АМӨЗ қызметкерлері тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетеді
Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, облыстағы су тасқынынан жапа шеккендерге қаржылай көмек ретінде біркүндік еңбекақыларын аударады. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметінің өкілдері хабарлады.
Сондай-ақ «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Абзал Досжановтың тапсырмасымен арнайы штаб пен 150 зауыт жұмысшысынан тұратын жұмылдыру жасағы құрылып, облыс әкімдігімен бекітілген аумақта су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысады.
–Зауыт арнайы техникалар, жеке қорғаныс құралдары мен өзге де құрал-саймандармен қамтамасыз ететін болады. Қажет болған жағдайда халықты эвакуациялау үшін көлік құралдарын жұмылдыруға да дайын. Қазір «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ зауыт арқылы Жылыой ауданына 20 тонна дизель отынын жөнелтті. Сонымен қатар Махамбет ауданына жанар-жағармай сақтауға арналған сыйымдылықтар мен жағалауды қорғау жұмыстары үшін қажетті құрал-жабдықтар жібереді, — делінген баспасөз хабарламасында.