеттік  қызмет нәтижелерін беру уақыты бұзылған.

Бұдан бөлек 60-қа тарта өтініш берушінің құжаты бір айдан бір жыл мерзімге дейін кешігіп қаралғандығы белгілі болып отыр. Ақыр аяғында, халық арызының қандай сатыда қаралып жатқанын, не себептен шешім шығарылмағандығын білмейді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов бұл заңсыз іс-әрекетке, атап айтқанда мемлекеттік қызмет көрсетуді жылдамдату үшін пара беруге итермелейтінін жоққа шығармады.

— Осыдан келіп сыбайлас жемқорлыққа жол ашылады. Халықтан түскен шағымның көп болуы бәрімізге сын. Сондықтан, ұйымдастыру жұмыстарын жандандыру керек. Штатта – 10, келісім-шартпен 16 маман қызмет етеді, неге арызданушыға уақытында жауап берілмейді? Проблема әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. Бұл – тек қалада ғана емес, аудандарда да орын алған жағдай. Өтініш беруші құзырлы органға талаптанған кезде ғана мәселесі шешіліп жатады, — деді Тоқтамыс Қадошұлы. Өз кезегінде мекеме басшылығы оның себеп-дәлелдерін де нақты  мысалмен  келтірді.

Қызметтен заңсыз босатқандар да жазасыз қалмайды. Мұндай факт орын алған жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Абылай Сисенов Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының тәртіптік кеңесінің жұмысына жүргізілген талдау кезінде осындай олқылықтарға орын берілгенін атап айтты. Мәселен, биыл аумақтық инспекцияда тәртіптік комиссия бір істі қарады. Мұнда қызметкердің себепсіз жұмыста болмауына байланысты бірнеше мәрте акт толтырылған, анықтау мақсатында бірнеше мекемеге сұраныс хаттары жіберілген. Алайда, жұмысшы туралы мәлімет жоқ екендігі жайында жауап хат алынған. Тергеу-тексеру шараларынан соң әлгі қызметкер жұмыстан босатылады. Алайда, бұл жолы мемлекеттік тәртіптік жаза қолдану қағидалары сақталмаған болып шықты.

Жуырда әлеуметтік желіде Махамбет ауданының полицейлері, лауазымды тұлғалары көрініс тапқан бейнетүсірілім кеңінен тарады. Ол қоғамның заңды ренішін туғызды. Сондықтан, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында осы көрсетілім кейіпкерінің бірі — Махамбет ауданы әкімінің орынбасары шақырылып, оған қатысты тәртіптік іс қаралды. Аталған департаменттің басқарма басшысы Мәлік Кариевтың айтуынша, интернет ресурстағы бейнежазбада  мемлекеттік қызметшіге тән емес қылықтар көрсетіліп, Әдеп кодексінің талаптары сақталмаған. Тексеріс нәтижесінде лауазымды тұлға тарапынан дөрекілік көрсетілгені  дәлелін тапты. Отырыс барысында айтылғандай, бұл оқиға бойынша әлі де тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қайтсек те, мемлекеттік қызметші өзінің іс-әрекетімен қоғамдық сынға себепкер болмауы тиіс. Өйткені, мұндай өрескелдік ешқашан жазасыз қалмайды.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Айбөпе Cабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button