b1950866505ccd1f0b44e3ae3bd2b6190cd62882 906

7-20-25: мемлекеттік бағдарламаның артықшылығы неде?

Жаңалықтар Шаһар шырайы Қоғам

«7-20-25» бағдарламасының жылдық мөлшерлемесі – 7 пайыз. Бастапқы жарнасы 20 пайызды құрайтын несие 25 жылға есептелген. Оған меншігінде жылжымайтын мүлігі жоқ еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Дегенмен, тұрғындардан бағдарламаға қатысты жиі қойылатын сұрақтар бар. Оның бірқатарына Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Серік ОМАРОВ жауап берді.

c5837262b25b0345730f44db9990168a

– Қарыз алу үшін жалақы мен кірістің мөлшері қандай болуы қажет?

– Қарыз алушы кірісінің ең төмен деңгейі бағдарламада белгіленбеген. Сонымен қатар, қарыз алушының ипотекалық қарызға қызмет көрсету үшін жеткілікті, расталған кірісінің болуы қажет. Қарыз алушының кірісі жеткіліксіз деңгейде болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы тартуға рұқсат етіледі.

– Банктер қандай комиссиялық алым алатын болады?

– Қарызды бергені және оған қызмет көрсеткені үшін комиссиялық алым алуға тыйым салынған.

– Басқа өтелмеген қарыздардың болуы несие алуға кедергі келтіре ме?

– Бағдарламада өтелмеген ипотекалық тұрғын үй қарызы бар адамға қарыз беруге тыйым салынған. Басқа қарыздарыңыздың болуы сіздің несие төлеуге қабілеттілігіңізді бағалауға және бағдарлама бойынша әлеуетті қарыз мөлшеріне әсер ететін болады.

 – Қарыз алушының шекті жасы жөнінде бағдарлама шеңберінде шектеулер бар ма?

–  Бағдарламада қарыз алушының жасы бойынша шектеулер көзделмейді. Қарыз алушы қарыз мерзімін банкпен келісім негізінде айқындайды.

– Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, мүгедектер, көп балалы отбасылар қатыса ала ма? Аталған азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер көзделген бе?

– Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық санатының қатысуына рұқсат беріледі. Бағдарлама талаптары барлығы үшін бірдей болып табылады, сондықтан азаматтардың жекелеген санаттары үшін қандай да бір жеңілдіктер көзделмейді.

 – Бағдарламаға қатысу үшін қандай уақыт аралығында меншігімде тұрғын үй болмауы тиіс?

– Мерзім белгіленбейді. Қарыз алушы қарыз алу үшін бағдарламаға қатысушы банкке өтініш берген сәтте меншік құқығында тұрғын үйі болмауы тиіс.

– Егер жұбайының меншігінде тұрғын үйі болып, қарыз алушыда тұрғын үй болмаса, ол бағдарламаға қатыса ала ма?

– Тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап тек қарыз алушыға ғана қолданылады.

– Егер жалпы үлестік меншікте тұрғын үй болса, қарыз алуға рұқсат етіле ме?

– Иә, тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап жылжымайтын тұрғын үй объектілеріне қолданылады. Бұл ретте меншіктегі үлес жылжымайтын тұрғын үйдің жеке объектісі болып табылмайды.

– Бастапқы жарнаның орнына кепілге басқа баспананы беруге бола ма?

– Жоқ. Бастапқы жарна ақшалай қаражатпен енгізілуі тиіс.

– Бастапқы жарнаны төлеу үшін зейнетақы жинақтарын немесе «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» салымды пайдалануға бола ма?

– Бастапқы жарнаны қарыз алушы өз ақшасынан төлейді, сондықтан зейнетақы жинақтарын пайдалануға болмайды.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» салымды жинақтау баспана сатып алғысы келетін, бірақ, бірден бастапқы жарна беруге мүмкіндігі жоқ азаматтарға арналған. Салымды жинақтау арқылы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесіне қатысу азаматтарға салыстырмалы түрде төмен мөлшерлемелермен (3-5 пайыз) қарыз алуына мүмкіндік береді.

– Бастапқы жарнаны төлеуге қаражат болмаса, не істеуге болады?

– Бастапқы жарнаны бірден беруге мүмкіндігі жоқ азаматтар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» салымға ақшаны толықтыру арқылы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесіне қатысып, баспана сатып ала алады.

– Бір қалада тіркелген азаматтың басқа қаладан несиеге тұрғын үй сатып алуына бола ма? Ауыл тұрғындары осы бағдарлама шеңберінде қалалардан тұрғын үй ала ала ма?

– Сатып алынатын тұрғын үй орналасқан жер, сондай-ақ,  қарыз алушының нақты тіркелген жері бойынша шектеулер белгіленбейді.

– Тұрғын үйге қандай талаптар қойылады? Құрылысы бітпеген тұрғын үйді сатып алуға бола ма?

– Құрылыс салушыдан жаңа салынған, пайдалануға берілген тұрғын үйді ғана сатып алуға болады.

– Ауылдық жерден үй сатып алу үшін қарыз алуға бола ма?

– Егер осы тұрғын үй жаңадан салынған және пайдалануға берілген тұрғын үй санатына жатқызылса, рұқсат етіледі.

 – Бұрын алынған ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырыла ма?

– Қайта қаржыландыруға рұқсат берілмейді.

– Бағдарлама бойынша несиеге баспана алып, оны сатуға және қайтадан осындай қарыз алуға бола ма?

– Қарыз алушыда өтелмеген ипотекалық қарыздардың болмауы бағдарлама талаптарының бірі болып табылады. Оның қатысушысы және ипотекалық қарызға ие бола тұрып, бағдарлама талаптарымен жаңа қарыз алу мүмкін емес. Бұл ретте ипотекалық қарыз толық өтелген жағдайда, бағдарлама оның талаптарын сақтай отырып жаңа қарыз алуға мүмкіндік береді.

– Құны 5-25 млн. теңге болатын тұрғын үй бойынша ай сайынғы төлемнің мөлшері қандай болады?

– Қарыз мерзімі 25 жыл болғанда бағдарлама бойынша болжамды ай сайынғы төлем бойынша алдын-ала есептеулер:

                                                                                                               Тұрғын үй                   Бастапқы жарнаның                     Ай сайынғы төлем

                                                                                                              құны, теңге                  мөлшері, теңге                                 мөлшері, теңге           

                                                                                                                  5 млн.                              1 млн.                                                    28 мың

                                                                                                                10 млн.                              2 млн.                                                   57 мың

                                                                                                                15 млн.                              3 млн.                                                    85 мың

                                                                                                               20 млн.                              4 млн.                                                   113 мың

                                                                                                               25 млн.                              5 млн.                                                    141 мың

 Азамат Базарбаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған