snimok 1

«АРУАНАНЫ АЛЫП ШЫҚҚАН, ЖҮРЕК ОТЫН ЖАРЫП ШЫҚҚАН…»

Жаңалықтар Мәдениет Қоғам

Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. Атырауда қазақтың көрнекті жазушысы, киноактер, аудармашы Сәтімжан Санбаевтың 80 жылдығына арналған киноапталық өтуде. Қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған өнер иесін еске алуға арналған апталық Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ғылыми конференциядан бастау алды.

Жиынға жазушының жары Светлана Мәуленқызы, жазушының ұлы мен немересі, филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы Светлана Ананьева бастаған мәртебелі меймандар қатысты. Баяндамашылар Сәтімжан Санбаевтың шығармашылығына кеңінен тоқталды.

Шара барысында аталған университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйла Ерболатқызы жазушының өміріне шегініс жасап, оның жүріп өткен жолдары өнегеге толы екенін баса айтты.

«Бүгін Атырау өңірінде жерлесіміз, дарынды жазушы, шебер киноактер Сәтімжан Санбаевтың 80 жылдығын атап өтудеміз. Ол расында да сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Қайта тумас дара тұлға. Сәлімжан Хамзаұлы қазақ жазушылары арасында ең алғаш рет «Әлем классиктерінің сериясына» енуімен ерекшеленеді. Оның «Аруана» хикаясы 16 тілге аударылған. Жазушының шығармалары негізінен орыс тілінде жазылса да, оның барлық туындысынан қазақ даласының исі аңқып тұрғаны шындық. Сәтімжан Хамзаұлының есімі дарынды кинодраматург, талантты киноактер болуымен де асқақ тұрады. Осынау ұлтжанды таланттың еңбектері ешқашан ұмытылмауы қажет» деді Ләйла Ерболатқызы.

Одан әрі сөз кезегі филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақыпқа ұсынылды. Ақын өз сөзінде «Сәтімжан Хамзаұлының әлем әдебиетіне қосқан үлесі зор. Оның салған сара жолын бүгінгі жас ұрпаққа дәріптеу – бізге парыз» екендігін ортаға салды.

Айта кету керек, Сәтімжан Хамзаұлы 1939 жылы 16 қыркүйекте қазіргі Атырау облысының Мақат поселкесінде дүниеге келген. Ол Орынбор ауыл шаруашылығы институтын, КСРО Жазушылар одағы жанындағы жоғары әдеби курсты тәмамдаған. Әр жылдары Атырау өңірінің совхоздарында бас инженер, Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор, Балқаш кен-металлургия комбинатында инженер, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақ комитетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Невада-Семей» қозғалысында вице-президент, Ш.Айманов атындағы ұлттық кинокомпанияда бас редактор лауазымдарында қызмет атқарды.

Шығармаларын орыс тілінде жазатын Сәтімжан Санбаевтың алғашқы повесі «И вечный бой», «Белая аруана» деп аталады. Қаламгердің «Белая аруана», «Дорога только одна», «Аруана», «Колодцы знойных долин», «Времена года нашей жизни», «Когда жаждут мифа», «Медный колосс» секілді шығармалары қазақ тіліне, көптеген шет тілдеріне сәтті аударылды. Ал, «Флакон одеколона» атты драмасы республика театрларының сахналарында қойылып жүр. Актер ретінде танылған оның кино өнері саласындағы еңбегі де зор. Айталық, ол «Ұшы-қиырсыз жол», «Той боларда», «Шоқан Уәлиханов»,
«Батыр Баян» көркем фильмдерінде басты рольдерді сомдаған. Ал, «Қыз Жібек», «Ыстықкөл қызғалдақтары» кинофильмдерін сәтті тәржімалаған.

Сондай-ақ, Сәтімжан Хамзаұлы – «Там, где горы белые», «Дом у соленого озера» кинофильмдерінің авторы. Ал, аудармашылық қызметте ол Абайдың қара сөздерін, М.Әуезовтың, С.Бегалиннің, Ә.Сәрсенбаевтың, Қ.Ысқақтың, басқа да қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударды. Осынау сан-салалы өнерді бойға сіңірген Сәтімжан Санбаевтың атқарған еңбектері елеусіз қалмады.

Ол «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Осындай бесаспап атанған тұлғаны еске алу жиыны барысында жазушының жары Светлана Мәуленқызы Сәтімжан Санбаев туралы өз естеліктерімен бөлісті. «Сәтімжан жұмысына қандай талапшыл болса, үйде де сондай қатаң тәртіптің адамы еді. Оның ойлайтыны шығармашылық жұмысы, туған жері болды. Еңбектерінде сол туған жердің қасиеттері мен оның адамдары көрініс тапты.

Ал, ұл-қызына адалдықтың, адамгершіліктің, ар-ұяттың символындай болатын. Немерелерін жанындай жақсы көрді. Ол өмір бойы туған жерін аңсады. Бұл өңір оны әркез қанаттандырды, жүрегіне шуақ құйды, шығармаларына арқау болды…» деді Светлана Мәуленқызы. Сондай-ақ, апталық Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда жалғасып, « С а ң л а қ С а н б а е в » атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Кеш шымылдығы «Аруананы алып шыққан, Жүрек отын жарып шыққан – Сәтімжан Санбаев» атты деректі фильммен ашылды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған еске алу кешіне әдебиет пен өнерсүйер
қауым, жастар көп жиналды. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев сөз сөйлеп, кеш иесінің дарындылығы туралы айтты. Ал, деректі фильмде жазушының өзінің шығармашылығы, кино өнеріндегі қызметі туралы баяндалған сюжеттер көрсетілді.

Сонымен қатар, еске алу кешінде жергілікті өнер иелері ән-күйден шашу шашып, көрерменнің зор ілтипатына бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 13 қазанға дейін жалғасатын киноапталықта «Батыр Баян», «Шоқан», «Дом у соленого озера», «Дороги в тысячи верст», «Необычный день» кинофильмдері Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда көрсетіледі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген:

Аманат ИЛЬЯСҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған