«Алло, жедел жәрдем!» немесе «103» қызметіндегі бір күн
Аймақта 1 дербес «жедел жәрдем» стансасы, Атырау қаласында 3 қосалқы станса (Алмагүл ықшамауданы, Владимирский көшесі және Бірлік ауылы), аудандық орталық ауруханалар жанында – 7, дәрігерлік амбулатория жанында 1 «жедел жәрдем» бөлімшесі бар. Облыс орталығындағы Нұрсая мөлтекауданында жуырда тағы бір станса ашылады.
Балтырымыз сыздап, ауру маза бермесе, ең алғаш «жедел жәрдем» қызметіне жүгініп қана қоймай, сала мамандарына шағымымыздың дайын тұратыны рас. Арыздан көз ашпайтын «жедел жәрдем» жұмысы туралы білмек болып, бір күнімізді сала қызметіне арнауға бел будық. Жоспар бір күндік деп белгіленгенімен, шыдам сегіз сағатқа ғана жетті. Осы уақытта кез келген адамның медицина маманы бола алмасын аңғардық.
Жауапсыздыққа жол жоқ!
Сонымен, біз облыстық «жедел жәрдем» стансасындамыз. Атырау қалалық «жедел жәрдем» стансасының облыстық деңгейге өткені мұндағы қызметті тіпті еселендіріп жібергендей. Диспетчерлер орналасқан бөлмеде бос адам болмады. Қарбалас үстінде. Тіпті, бізге қарауға мұршалары жоқ. Соғылып жатқан қоңыраулар саны шексіз. Жардағы үлкен мониторда әр бригаданың қайда жүргені анық көрініп тұр. Қоңырауды қабылдаған диспетчерлер науқасқа қатысты барлық мәліметті жедел автоматтандырылған ақпараттық жүйеге толтырып, оны бос бригадаға ұсынуда. Аталған бағдарламада GPS навигатор, қала картасы, медициналық электронды анықтамалар бар. Бригада электронды планшетпен толық қамтылған. Олар жүйе арқылы бақылауда болғандықтан, жұмысына жауапсыздық таныта алмайды.
Осылайша, жұмысты бағдарлап тұрған сәтте №1 бригадаға шақырту түсті. Фельдшерлер Айгүл Мырзағалиева мен Арман Мұғайыр жедел жолға жиналып, біз де оларға ілестік. Атырау мөлтекауданындағы бүйрегі ауырып, мазалаған науқасқа белгіленген он минутта жеттік. Алайда, тұрғын ауруханаға шұғыл апаратындай жағдайда емес. Фельдшер ауруын басатын екпе салып, емхана дәрігеріне тексерілу үшін дабыл парағын ұсынды. Бұдан кейін бригадаға шақыртулар толассыз түсе бастады. Бірқатар мекен-жайға барып, науқастардың жағдайымен танысқанда, кейбір адамдардың сәл ғана жағдайға бола «жедел жәрдем» шақыртып, дабыл қағатынына көз жетті.
«Дәрігер, тез жетіңізші…»
«Қоңыраулар І, ІІ, ІІІ, ІV санатты болып бөлінеді. І санаттағы жүрек аурулары, тыныстың тарылып, тұншығуы, қан кету, есінен тану сияқты ауруларға «жедел жәрдем» он минутта жетеді. ІІ санаттағыларға жету уақыты – 15, үшінші санат бойынша 30 минут белгіленген. Ал, төртінші санаттағыларға емхананың мобильді топтары барады», — дейді фельдшер Арман Мұғайыр.
Келесі бір шақыртуда Нұрсая мөлтекауданындағы орта жастағы ер адам «ішім түйіліп, маза бермей тұр» деп қоңырау шалған. Қолына бес келі дәрігерлік жәшігін алған мамандар тағы асығыс жөнелді. Науқас соқырішек диагнозына күдікпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Бұдан кейін туылғанына жиырма-ақ күн болған шақалақты шұғыл облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне тапсырдық. Химиктер ауылындағы шақыртуда екі жасар сәбидің дене қызуы түспей, маза бермейтіні айтылды. Алғашқы тексерістен соң учаскелік педиатрдың қарауына дабыл парағы жазылды.
«Біз бәріне де дайынбыз…»
Келесі бір шақыртуда Нұрсая мөлтекауданында орын алған жол апатына бару үшін көліктің дабыл белгісі қосылып, жүргізушінің шеберлігінің арқасында кептелістен тез шықтық. Соқтығысқан екі көліктегі өлім мен өмір арасындағы зардап шегушілерге фельдшерлер жанталаса көмек көрсетті. Сала мамандарының ептіліктеріне таң қалдық. Бірі қан қысымын өлшеп, енді бірі система құралдарын дайындауда. Біз «жолаушылардың жаны аман қалса екен» деп тіледік. Алғашқы көмек көрсетілген соң олар жедел облыстық ауруханаға апарылды. Аурухананың науқастарды қабылдап алу бөлмесінде түрлі жағдайдағы адамдарды көрдік. Сала мамандарының айтуынша, мұнда жол апаты салдарынан зардап шегушілер жиі келеді.
Бригада стансаға жол тартып, фельдшерлердің тынығу бөлмесіне келді. Бұл орында «жәрдемшілер» тынығып, демалады десек, олай емес. Бірер минуттан соң симуляциялық оқу кабинетіне кіріп, манекендерге жүрек-өкпе реанимациясын жасап, монитор арқылы қан қысымын өлшеу сынды қызметтермен жаттығу жұмыстары жүргізілді. Облыстық «жедел жәрдем» стансасы бас дәрігерінің орынбасары Наргиз Нұридинқызы фельдшерлерге семинар-тренинг ұйымдастырды. Тренинг үстінде шақыртулар қайта жалғасты. Бригада жәшігін түгендеп, жолға шықты. Бұл шақыртуда көрсетілген мекен-жайды таба алмай сәл кешігуге тура келді.
«Кейде бір күнде бригадаға отыздан аса шақырту түседі. Күндізгі, түнгі, бір күнгі ауысымда қызмет етеміз. Бізге көп адамдар көшелерін бұрынғы атаумен айтады. Оны іздеп қалатынымыз рас. Одан қалса қабаған иттері тағы бар. Ішіп алған науқастармен де кезігеміз. Дөрекі сөйлеп жататындар аз емес. Ауруы асқынғандардың біз жеткенше немесе тексеріс үстінде қайтыс болып, қайғыға тап болатын сәттер де болады. Сондықтан, біз барлығына дайынбыз. Бұл жұмыста әр нәрсені жүрекке жақын ала берсең, салада қызмет ету мүмкін емес», — дейді фельдшер Айгүл Мырзағалиева.
Расымен де, бұл қызметті атқаруда жүйкеңіз темірдей болуы қажет. Алайда, біздің шамамыз сегіз сағатқа ғана жеткенін жасырмаймыз. Сан түрлі ауруға кезігіп, шаршап, шалдыққанда «жедел жәрдемшілерге» көпшіліктің айып тағуы бекер деген ойға келдік. Егер сіздің шақыртуыңызға «жедел жәрдем» жылдам жетпей жатса, оған түсіністікпен қараңыз. Өйткені, олар кешіксе, себепсіз емес. «Бір адамның жанына араша түсіп жатыр» деп қабылдау жөн-ақ.
Алтыншаш Нәсіпқалиқызы
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.