Дәурен Сейітқалиев «Жас Отан» Атырау филиалының басшысы болды

Жастарға белсенділік жарасады Жаңалықтар

«Жас Отан» жастар қанаты Атырау қалалық филиалының  төрағалығына Дәурен Сейітқалиев сайланды. Бұл туралы филиалдың Х есеп беру конференциясында белгілі болды. Жаңа басшыны «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасы Әділбек Зайдуллин таныстырды. Сонымен қатар, кеңес мүшелерінің қатары да жастармен толықты.

Жастарға белсенділік жарасады

Бүгінге дейін «Жас Отан» жастар қанаты қалалық филиалына жетекшілік етіп келген Нұрлан Азаматов өткен жылы атқарылған жұмыстарды тарқата  айтты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, қарттар мен мүгедектерге, жетім балаларға қолұшын созып, оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында белсенді жастардың басын қосқан «Жүректен – жүрекке» қоғамдық қоры 2015 жылы  тіркелген болатын. Бүгінде облыс көлемінде ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен ашылған бөлімшелері белсенді қызмет атқаруда. Бұл туралы аталған қор жетекшісі Әйгерім Жәрдемова айтып өтті. «Тың бастамаларды қолға алып, қайырымдылық жасаудың тиімді әрі пайдалы үлгісі ретінде дүниеге келген «Сәбиге өмір сыйла», «Жан жылуы», «Күлкі терапиясы», «Балалар көзқарасындағы мейірім», «Ең керемет күн», «Менің батырым – донор», «Мектепке жол» жобалары жарымжан жандарға көмек қана емес, жас еріктілердің қоғам өміріне араласуына жағдай да жасауда» дейді ол.

Жастарға белсенділік жарасады-2

Ал,  Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи «Жас Отан» жастар қанаты – «Нұр Отан» партиясының оң қолы» деген пікірде. Елде болып жатқан жаңалықтар мен тың идеялардың айналасына жастарды шоғырландыруға жақсы мүмкіндік. «Жастар қанатының» мүшелігіне тек студенттерді емес, сонымен қатар, жұмысшы, кәсіпкер жастарды көптеп тарту қажет. Себебі, адамдарды идея біріктіреді. Мәселен, қаламызда жасыл желек – тал жетіспейді. Шаһар тазалығы бәріміз үшін маңызды. Міне, осы идеялар айналасына неге жиналмасқа, неге тоғыспасқа? Сонымен бірге, бүгінгі күні жастардың тілінде сөйлеуге көшу қажеттілігі туындап отыр. Қазір монотонды баяндама көпшіліктің көкейіне жетпейді. Сондықтан, ашық пікір айтып, еркін ой қозғауға маңыз берілгені жөн, деген Мейірім Жоламанұлы, шараларды жаңа форматта ұйымдастыруды тапсырды.

«Театрлық қойылымдарды» доғаратын кез жетті. Оның айтуынша, жастардың 95-96 пайызы газет оқымайды. Сол себепті, әлеуметтік желілерді мейлінше пайдалану қажет. Баяндамашы әрі қарай дұрыс сөйлеп, ойлау үшін ғаламтордағы екі минуттық бейнероликті қарағаннан гөрі кітап оқудың пайдасының көптігіне тоқталды. «Жас Отан» жастар қанатының жанына бастамашыл жастармен бірге базарда жүрген, такси қызметін атқаратын қарапайым жұмысшы мамандарды да тарту қажеттігін  алға тартты.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз