ЖЕР ТЕЛІМІН СҰРАУШЫ КӨП

Жуырда «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Сләмғали Смағұлов тұрғындарды қабылдады.
Қабылдауға келген Нұрлыгүл Дүйсенова – жеке кәсіпкер. Тегершік жөндеу шеберханасы құрылысын жобалау және салу үшін Атырау – Еркінқала тас жолы бойынан 0,0217 га жер учаскесі өткен жылдың қыркүйек айында бөлінген екен. Алайда, картада көрсетілген жер телімін белгісіз біреу қоршап алған. Бір қызығы, қоршаған кім екенін бірде бір құзырлы мекеме білмейді. Айтуынша, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша несие алғанына да 9 айдың жүзі болған. «Алған несиемді қалай игерем?» деп мазаланып жүргенін жеткізді.
«Құжаттарыңыз дұрыс рәсімделген, сіздің тарапыңыздан қателік жоқ. Мамандарды жіберіп, тексертемін. Егер, аталмыш жер расымен қоршаулы болса, осы мәселені жер инспекциясына жолдаймыз. Қоршал- ған жерді босаттыру – тікелей жер инспекциясының құзырында» деген бөлім басшысының орынбасары бір апта көлемінде мәселенің анық-қанығын шешетінін айтты.

Ал, Нұрлан Марданов жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2007 жылы жер телімі кезегіне тіркелгенін айтады. «Жер берілсе, өзіміз-ақ үй тұрғызып алар едік» дейді ол. Тұрғынның назын тыңдаған қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары қазір қала бойынша 57 000 адамның жер телімін алу кезегінде тұрғанын мәлімдеді. «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу уақытша тоқтаған болатын. Қазіргі уақытта тұрғындарға беріліп, алайда инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етілмеген жерлердің мәселесі шешілуде. Ендігі кезекте, жоспар бойынша, 2002 – 2005 жылдар аралығында кезекке тұрғандар қамтылады» деген нақты жауап қайтарылды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз