АҚТАҢДАҚТАР АҚТАЛАР КҮН ЖАҚЫН
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегіоблыстық жұмыс топ жетекшілерінің атқарған қызметі талқыланды.
– Қазір облыста саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі сегіз жұмыс тобы құрылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Әр топ өз қызметін қуғын-сұргін құрбандарының санатына сәйкес тақырыптық жоспарлар мен белгілі бір әдістемелер аясында жүзеге асыруда. Алдыңғы облыстық комиссия отырысында Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдар мен саяси және азаматтық құқықтарынан айырылған адамдарды ақтауға арналған жұмыс тобының атқарған жұмысымен танысқан болатынбыз, — деген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов бүгінгі отырыста қалған 7 топ мүшелерінің атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалатынын айтты.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы «Ірі бай шруашылықтары мен жартыла феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті қазақ еліне зор қасірет әкелді. Жоғарыда айтылған қаулы ауыл шаруашылығындағы қуғындау зұлматының басы болып, жер аударылған халық өзінің тұрғылықты жерінен күштеп көшіріліп, репрессия зардаптарының барлық түрін бастан кешірді. «Атырау олысы мемлекеттік архивіндегі, Полиция департаментінің және Орталық архив қорларында сақталған мәліметтерден (қор құжаттарынан) облыс көлеміндегі тәркіленуге ұшыраған 165 жергілікті бай-кулакты анықтап, тауып, 162-сі туралы мәліметтердің Электронды базасын жасақтау үстіндеміз» , – дейді кулактар, байлар, жартылай феодалдар және шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу жұмыс тобының атқарған жұмысы туралы баяндаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі, тарих ғылымдрының докторы Жәмиға Таңатарова.
Әрі қарай 1939 – 1945 жылдардағы фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ, «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындарды, Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың ақталмаған қуғын – сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс тобының жұмысы туралы тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет баяндады. Ал, дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін құрылған жұмыс тобының ақпаратын философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан айтты.
Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығына тигізген зардабы өте ауыр болды. Большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси науқандарының құрбандарын зерттеу жөніндегі жұмыс тобының атқарған істері туралы баяндаған тарих ғылымдарының кандидаты Жұмазия Жұмабаева зерттеуді үш кезеңге бөліп қарастырғанын айтады. «Алдымен, 1929- 35 жылдар аралығын бөлек қарастырдық. Атырау облыстық архивіндегі оннан аса ашық қорларды қарадық. Оның ішіндегі 50-ден аса іспен танысып, саралау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1929-35 жылдар аралығында Ресей Федерациясының Заңдарына сай 222 адамның қылмыстық істерге тартылып, 3,5,1 жылға сотталғанынанықтадық. Бұл істер міндеттемелерді орындамау, салық салудан жалтару, объектілерді көрсетпеу, жалған құжат жасау,тұтқыннан қашу, колхоз шаруашылығына қарсы зиян келтіру секілді баптар бойынша қозғалған. Бұл істердің барлығы отырықшы аймақтар, яғни қала халқы мен еуропалық ұлт өкілдеріне қатысты бөлек қаралады да, қазақ шаруашылықтарына бөлек қаралады. Себебі, 1929 жылға дейін қазақ көшпелі өмір сүрді» — дейді баяндамашы. Облыстық ішкі істер басқармасының ақпараттық аналитикалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында 30-ға жуық құпия санаттағы қылмыстық істер анықталды. Зерттеу нысаны бойынша сотталған адамдар аз болмаған. Жұмазия Жұмабаеваның айтуынша, 54 адамды ақтауға ұсыныс берілген, оның 51-і қазақ, үш орыс ұлтының өкілі.
Жиын барысында әрі қарай Ақталмаған қазақстандықтар – Гурьев облысында орналасқан НКВД ГУЛАГының лагерлерінде болған саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелеріне ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының, 1916 – 1930 жылдардағы мемлекеттің жазалушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын- сүргін кезіндегі түрлі зорлық – зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтау бойынша зерттеу жөніндегі жұмыс топтарының есептері тыңдалды. Ал, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин Қазақстанның батыс өңірінде болған көтерілістерді басу кезінде сотсыз немесе тергеусіз атылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын, сондай-ақ, соттан тыс және сот органдарының осы көтерілістерге қатысқаны және қолдағаны үшін қуғын-сүргінге ұшырағандарыныңзерттелу барысын баяндады.
Жиын соңында сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.