«ЖАНЫМА ЖАҚЫН ЖАҒАЛАУ»

Жақында Орал қаласындағы «Полиграфсервис» баспасынан танымал қаламгер Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Жаныма жақын жағалау» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа журналистикаға ден қойғандығына ширек ғасырдан асқан қаламгердің публицистикалық дүниелері іріктеліп топтастырылған. Адамзат қоғамының сан алуан саласын қамтитын публицистикалық жинақ «Әуелі саясат...», «...енді экономика», «Тарихтан тәбәрік», «Кеудесі жақсылардың алтын сандық», «Өмір-өзен», «Спорт әлеміне саяхат», «Таным терезесі» атты жеті тараудан тұрады.

«Жаныма жақын жағалау» – Бауыржан Ғұбайдуллиннің үшінші кітабы. Бұған дейін автордың балғын оқырмандарға арналған «Күн бала», «Жиһанкез   Ақкербез» атты кітаптары жарық көрді. Ал, кейбір туындылары «Ақ желкен», «Балбөбекке бәсіре», «Қолтаңба» ұжымдық жинақтарына енген.

Бауыржан Ғұбайдуллин Әбу Насыр әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетінде оқып жүр­генде-ақ білім­дарлығы сол, ауқымды тақырыптарға қалам сілтейтін-ді. Төртінші курста (1992 жылы) Бауыржанның атақты жазушы Оралхан Бөкеевтен алған сұхбаты журфактың студенттері арасында кәдімгідей сенсация туғызды. Ол кезде студенттер қауымы «Атау керенің» авторынан сұхбат алмақ түгілі, сәлемдесуге бата алмай, Бөкеевтің өзіне керім жарасатын кербез жүріс-тұрысын сырттай бақылағанға мәз болатын. Ал, біздің Баукең өзі шығармашылығын ерекше бағалайтын сүйік­ті қаламгеріне өзінің көкейіндегіге қоса, оқырманның ойындағы сауалдарды дөп қойып, толымды жауаптар ала білді. «Халыққа қалқан болатындар бар да, халықты қалқан тұтатындар бар» деп ағынан жарылған еді сол жолы Орағаң. Задында мұндай жауап қойылған сұрақтар орайына да байланысты болса керек-ті. Сұх­баттың өн бойынан студент Ғұбайдуллиннің қабыр­ғалы қаламгерден сыр тартып, сұхбаттасуға үлкен әзір­лікпен барғандығы анық аңғарыла­ды.

Бауыржан Ғұбайдуллин – біраз жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газетінің бас редакторы. Бір ғасырға жуық тарихы бар газет редакция­сына басшылық жасайтын ол журналист ретінде көсемсөз арқылы ұлтының жоғын жоқтап, тарихтағы ақтаңдақтарды жеріне жеткізе зерттеп, қазақ оқырманына темірқазық ой айтып, бұл салада да олжа салып жүр. Орал қаласының түбінен табылған Жайық қалашығы жөніндегі қаламгердің талғам таразысы ша­һардың жылнамасы ХIV ғасырдан бастау алатындығын айғақтай түседі. Орнықты уәж айтып, өз ойын ортаға салған қаламгер Ғұбайдуллин «Қыз Жібек» жырындағы қаскөй Бекежанды бұрыс пікірден арашалап, тарихи деректің анық-қанығын зерделейді. Сөйтеді де, Бекежан Айбекұлының ерлікке толы шежіресін ортаға салады. Ақырында, журналист «Қазақтың арғы-бергі шежіресінде өзіне қоса, үш ұлы бірдей тарихта батыр деген атпен қалған ер-азамат, сірә, тарпаң мінезді жалғыз Бекежан баһадүр болса керек» деп түйіндейді. Риясыз сенесіз. «Бекежанды бекер жазғырып жүр екенбіз ғой» деген ойға қаласыз.

Алаштың ақтаңгер бард ақыны Табылды Досымов туралы оның көзі тірісінде-ақ Бауыржан қалам тартқан. Ақынның өшпес өнерін асқақтата бағалап, Баукең ерекше өнер иесінің тағдырына алаңдаушылық білдірген-ді сол жолы.

«Табылдың тағдыры есіме түссе, Қадыр ағаның:

Таланттың кішісін де, ірісін де

Сыйлау керек көзінің тірісінде, – деген жыр жолдары ойыма оралады» деп бір қайырған еді Бауыржан өзінің «Орал өңірі» газетіне 2002 жылы жазған «Көзінен мұң көрдім…» атты мақаласында (тап осы мақала республикалық «Айқын» газетінде де жарық көрді). Біздің Баукең байқампаздық танытып, жар салғанымен, ақынды халқы қадір тұтқанымен, керенау кеңселердегі шікірейген шенеуніктер мыңқ ете қойған жоқ. Талантты тірі кезінде лайықты бағалай алмадық. Әлгі мақала жарық көргеннен кейін Табыл сері араға сегіз жыл салып барып өмірден озды…

«Хоккейдің Пушкині һәм футболдың Харламовы». Баукең жазған кезекті бір мақаланың тақырыбы. Әйгілі Валерий Харламов туралы. Журналист әлемдік деңгейдегі спортшы туралы әдемі әңгімелейді. Спорттан бейхабар кісінің өзі осы мақаланы оқығаннан кейін мұз айдынға қарай асығатындай. Әсерлі. Тіпті, тың дерек адамды бау­рай түседі. «Автокөлікте өмірге келіп.., …автокөлікте өмірден озды» деген тақырыпшаның өзі-ақ аты аңызға айналған хоккейшінің тағдыр-талайынан дерек береді. Тапқырлық па? Тапқырлық!

Бауыржанның жазғандарын оқырмандары іздеп жүріп оқиды десек, асылық айтқандық емес. Оның қаламы ылғи да қызықты тақырыптарды қаузайды. «Журналисті аяғы асырайды» демекші, бас редактор лауазымына қарамай, ел ішіндегі кейіпкерлерімен етене араласады деген сөз бұл. Оның «Бірден екі келіншек алған сабазын» езу тарта отырып бір деммен оқыдық. Қызықты жазылған. Болған оқиғаны оқырман бас алмайтындай етіп жазу, сірә, Баукеңнің шеберлігін айшықтай түссе керек.

Бауыржан Ғұбайдуллиннің қа­лам­герлік диапазоны өте ауқымды. Балалар жазушысы ретінде балдырғандар тақырыбынан бастап, публицист ретінде экономика мен әлеуметтік сала, ұлттық мүдде, тіпті халықаралық жағдай, ғаламдық мәселелерге дейін қалам тербеп, оқырмандарына әр мақаласы олжа саналатын журналистің арманы бар ма?!

Ғабит МҮСІРЕП,

«Рауан» баспалар үйі ЖШС-нің бас директоры,

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және  ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

Балғабек Қыдырбекұлы атындағы

сыйлықтың екі мәрте иегері,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз