Жарнама
Жаңалықтар

Ақ жейде мен көк шалбар

немесе сабаққа оқушыны дайындау құнына көзқарас

Қазір сауда орталықтарында қарбалас сәт. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар балаларына оқу құралдары мен мектеп формасын алып берудің қамын ойлап жүр. Биыл да елде азық-түлікпен қатар киім-кешектің қымбаттағанын ескерсек, балаларды мектепке дайындаудың оңай соқпасы анық. Мектеп формасының құны былтырғымен салыстырғанда 25-30 пайызға қымбат және сапасына қарай әр жерде әртүрлі бағамен сатылып жатыр. Кеңсе құралдары да солай. Жаңа оқу жылы қарсаңында кәсіби мамандығымызға сай, ата-ана ретінде де базардағы бағаны бағамдап көргенбіз, басқасын айтпағанда кәдімгі 12 беттік дәптердің бағасын көріп, жағамызды ұстадық. Мұндай жағдайда көп баласы бар немесе тұрмысы төмен отбасылар құны әжептәуір қымбат мектеп формасы мен құралдарын қалай алмақ?!

Талап бар жерде…

Бүгінде аймақтағы кейбір жекеменшік мектептер болмаса, мемлекеттік білім ұяларында оқитын оқушылар бірыңғай (қою көк түсті) мектеп формасын киеді. Бұған оқушылардың  90 пайыздан астамын жатқыза аламыз, мұның тиімділігі – оқушы басқа мектепке көшкен жағдайда жаңадан киім іздеп әуреге түспейді. Сондықтан, оқушыға ортақ талап – классикалық үлгідегі бір түсті киім. Ұл балалар ақ жейде мен қою көк шалбар, қыз балалар ақ жейде мен қою көк түсті белдемше киеді. Бастысы, мектеп формасы жолақтарсыз, торсыз болуы тиіс. Дегенмен, мектеп формасына орта білім беру мекемелерінің айырым белгілерін (эмблема, жапсырма, т.б) жапсыруға рұқсат етілген. Әдеттегіше ата-ана өндірушіні таңдауда тәуелсіз және мектеп формасын кез-келген нарықта, дүкенде немесе жеткізушілерден сатып ала алады. Мұндай киім оқушыны «тапқа» бөлмеудің тиімді әдісі демесек, бағасында өзге киімдерден айырмашылық жоқ. Керісінше, алыпсатарлар нарықта сұранысқа ие екенін біліп, мектеп формасының құнын шарықтатып жіберген.

Әр балаға – 70 мың

Бүгінгі базардағы бағамен бір баланы киіндіру үшін 70 мың теңгедей қаражат қажеттігіне көз жеткіздік. Атырау қаласындағы «Бақдәулет» сауда орталығынан кездескен төрт баланың анасы атыраулық Жайнагүл Сүйінішқали мектеп жасындағы әр баласына осынша ақша жұмсағанын айтты.

– Мектеп формасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Жалпы балалар киімі ересектердікіне қарағанда анағұрлым қымбат. Сондықтан бағасы да қолжетімді, сапасы да жақсы жерлерді іздейміз. Айналамдағы адамдардың айтуымен осы сауда орталығындағы отандық өнім «Bellasco. Forma» бутигіне келіп тұрмын. Әрине, арнайы мектеп формасы болғанын қолдаймыз. Бірақ отандық өндірісті дамытып, оқушы киімін тиімді бағада сататын осындай орталықтар көбейсе екен, — деді ол.

Нарыққа шыққанына 20 жылдан астам уақыт өткен «Bellasco. Forma», «Unitom» өнімдерін атыраулықтарға ұсынып отырған Салтанат Жануәлиеваның айтуынша, бұл отандық бренд өз өнімдерін мектеп стандартына сай тігеді екен.

– Қолдағы тауарымыздың 80 пайызы – қазақстандық өнім. Соның ішінде «Bellasco. Forma» өнімдерімен жұмыс жасағаныма он жылдан асты. Ең бастысы – сапасы жақсы, тұтынушының көңілінен шығады. Матасы төзімді. Ақ жейде 7500, шалбар 7000 теңгеден басталса өлшеміне байланысты бағасы да жоғарылай түседі, — деді сатушы.

Өзге де сауда нүктелеріне бас сұғып көрдік. Шалбар демекші, оның бәсі – 4-16 мың теңге аралығында. «Арзанның сорпасы татымас» демекші, арзанының түрін көре тұра, ата-ана баласына кигізгісі келмес. Тігісі шала, жіптері әлден-ақ сөгіліп тұр. «Қырғыздікі немесе қытайдан болар» деп ойлағаным сол еді, саудагер «бұл бишкекски» деп саңқ ете қалды. Қымбатшылықты олар да мойындап тұр.

– Ең қымбаты – Түркия мен Пекин тауарлары. Бішкек тауарлары қолжетімді. Бірақ, сапасы нашарлау, — деді жасы елудің шамасындағы әйел.

Саудагерлерден отандық өнімді сатпауының себебін сұрағанбыз, сөйтсек қазақстандық өнімнің көтерме бағасының өзі 12-13 мың теңге шамасында болады екен. Ал, ондай бағада тауар алып сатуға шағын кәсіп иелерінің шамасы жетпейді-мыс. Осылайша, ата-аналар отандық өнімнің өзімізге қолжетімсіздігінен, яғни сапалы киімнің қымбаттығынан өзбек пен қырғыз киімдерін алуға мәжбүр.

Қытай елімен арадағы визасыз режимнің арқасында сөрелерді арзан киім-кешек қаптаған. Тіпті, 3-4 мың теңгеге арзан ақ көйлекті де алуға болады. Бірақ оның сапасына өкпе айта алмайсыз.

Қырық теңгенің дәптері

Кәдімгі 12 беттік дәптер – 20-40 теңге (сапасына қарай) тұрса, күнделік – 800 теңге. Оқушыға ауадай қажет 12 беттік дәптердің құны осыншама қымбатсып кетуі тауар бағасына ешкімнің қадағалау жасамайтынына дәлел. «Сендерге әзірге аз-аздан алмасам» деп қасындағы қызына сөйлеп тұрған Динара Жұмашева есімді келіншектің жанына біз де жақындап, оның оқу жылына дайындығын, бағаға қатысты пікірін де білдік.

– Сәлематсыз ба? Мына тұрған кеңсе тауарларын сатып алуға қалтаңыз көтере ме?

– Қайдағы?! Баға аспандап кеткен. Тіпті дәптер мен қаламның өзіне ақшам жететін түрі жоқ. Тек бірінші тоқсанға ғана жеткілікті құрал-жабдықтарды алып жатырмын…

– Мектеп жасындағы балаңыз нешеу еді?

–Үшеу ғой… Соларға оқу құралын бір жылға бірден алайыншы деп ойлап едім, көрмейсің бе енді… Өздері шығарып жатқандай бағасын шарықтатып қойыпты. Шамам жетер емес!..

Кеңсе тауарлары мен киім-кешекті қолжетімді бағаға іздеген ата-ананың көңілін базардағы баға бұзғаны аңғарылады. Қабағынан қар жауып жүрген біреу…

Дегенмен, дәптер «Глобус» кеңсе тауарлары мен «Fix Price» әмбебап дүкеніндерінде ғана 35 теңгеден сатылып жатқанын естіп, қуанып қалдық. Осындайда «билік өкілдері жаңа оқу жылы қарсаңында жәрмеңке ұйымдастырса ғой. Бала да мәз, біз де мәз, ата-ана бір жасап қалар еді…» деген ой келді. Қайдам, оны ұғатын атқарушы билік қайда?!

…Базарда бала жетектеген ата-анадан аяқ алып жүргісіз, бәрі де киім немесе оқу құралын іздеп жүр. Көпшілігі «негізгі формасын түгендеп алсақ, спорттық киімін кейін ала жатармыз» деп өзін-өзі жұбатады. Қалтасын да ойлап, баласының көңілін де қалдырғысы келмей, екі оттың ортасында жүрген аналарды көргенде жазушы Шерхан Мұртазаның «Бiр кем дүниесі» бірден ойға оралды.

Ал, қымбатшылық бүйірден қысқан қоғамда тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына қазір нендей көмек көрсетіліп жатыр? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек тиесілі еді?

«Мектепке жол»

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, қазір ата-анаға мектеп формасы мен тиісті көмек туралы түсінік жұмыстары қызу жүргізілуде.

–  Әрбір азамат халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындау үшін көмек көрсетуіне болады. Қала оқушылары «Мектепке жол» акциясына да қатыса алады. Білім бөлімі тарапынан барлық еңбек ұжымдары мен жеке кәсіпкерлерге демеушілік көрсету жөнінде ұсыныс хаттар жіберілді. Сондай-ақ ата-ана немесе оқушы білім беру мекемесінен «Мектепке жол» акциясы және атаулы көмек туралы ақпарат ала алады. Облыстық білім беру басқармасы мен мектеп ұжымдары бастама көтеріп, ірі компаниялар мен жеке кәсіпкерлерден қайырымдылық ретінде балаларға көмек сұрап отыр. Егер өтінішімізді қабыл алса, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған санаттағы және көп балалы отбасылардың балаларына қолдау жасалады, — деді Айнагүл Байғанинқызы.

Азаматтарды қыркүйек айының соңына дейін жарияланған акцияға атсалысуға шақырған қаланың бас мұғалімі қамқорлықты қажет ететін балаларды мектеп формасы, оқу құралдарымен қамтуды көздейтін қайырымдылық шарасы биыл 1 тамызда басталып кеткенін қаперге берді. Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдына алу. Сондай-ақ меншік түріне қарамастан облыстағы барлық еңбек ұжымының және тұрғындардың қайырымдылық белсенділігін арттыру.

Айта кеткен жөн, атымтай жомарт жандар немесе қолынан келгенше көмектескісі келетін ұжымдар көмек ретінде мектеп, спорт формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары мен оқу құралдарын да бере алады. Дәстүрлі түрде өткізілетін акцияның балаларды мектепке дайындап, отбасыларға қолдау көрсетуде зор маңызы бар.

Көмекті кімдер алады?

Сабақ киімі мен оқу құралдарын алу әсіресе көп балалы ата-аналар үшін оңайға түспейді. Ал, бір үйден бірнеше бала сабаққа барса тіптен қиын. Мамандар осыған байланысты арыз-шағымның көп екенін жоққа шығармайды. Алайда, мұндай көмек қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес беріледі екен. Нақтылап айтсақ, құжаттар республика Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес қабылданады. Ол үшін ата-аналар әлеуметтік статусын анықтайтын тиісті құжаттарды тапсыруы тиіс. Құжат талапқа сай болса, мектеп жасындағы әр балаға ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінде, яғни 43 407 теңге төленеді.

Ескерерлігі, белгіленген санатқа сай келетін тек ата-ананың өтініші қабылданады. Ал, санаттар мынадай:

1. Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары;

2. Мемлекеттік әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылар балалары;

3. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз отбасылар балалары;

4. Төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардың балалары;

5. Білім беру мекемелерінің алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілер.

«Бұрынғыны кигеннен кем болмайсың»

Бүгінде ата-ана да, бала да сабақ киіміне әбден дағдыланған. Өйткені, мектеп формасы – оның оқушы екендігінің бірден-бір белгісі. Осындайда Шәмшінің «Ақ бантигі» ойға орала береді:

Балауса қыз едің бір кезде,

Шашыңа ақ бантик байлаған…

Санаға тамаша шуақ құятын осы бір әуезді әнмен бірге көз алдымызға ақ бантик таққан әдемі оқушы қыз, оның періште бейнесі елестей кетті…

Бірыңғай мектеп формасының болуы балаларды бір тәртіпке бағындырып, бір шаңырақ астына  ұйыстыра да алады. Ал, тәртіп пен тәрбие бар жерде сапалы білім де болмақ. Елде киім түгілі матаның өзі тапшы тоқсаныншы жылдары да перзенттерін арнайы формамен киіндіріп, қатарынан қалдырмаған Күлән Ізімова бүгінде трендке айналған баланы үлде мен бүлдеге орап қоюдың қателік екенін айтады.

– Мұндай қиындықты біз де көрдік. Ол кезде артық табыс көзі жоқ. Мемлекеттің өзі еңсесін енді тіктей бастаған жылдар. Аралары бірер жас шамасындағы үйелмелі-сүйелмелі бірнеше балам мектепте оқиды. Бірінің киімін біріне кигізіп, амалын таптық. Ешқайсысы қатарынан кем қалған жоқ. Үлкендеріне қолдан тігіп, кішілері соны киіп өсті. Оларды ешкім «мынау апаңның, не ағаңның киімі» деп сөккен емес. Қызыма ақ фартук таба алмай, үйдегі терезенің пердесінен тігіп бергенім де есімде. Қазір, шүкір, киім де бар, таңдау да бар. Ақшаң болса қалағаныңды аласың. Бірақ, баланың бәріне жыл сайын су жаңа киім әперу дұрыс емес. Кішкентай шағынан киімді ұқыпты, үнемді киіп үйренсе оның қадірін біліп өседі. Соны ата-ананың өзі ұғындыруы тиіс, қолда бардың қадірін біліп, жоқтан бар жасауға бейімделгені жөн. Жыл сайын киім ауыстыру – ысырапшылдықтың көрінісі. Бір үйдің балаларының бірінің киімін бірі кигенінде еш әбестік жоқ, керісінше бауырмалдыққа тәрбиелейді, — дейді ол.

Әлбетте, Күлән әжейдің сөзінің жаны бар. Баланы қатарынан қалдырмау – оны соңғы сән үлгісінде киіндіру емес, білім нәрімен сусындатып, заманға сай, қоғам сұранысына ие маман ретінде қалыптастыру. Сондықтан, қымбатшылық қысымға алған тұста қолда бардың қадірін біліп, қанағатшыл болған жөн болар. Ал, қанағат – қарын тойғызады!..

Түйін:

Мектепке де өз қалауымен киінетін баланың өз дегенімен жүріп, өзінен басқаны елемей өсетіні қауіп. Әрине, перзентінің иіні бүтін, қарны тоқ болса ата-ананың да көңілі көтеріңкі. Сондықтан, ата-ана бақылауға көнбей жатқан бүгінгі бағаға бола еңсесін түсірмеуі тиіс. Дәл қазір қоғамның көмегіне зәру отбасы көп. Осындайда әр азамат, сахи жомарттар бір отбасына болса да көмегін тигізіп, ізгілікті іске үлес қосса дейміз. Сіздің кішкене ғана көмегіңіздің өзі кішкентай жүректерді қуанта алатынын ұмытпаңыз. Ал, көп түкірсе – көл болар…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button