Алмас Қабдолов – Үздік жыл журналисі
Бүгін әріптесіміз, облыстық
“Атырау” қоғамдық-саяси газетінің экология және құқықтық мәселелер жөніндегі шолушысы Алмас Қабдолов “Жыл адамы” қорытынды іс-шарасында “Үздік жыл журналисі-2024” номинациясымен марапатталды.
Атырау қаласындағы М.Асаубаева атындағы креатив орталығында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Алмас Қабдоловтың журналистика саласындағы үздік жетістіктері мен қызметтегі кәсіби шеберлігі айрықша аталып өтті.
1990 жылы 21 сәуірде Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылында дүниеге келген Алмас Бауыржанұлы ауылдағы Қаракөл орта мектебінде білім алып, кейін Мақат ауданы, Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектепті тәмамдаған. Жоғары білімін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика бөлімінде алған.
Еңбек жолын студенттік жылдары бастаған ол Мақат аудандық “Мақат тынысы” газетінде тілші болып қызмет атқарса, кейін «АтамекенЭлектроСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, Махамбет аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде келісімшарт негізінде жұмыс істеді.
2020 жылдан бастап “Атырау” газетінде журналист болып қызмет етіп келеді. Үлгілі қызметі үшін Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты, «AMANAT» партиясы атқарушы хатшысының Алғыс хаты, аталған партияның Махамбет аудандық филиалының Алғыс хаты, Мақат ауданы әкімінің Алғыс хаты және өзге де облыстық әкімдікке қарасты басқармалар мен салалық құрылымдардың Алғыс хаттарымен марапатталған.
Экология және құқықтық мәселелер жөніндегі мақалаларымен танылған Алмас Қабдолов өзінің өткір тілі мен шынайы көзқарасы арқылы көптеген оқырманның сеніміне ие болған. Оның еңбектері қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, әділдік пен жауапкершілікті насихаттауға бағытталған.
Марапаттау барысында Алмас Қабдолов өзінің журналистикадағы миссиясы – қоғам игілігі үшін қызмет ету екенін ерекше атап өтті.
Алмас Қабдоловтың бұл марапаты оның еңбекқорлығы мен кәсібилігінің жарқын дәлелі. Әріптесімізді “Жыл үздігі-2024” атағымен шын жүректен құттықтай отырып, болашақта да биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз!
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ