ЕКІНШІ АЙНАЛЫМ ЖЕҢІСПЕН БАСТАЛДЫ

atyrauchemoЖұма күні ел біріншілігінің 15-інші туры аясында жергілікті «Атырау футбол командасы «Мұнайшы» стадионында Өскеменнің «Восток» командасын қабылдады. 
Кездесуден бірер сағат бұрын клуб басшылығы жазғы трансфер кезінде команданы толықтырған жаңа бес ойыншыны ресми түрде таныстырып, команда жейдесін табыс етті. Айта кетсек, елімізде жазғы трансфер ағымдағы айдың 10-ында ашылып, шілденің 3-іне дейін жалғаспақ.

«Атырау» футбол клубының баспасөз хатшысы Алтынбек Нысанғалиев ойыншылардың спорттық мансабы мен қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. 
Жиырма жеті жасар сербиялық шабуылшы Ненад Иняц сербиялық «Бежания» футбол клубынан келіп, соңғы маусымда сегіз рет қарсыластар қақпасына гол салған.
Сондай-ақ, команданы толықтырған 22 жасар шабуылшы Алексей Щеткин осы жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасына үміткер болып, соңғы төрт маусымда «жетісулықтардың» сапында ойнады. Еліміздің ұлттық құрамасында ойнайтын футболшыны алу қай командаға да оңайға соқпайды. Осы орайда облыс әкімінің футбол спортына деген қолдауы ерекше екендігін айтып өткен А.Нысанғалиев Оралдың «Ақжайық» командасынан келген жартылай қорғаушы Милош Стойчевты, 31 жасар қорғаушы Ринат Абдулинді және Украинада туып, қазақстандық азаматтықты алған 32 жасар Александр Стахивті жанкүйерлерге таныстырды.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қазбек Иманғали команданы мықты ойыншылармен толықтыруға мүмкіндік туғызғаны үшін, ең алдымен, жанкүйерлер атынан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке алғысын білдіріп, ойыншыларға жейделерін табыс етті. Атап өтсек, Ненад Иняц 55-інші нөмірді еншілесе, Алексей Щеткинге 91-інші, Ринат Абдулинге 23-інші, Милош Стойчевке 25-інші және Александр Стахивке 24-інші нөмір тиесілі болды.
«Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаев бұл ойыншылардың барлығы маусым аяғына дейін келісім-шартқа отырғандығын айта келе, жазғы ауысым соңына дейін тағы да екі ойыншыны алу жөнінде мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді. Бірақ, бұл ойыншылардың есімін әзірге атамауды жөн көрді.
«Атырау» мен өскемендік «Восток» командалары арасындағы кездесуде алаң иелері айтарлықтай басымдық танытып, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жаңадан келген ойыншылардың ішінен «Атыраудың» негізгі құрамында Ненад Иняц, Алексей Щеткин және Ринат Абдулин шықты. Соның ішінде жергілікті команданың сапында алғаш рет алаңға шыққан Ненад Иняц екі рет қарсыластар қақпасын бағындырды. Алғашқы кезеңде Максим Самченкодан келген допты баспен қақпаға дәл беттесе, екінші таймда команда капитаны Валентин Чуреевтен доп алған ол екінші рет гол авторы атанды. Сондай-ақ, шапшаңдығымен ерекшеленген Алексей Щеткин де «Восток» қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәттер туғыза білсе, Тарас Данилюкті алмастырған Милош Стойчев те үздік ойын өрнегін көрсетті.
Қарсыластар да қарап отырмай, намысын қайрап, шабуылға беттеді. Алайда, «атыраулық» қақпашы В.Плотников шеберлігін танытып, бірнеше рет команданы құтқарып қалды. Әсіресе, өскемендік ойыншы Сергей Костюк сегіз метр қашықтықтан қақпаны көздеп, мүмкіндігін пайдалана алмай қалды. Сондай-ақ, қосалқы құрамнан алынған жерлесіміз Алексей Родионов та жастығына қарамастан, ойынға жан-тәнімен беріле ойнады.
Ойыннан соң командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен өтетін баспасөз конференцияда «Восток» командасының бас бапкері Владимир Фомичев алаң иелері өз күштерімен жеңіске жеткендігін айта келе, «востоктықтар» матч басында бірнеше қауіпті сәттер туғызғанымен, екінші кезеңде ойынға ене алмағандарын айтты.
– Бүгінгі жеңіс біз үшін маңызды еді. Өйткені, соңғы ойындар сәтті болды деп айта алмаймын. «Востоктың» ойынын зерделеп, алаңға шықтық. Командаға қосылғанына бір апта болмаса да, жаңа ойыншылар өздерінің шеберліктерін аңғартты, – деді баспасөз конференцияда жеңіске жеткен жергілікті команданың бас бапкері Миодраг Радулович.
Кездесуді тамашалаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ойын аяқталысымен алаңға шығып, команда ойыншыларын жеңісімен құттықтады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз