
Алматыға Дженнифер Лопестің концертін тамашалауға 29 елден көрермен келеді
10 тамыз күні Алматының Орталық стадионында әлемге танымал жұлдыз Дженнифер Лопес өнер көрсетеді, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды іс-шара қаланың және туристік саланың дамуына елеулі үлес қосады.
«Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасеновтың сөзінше, концерт халықаралық деңгейде үлкен қызығушылық тудырды – билеттерді Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Швейцария, Қытай, Түркия, Мексика және басқа елдерді қоса алғанда, 29 елдің тұрғындары сатып алды.
– Бұл елдегі ең тартымды туристік қалалардың бірі – Алматы үшін маңызды оқиға және туризмінің драйвері, — деді Мәлік Хасенов.
Оның айтуынша, билеттердің 30 пайызын (шамамен 8 000 адам) шетелдіктер сатып алған. Алматы қаласының туризм басқармасының зерттеуіне сәйкес, әрбір шетелдік турист қалада орта есеппен 3-тен 5 күнге дейін болып, жалпы 1500 АҚШ доллар көлемінде қаражат жұмсайды.
– Егер 8 мың турист бір мезетте келіп, осы соманы жұмсаса, қонақүйлер, мейрамханалар, дәмханалар, экскурсиялар мен әуе билеттері арқылы қала экономикасына түсетін табыс шамамен бес миллиард теңгеге жетеді, — деп атап өтті ол.
Продюсер билет құны қалай қалыптасатынын және неге мұндай деңгейдегі іс-шара үшін бұл бағаның қолжетімді екенін де түсіндірді. Бағалар 40 мыңнан 180 мың теңгеге дейінгі аралықта, соның ішінде ең қымбат орындар сатылып кетті. Билет бағасының орташа құны – 90 мың теңге.
– Бағалар концерттік турдың өзіндік құнына байланысты есептеледі. Бұл – 14 елде өтетін ауқымды әлемдік тур. Әрбір баға тур-менеджермен келісілген. Ең бастысы, бұл жобада мемлекеттік бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалған жоқ – бұл толығымен коммерциялық шара, барлық салық төленеді, — деді спикер.
Сондай-ақ ол Астанада барлық билет небәрі үш сағат ішінде сатылып кеткенін тілге тиек етті. Алматыда қазір шамамен 2 500–3 000 билет қалды — олар тұрып тамашалайтын орындар, фан-аймақ пен би алаңы.
– Бұл Қазақстан нарығы әлемдік деңгейдегі шараларды өткізуге дайын әрі жетілгенін көрсетеді, — деп қорытындылады сөзін спикер.
Дженнифер Лопестің концерті Алматы қаласына айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі. Тек салық түсімдерінің өзінен қалалық бюджетке шамамен 400 млн теңге түседі деп күтіліп отыр.
«First Media Group» компаниясының басшысы Альфия Нұрғұмарованың айтуынша, Алматы үшін барлығы 25 мың билет қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін продюсер Мәлік Хасенов Дженнифер Лопес 10 тамыз күні Алматының Орталық стадионында жеке концертін өткізетінін айтқан еді.
Кейін «Қайрат» футбол клубы бұл іс-шараға келісім бермегенін хабарлады.
Артынша, Алматыда 10 тамызда «Қайрат» – «Жеңіс» ойыны емес, Джей Лоның концерті өтетіні белгілі болды.
Айта кетейік, америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопес тур аясында Қазақстанда екі концерт өткізеді.