Арланның АЖАЛЫ (қаз-қалпында)
«Көпшілік қасқыр аулаудың қыр-сырын, аң аулауда қолданылатын айла-тәсілдерді біле бермейді. Өйткені олар бұл жыртқышты «жай ғана жануар, адам секілді санасы жоқ, қусаң қашады, қаруы барлар оны оп-оңай атып алады» деп ойлайды. Шындығында, олай емес» дейді бүгінгі әңгіменің кейіпкері, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылының тұрғыны Александр Соловьев.
АЙЛАЛЫ ЖЫРТҚЫШ
Бүгінде атағы аудан асқан аңшы Александр өз кәсібіне жандүниесімен берілген адам. Дала кезіп, көл жағасындағы қалың шілікті тору оның бала күнінен бергі ермегі екен. Аңшылықты қолға алған сонау жылдардан күні бүгінге дейін ол 50-ге жуық түз тағысының көзін жойған. Дегенмен, Александр қасқырдың ерекше қасиеттеріне тәнті екендігін жасырмайды.
– Далалыққа шыққанымызда қоян, түлкі немесе қарсақ көретін кездеріміз жиі кездеседі. Сондай мезетте мылтығы бар адам мұндай аңдарды бірден атып алар еді. Өйткені бұл жануарлар адамнан келер қауіпті дер кезінде сезіне бермейді. Ал, қасқыр – өте сақ жыртқыш. Оны жол-жөнекей кездестіре бермейсіз, ізіне түскен адамды адастырып кетеді, — дейді аңшы жігіт.
СЕРІГІН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ
– Бір жолы Бақсай өзегінің бойында тұратын аңшы досым хабарласқан. Оның айтуынша, көршісінің буаз сиырын бір үйір қасқыр жарып кетіпті. Дереу қолыма мылтығымды алып, мотоцикліммен Бақсайға қарай жол тарттым. Жолай досымды мінгестіріп, оның бағытбағдарымен сиыр өлген жерге келдік. Жарты денесі жоқ өлексенің жанында жеті-сегіз қасқырдың ізі жатыр. Байқағаным, кейбіреуі өте ірі. Көкжалдар кеткен жаққа біз де бағыт алдық.
Содан жүріп отырып, он шақырым жердегі қалың бытқылға келіп тірелдік. Үстін қар басып, бұтақтары біріне-бірі мінгескен қалың жыңғыл қасқырларға бой тасалауға таптырмас мекен екен. Досым жыңғыл ішіне кіріп, тарсылдатып мылтық ата бастады. Ал, мен сырттан бақылап тұрмын. Бір мезетте қалың арасынан бір ақшулан ытқып шықты да терістікке қарай ағызды кеп. Жануар қанша жүйрік болғанымен техниканың аты техника ғой, көп ұзатпай қуып жетіп, атып алдым. Арлан екенін сонда білдім. Қайтып келіп, жаңағы әдетті тағы қайталадық. Дәл жаңағыдай тағы бір қасқыр шыға қашты. Оны да қанжығаға байлағанбыз, бұл да арланы болып шықты. Ал, қалған түз тағылары бытқылдың ішін қанша дүрліктірсек те қыбыр білдірмеді.
Осылайша, кеш батқасын үйге қайттық. Келесі күні жыңғылдың ішіне кіріп, іздердің бағытын аралап көргенмін, мынадай ғажапқа куә болдым. Қасқырлар аңшылар дәл тұсына келгенге дейін бір орнында міз бақпай жата берген. Ал, біздің алдымызға түсіп қашқан екі арлан үйірді аман алып қалу үшін өздерін құрбандыққа шалған екен. Табиғаттың біз білмейтін құпиясын-ай! Бұл оқиғадан кейін де біз арландардың қаншығын аман алып қалу үшін өлімге бас тіккен сәттеріне талай куә болдық, — деп аңшы ағынан жарылды.
ЕЖЕЛГІ ДҰШПАН ЕЛ БОЛМАС
Енді бірде Александр дала кезіп жүріп, қасқырдың апанына кезігеді. Ол жерден көзін жаңа ашқан екі бөлтірікті алып шығып, ауылға әкеліп асырайды. Дегенмен олар бөрілігін көп ұзамай көрсете бастайды. Ауылдың өзімен шамалас күшіктерін желкеден бүріп қыңсылатып, түн болса тауық қоралардың азанқазанын шығарады. Бұл аздай ауылдың сыртында қасқыр ұлып, малға маза бермей қояды. Осы жағдайларды ескерген Александр бөлтіріктерді далалықта тұратын досына беріп жібереді. Сол жерде жүріп есейген жас арландар бір түннің ішінде көзден ғайып болған екен. Артынан топ қасқырмен келіп, даладағы малға ауыз да салған. Ақыры атақты Көксеректің күйін кешкен қасқырлардың артына қуғын түсіп, көздері жойылыпты. «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деген халық тәмсілі де осыдан туса керек.
ҚЫЗЫҚТЫ ОҚИҒА
Александр мына бір оқиғаны да әдемі етіп жеткізді: «Әлі есімде, күздің бұлтты күні болатын. А у ылдың бақташы жігіті телефоныма қарны ақтарылған бір тайдың суретін жіберді. Өлексе ауылдан бес шақырым жердегі терең сайда жатыр екен. Содан дереу жылқы жатқан сайға жетуге асықтым…
Жарықтықтың жан тапсырғанына көп уақыт өтпепті. Жас қанның иісі аңқаны қабады. Айтып-айтпай не керек, әлгі жауыздарды тосып алу үшін сол жерде жатып, түнді күттім. Айналаны көзге түртсе көрінбес қараңғылық басқанша сайда қыбыр етпей жата бердім. Бұл кезде аспанды торыған қалың бұлт та тарқасып, ай жарығы білінген. Қасқырлардың бағыт алған ізіне қарай мен сайдың ық жақ бетінен орын алып жайғасқанмын. Егер жел тұрған беттен тасалансам, тұмсықтары он шақырым қашықтықтағы иісті сезетін әккілер мені бірден байқайды да, алыстан-ақ тайып тұрар еді. Бұл да осы кәсіпте жинаған тәжірибемнің бірі…
Жым білдірместен жатырмын. Кенет төбеден қос «жұлдыз» жалт етті де жоқ болды. Мылтығымның сабын иыққа тіреп, сол жаққа қарай кезене түстім. Арада біраз уақыт өткенде жаңағы қос қайта пайда болды да, төменге қарай құлдилады. Сол-ақ екен, қабақтың артынан өзгелері қосылып, саны көбейе түсті. Кей-кезде бір-біріне арс ете түскен дыбыстары да естіліп қалады. Осы көріністі ойда-жоқта мылтықсыз адам көретін болса, жүрегі тоқтап қалар ма еді деген ойға келесің… Көкжалдар жас етке бас салды. Гүргүр еткен зор дауыстарымен бірге сырт-сырт сынған сүйек дыбысы қатар естіледі. Алғаш бастап келген тағыны көздеп тұрдым да, шүріппені басып кеп жібердім. Сайдың іші гүрс еткен ащы дыбыспен бір жаңғырып барып басылды.
Мылтық атылғаны сол-ақ екен, жаңағы жыртқыштар көзден әп сәтте-ақ ғайып болды. Фонардың жарығымен өлексенің жанына келдім. Құлақшекеден оқ тиген арлан тура жылқының үстіне құлапты. Тап осы жерде мен мынадай қызыққа куә болдым. Қасқырдың терісін алып, оны сойып көргенімде қарнынан кесек-кесек сүйектер шықты. О тоба дедім. Олар жұп-жұмыр жіліктерді сол күйі жұта салады екен-ау. Неткен азу, неткен өңеш деп таңқалдым». Иә, бұл оқиғалардан қасқырдың ақылдылығы мен қайсарлығына тағы бір мәрте куә болып, еріксіз таңқаласың. Атамыз қазақ, бөріні осал жауға теңемегені бекер емес екен-ау деген ойға келесің.
Ал, енді осындай әккі, әрі айбатты жыртқышпен бетпе-бет келіп, айласын асырып жүрген аңшы Александр Соловьев ерекше құрметке лайық. Жоғарыда аталған оқиғаларға қарап отырып, қолына мылтық ұстағанның бәрі аңшы бола алмайтындығына көз жеткізгендейміз. Ауыл малының қамын ойлап, күндіз-түні дала кезген аңшыға еріксіз бас иеміз.
Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ