Атырауда орыс тілі орталығы ашылды

20201125 195117 Жаңалықтар

Өткен сәрсенбі күні Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде орыс тілі, әдебиеті мен мәдениеті орталығы салтанатты жағдайда ашылды. Осынау рәсімге Орал қаласындағы Ресей Федерациясы Бас консулдығының вице-консулы Владимир ВОЛКОВ мырза қатысты.

Біздің еліміздің көршілес Ресей елімен достығы, қарым-қатынасы өте ертеден басталады. Мұныхалық тілімен айтқанда, патша заманынан бері қарай қазақ пен орыс көрші болып, араласып келеді. Ұлы Абайдың өзі орыс ақын-жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударып, солар арқылы адам бойында кездесетін жаман қасиеттер – масылдық пен еріншектікті, өтірік айту мен өсекшілдікті сынады.

Біздің халық орыстармен 70 жылдай кеңес одағының құрамында болды. Қазақша айтқанда, бір қазаннан ас ішті. Одан кейін, тәуелсіздік алғаннан соң да іргеміз ажыраған емес. Байланысымыз одан бетер тереңдей түсті. «Құдайы көршіңмен тату тұр» деген қағиданы ұстанып, бүгінде екі халық бірін-бірі туыстай көруде.

Шыны керек, Қазақстан қай елмен де дипломатиялық қарым-қаты­нас­та өмір сүргісі келеді. Себебі, біз саяси-экономикалық даму жолына түскен елміз, бізге біреудің артық дүниесі, тегін қазынасы қажет емес. Біз бар игілікке адал еңбекпен, тура жолмен жетуді көздейміз. Жалпы тарихи-мәдени байланыс тұрғысынан да, мәдени-экономикалық жағынан да Қазақстан үшін Ресейдің өзіндік орны бар. Неге десеңіз, қос ел іргелес жатқандықтан экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етеді. Осы себепті екі ел арасындағы қандай ма байланыстың дамуы бәрімізге де тиімді болмақ.

       Жаңа орталықтың ашылу рәсіміндегі алқызыл лентаны қию құрметі вице-консул Владимир Волков пен университет ректоры Саламат Идрисовтарға жолданды.  

       – Университетіміздегі орыс филологиясы кафедрасының профессор-оқытушылық құрамы студенттердің терең білім алуына бар күш-жігерін, білім-білігін, еңбегін жұмсауда. Біз жоғары оқу орны түлектерінің еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүргенін үлкен мақтаныш етеміз. Сөздің шыны сол, облысымызда «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығын меңгерген мамандар әлі де болса тапшы. Осынау мәселені шешу үшін біздің облыстық әкімдік жыл сайын шалғай аудандардан келетін абитуриенттер үшін біраз грант бөледі.

Сонымен қатар, біздің университет орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау мен қайта даярлауды қолға алып келеді. Бүгінгі ашылып отырған орыс тілі, әдебиеті және мәдениеті орталығы студенттер мен оқытушыларға, жалпы көпшілік қауымға екі халықтың мәдениетін тереңірек білуге жәрдемдеседі деп ойлаймыз, – деді аталған жоғары оқу орнының ректоры Саламат Нұрмұханұлы өз сөзінде.

Ол, сонымен бірге, орталықтың көзтартарлықтай жасақталуына орыстың «Былина» этномәдени бірлестігінің үлкен үлес қосқанын баса айтып, оның жетекшісіне өзінің зор алғысын білдірді.

       Мұнан әрі сөз алған құрметті қонақтар – вице-консул Владимир Волков, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Шәкірова, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысы Әсия Қыстаубаева, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев, университет профессорлары – Қадыр Жүсіп, Сәуле Дүтбаева, Жанна Қыдыралина, факультет деканы Айгүл Сұлтанғұбиевалар жаңа орталық жұмысына сәттілік тіледі. Ал, ресейлік вице-консул Владимир Александрович орталыққа бағалы сыйлық – кітаптарды сыйға тартса, білім ошағы басшысы Саламат Идрисов қазақы дәстүрмен қонақ иығына зерлі шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.    

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттерді түсірген автор

20201125 195536
20201125 194759
20201125 194932
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз