АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛҒАН ҚИНАЛМАЙДЫ

Кеше республикалық «Қыс – 2015» командалық-штабтық жаттығуы басталды. Екі күнге созылатын шара төтенше жағдайлардың алдын алу, зардабын жою мақсатында қолға алынған.

Биыл да «Қыс – 2015» жаттығуына ерекше маңыз беріліп отыр. Оған республика бойынша ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко басшылық жасайды. Ал, Атырау өңірінде оқу-жаттығуға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев жетекшілік етеді. Дүйсенбі күні облыстық әкімшілікте өткен алқалы жиында шараны ұйымдастыру мәселесі пысықталса, кеше қаладан шыға беріс тұстағы Бәйтерек ауданында облыстық шұғыл әрекет ету жасағының күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Алдымен облыс әкімінің орынбасары олармен жақынырақ танысты.

– Республикалық «Қыс – 2015» командалық-штабтық жаттығу барысында шұғыл әрекет ету жасағының жауынгерлік дайындығы, төтенше жағдай бөлімшелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы тексерілуде. Жаттығу орнында қысқы кезеңде төтенше жағдайды жою бойынша практикалық мәселелер пысықталып жатыр, – дейді Атырау облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Сағынбек Өмірзақов.

Ауқымды шараға жергілікті кәсіпорын-мекемелердің 60-тан астам техникасы тартылып отыр. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы жаттығуға алып қуатты техникаларын, өзге жабдықтарын әкелген. Олардың бәрі кеше Бесікті поселкесі тұсындағы қорғаныш дамбаларын қалпына келтіру жұмыстарына тартылды. Сонымен қатар, құтқарушылар Атырау – Индер тас жолы бойында жолаушыларды құтқару жұмыстарын жүргізді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз