Әлеумет мәселесі – әркез назарда

img 20201220 wa0080 Жаңалықтар

Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның тарлығы, үш ауысымды мектептерді жою, жұмыссыз жастар санын азайту, балалар ойын алаңдарын салу.

Осынау мәселелер «Nur Otan» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының жоспарына сай, Атырау қалалық мәслихатына үміткерлердің Еркінқала ауылы тұрғындарымен кездесуі барысында аталды.
Ауылдағы сайлаушылармен кездесуге келген кандидаттар Ғабиден Қанатов, Мұстахим Мұхтаров, Еркін Сүлейменов және Бибігүл Шайхиева «Nur Otan» партиясының кең ауқымды жобасымен таныстырып, жаңа жоба, бастамалардан хабардар етті.
Білім саласында бірнеше жылдық жұмыс тәжірибесі бар М.Мұхтаров негізінен аталған тақырыпқа, соның ішінде жұмысшы мамандықтарын дайындайтын колледждер мәселесіне кеңінен тоқталды.
Әр ата-ана баласын жақсы деңгейге жеткізуді көздейді. Жоғары оқу орнында
оқытып, жалақысы көп жұмыс жасаса деп армандайды. Көп ретте қарапайым мамандықтарды меңгеруге құлықты болмайтыны жасырын емес Алайда, жұмысшы кәсібі – әрқашан сұраныста. Қазір қаланың өзінде жұмысшы мамандықтарын дайындайтын 15 колледж бар. Бұл салаға мемлекеттік қолдау да көп» дей келе «Жас маман» бағдарламасы аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделіп отырғанын атап өтті. «Осы мақсатта қомақты қаржы бөлініп, зертханалар ашылуда. Сапалы білім берудің негізін құрайтын бұл жұмыстар жалғаса бермек» деді ол. Оған қоса Мұстахим Харенұлы «Nur Otan» партиясы жасақтаған бесжылдық бағдарламада білім саласына қатысты жаңалықтарды жария қылып, 11 мектеп, 36 балабақшамен қамтамасыз ету көзделгенін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған келесі үміткер Бибігүл Шайхиева жастармен жұмыс жасайтындықтан олардың мәселелерімен етене таныс екенін атап өтті. «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің коворкинг орталығына жетекшілік ететіндіктен студенттерге дәстүрлі біліммен қоса, қаржылық сауаттылық, бизнес бастау секілді заманауи үрдістерді меңгерту мақсатында жұмыстанамыз» деді ол. Өз кәсібін дөңгеленту, қайтарымсыз грант алу, кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы туралы айта келе, былтыр басталған «Жас кәсіпкер» жобасының әлі де жалғасатанын айтып, оның аясында жасы 29-ға дейінгі жастардың 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алуға мүмкіндіктері бар екенін атады. Айта кетейік, былтыр осы жоба нәтижесінде 110 жас грант ұтып, өз кәсіптерін бастаған. «Жетістікке жету – өз қолымызда. Ерік, жігер, еңбектену ғана жоғары нәтижеге бастайды» деген ол сайлауда белсенді болуға шақырды.
Келесі кандидат – Еркін Сүлейменов. Ол ширек ғасырдан астам уақыттан бері мұнай-газ өндірісі саласында табысты еңбек етіп келеді, Атырау Мұнай өңдеу зауытының бас инженері. Тәуелсіздік алған жылдардан бері АМӨЗ-да үш рет қайта құру жұмыстары жүргізіліп, қазір тұтастай елді мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге, экспортқа шығаруға қол жеткізілгенін атады.
«Nur Otan» партиясы атынан ұсынылған кандидат ретінде айтарым: елді, қоғамды дамытуға бәріміз де мүдделіміз. Әсіресе, экологияны жақсарту мәселесін назарда ұстаймыз. Жастарды еңбекке тарту да көзделуде. Қазір зауытта еңбек ететін жас мамандар көп. Оларды оқыту, біліктілігін арттыру бағытында да жұмыстар жалғаса береді» деді ол.
Сайлаушылармен кездесу барысында Атырау қалалық мәслихат депутаты ретінде бұған дейін де қала маңындағы ауылдардың жетістігі мен проблемаларын көтеріп жүрген Ғабиден Қанатов нақты мәселелерді сөз етті. «Қазіргі ауылдарды бұрынғымен салыстыруға мүлдем келмейді. Жарық жүргізілген, жол төселген, қажетті инфрақұрылымдармен жабдықталған. Десек те, Балауса, Еркінқала-2 ауылдарының ішінде жол төселмей қалған көшелер бар. Онымен қоса, осы кездесуге келе жатқан сәтте ауыл тұрғындары тарапынан «Жеңіс саябағы қоршалса» деген ұсыныс айтылды. Қаперімізге алып, тиімді шешуі жолында жұмыстанамыз» деді ол.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жолданған сауалдарды назардан тыс қалдырмайтындарын атаған кандидаттар сайлау науқанына қатысып, белсенділік танытудың маңыздылығын айтып өтті. «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырып, азаматтық белсенділік білдіруге үндеді.

«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз