Ардагерлер құрметке лайық
Атырау облыстық аумақтық инспекциясының кәсіподақ ұйымы жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы берік дәнекерге айналып, түрлі мәселелерді шешуге атсалысып келеді.
Ұйым мүшелері жуырда Махамбет ауданы Жалғансай ауылының тұрғыны Қайролла Досқалиев пен Атырау қаласына қарасты «Өркен» елді мекенінің тұрғыны, тыл ардагері Әнес Тәжімұрат аталардың шаңырағында болып, ардагерлермен сұхбаттасып, сый-құрметтерін көрсетті.
Тыл ардагері Әнес Тәжімұрат әкесінен жеті жасында жетім қалып, анасымен көп қиындықты бастан кешірді. 1944 жылы 18 жасқа толған бойда әскерге шақыртылған. Ол Жылыой ауданының Қосшағыл деген елді мекенінен шақыртылған 28 баламен бірге кеткендігін есіне алады.
Ал, ардагер Қайролла ата болса буыны қатпаған бозбала кезінде соғысқа қатысып, үлкендермен бірге жау әскерлерінің штаб үйін жарып, дұшпандарға қарсы істеген таңқаларлық ерліктері туралы әңгімелеп берді.
Рухы таза, ой-өрісі биік ұрпақ тәрбиелеп, ұлты мен Отанының болашағы үшін шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсете білген ардагер аталарымыз қай уақытта да құрметке лайық.
Әбила ҚАЗИЕВА,
облыстық аумақтық инспекция кәсіподақ ұйымының төрайымы.