ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ – ҰДАЙЫ НАЗАРДА

Сейсенбіде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізді.

Бірден байқалғаны, аймақ басшысының бұл жолғы қабылдауына жазылғандар әдеттегіше баспана жайын, тұрғын үйлерін жекешелендіру, отбасы жағдайына байланысты тұрғын жайының алаңын кеңейту немесе жекешелендіру төңірегіндегі мәселелерді қозғаумен ғана шектеліп қалмады. Сонымен қатар, жалпыға ортақ, көпшілікке ой салып, қоғамдық пікірді туғызатындай мәселелерді де көтеріп, ұсыныстарын ортаға сала келіпті.
Осылайша, қабылдауға алғашқы болып кірген қала тұрғыны Мұратбек Қорқытов әкесі, белгілі жазушы-драматург, қоғам қайраткері болған Атыраудың ардақты азаматы Берік Қорқытов есімін облыстық тарихи-өлкетану мұражайына беру, оған қоса марқұмның өмірінің соңғы жылдарын өткізген, өзі тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнату жөніндегі ұсыныспен келгенін жеткізді. Облыс әкімінің осы мәселенің оңды шешімін табуына қолдау көрсетуін өтінді. Әрине, ортаға салынып отырған ұсыныс кім-кімді де бейжай қалдырмағанымен оның тиісті заңдылықтар мен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес шешілу жолдары қарастырылуы қажеттігі қаперленді.
Сол сияқты есімі өңірімізге белгілі өлкетанушы-тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ерсайын Өміров республикамыздың басқа аймақтарындағы тәрізді Атырау облысының, соның ішінде Қызылқоға ауданының жерінде де зерттеп-зерделеуге тұрарлық тарихи орындардың барлығын, кешегі мен бүгінгіні жалғастыратындай көптеген көне қалалар қорымдарының сақталғандығын алға тартты. Сөйтіп, ұзақ уақыт бойы жүргізілген тарихи зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бір ғана Қарабау селосының ауқымында бірнеше шаһардың жұрты қалғандығын баяндады.
Негізінен алғанда, бұл мәселенің де дұрыстығы, көкейге қонымдылығы құпталды. Дегенмен, шалғайдағы елді мекенге қатысты қордаланған бірқатар проблемаларды (жол, әлеуметтік нысандар құрылысы, селоның инфрақұрылымы, т.с.с.) оңтайлы шешіп алмайынша, бұны ойлауға ертелеу екендігі ескертілді.
Ал, Махамбет ауданының Сарайшық селосының тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі Асылхан Қасымов мал шаруашылығымен шұғылдануы үшін мемлекеттен 7 млн. теңге көлеміндегі несиені көп кешіктірмей алуына ықпал етуді сұрады. Осыған дейін де түрлі бағдарламалар шеңберінде қарызға қаражат алып, бірнеше адамның нәпақасын табуына септігін тигізген, мал басын көбейтіп, өнімін молайтқан шаруагер жігітке осы жолы да қолдау, сенім білдіруге болатындығы аңғарылды.
Бұдан бөлек, қабылдауға тіркелген, бала жастан мүгедек екі қызын тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Баян Қабылова 2012 жылдың қаңтар айынан бері қала бойынша тұрғын үй кезегінде (халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына кіретіндердің санатында) тұрғандығын, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Күнайым Шаматова қайтыс болған сіңлісінің (жолдасы да өмірден өткен) көзіндей боп соңында қалған ұлы мен қызын өз қамқорлығына алып отырғандығын, сол себептен болашақта олардың өз алдына баспаналы болғандығын қалайтындығын айтты.
Атырау қаласына қарасты Ақсай селосында тұратын Мұрат Бекбаулиевтің жағдайы бұдан гөрі ауырлау көрінді. Өткен жылы отбасымен тұрып жатқан, анасының иелігіндегі үйлері өртеніп, соның салдарынан бойжетіп қалған бір қызы қайтыс болып, жолдасы ауруға шалдыққан. Осы мезгілге дейін өздеріне тиесілі баспанамен қамтамасыз етілмеген, ағайын-туыстарының үйін сағалап тірлік етіп келген. Балаларының кейінгілері мектеп жасында, оқу жылы болса жақын. Азаматты осы жайлар мазалап, қатты алаңдатады. Тұрмысы қиын саналатындықтан мұндай отбасыларына ешқандай себеп-сылтаусыз, кезексіз үй берілуі керек. Облыс әкімі осы жағын ескертіп, өтінішін тездетіп қанағаттандыруды қала әкімдігіне міндеттеді. Құрманғазы ауданынан келген Жазира Марданова мен Галина Жолдығұлова сыр-қатқа ұшыраған балаларын емдетіп, ота жасатуға қажетті қаржы жағынан жәрдемдесуді сұрады. Олардың да өтініштері заң шеңберінде қаралып, мүмкіндігіне қарай қанағаттандырудың шаралары алынатындығы мәлімделді.
Қорыта айтқанда, әлеуметтің әлеуетін көтеріп, тұрмыс ахуалын арттыру, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту осындай өзекті мәселелердің шешілуіне байланысты екендігі даусыз. Осы жағына жіті назар аударып, әрбір арыз-шағымның аяқсыз, сауалдың жауапсыз қалмауына көңіл бөлетін аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы бұл жолы да сол дағдысынан жаңылмады. Қабылдауға қатысушы қала әкімі Нұрлыбек Ожаев пен салалық басқармалардың басшыларына да осыны нақтылай айтып, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз