Алдыңғы кезекте – жұмысшы жағдайы
Әр отбасының тұрмысы оның мүшелерінің табысына тікелей байланысты екені даусыз. Сондықтан, жұмыстан қысқаруға ұшыраған жұмысшының артында тұтастай жанұя бар екендігін ұмытпау қажет. Тіпті, белгіленген тапсырыс ауқымы азайғанның өзінде оны мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен оқытып, басқа мамандыққа баулыған жөн. Мұнайлы өлкеде өткен жұмыс берушінің еңбекақы бойынша борышы мәселелерін жедел қарау жөніндегі штаб отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова осы мәселені алдыңғы кезекке қойды. Жиын барысында өңірдегі жекеменшік компанияларда орын алған еңбек-ақы берешегінің жағдайы, жалақыны көтеру туралы жұмысшылар тарапынан туындайтын даулардың алдын алу және тағы да басқа шешімін күткен проблемалар қозғалды.
Берешекке «батқан» мекемелер
Әрине, аймақта шетелдік инвесторлар көптеп шоғырланғандықтан, жұмысшылардың дені де осындай компанияларда жұмыс жасайды. Өңірдің еңбек нарығында бос жұмыс орындары да жоқ емес. Алайда, қызметкердің айлығын дер кезінде төлемей, берешекке «көмілген» жұмыс берушілер қатары азаймай отыр. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтың баяндауынша, биылдың өзінде тұрғындардан түскен 890 шағым бойынша 341 мекемеде тексеріс жүргізіліп, 363 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Нәтижесінде, заңды және лауазымды тұлғаларға 20,5 млн. теңгенің айыппұлы салынды. Қазіргі уақытта оның 75 пайызы өндірілген. Аймақтағы өндіріс нысандарында 28 жазатайым оқиға орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға азайған. Дегенмен, оқыс жағдай салдарынан 33 жұмысшы зардап шекті. Өкініштісі сол, төрт маман оқиға орнында көз жұмған.
Ал, жалақыны уақытында бермей, берешекке «батқан» компаниялар қатарында «Water Energy Service», «Қаз-электриум», «Water Energy Service», «Индер темір жолы» ЖШС-тері бар. Бүгінгі таңда облыста үш кәсіпорынның 130 қызметкер алдында 18,1 млн. теңге қарызы бар.
– «Water Energy Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 75 жұмысшыға 13,2 млн. теңге бережағы қалды. Компания жыл соңына дейін өтеуі тиіс. Ал, «Индер темір жолы» ЖШС-де 53 маманға 8,17 млн. теңге қарыз анықталды. Көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізілген шаралардың нәтижесінде 3,6 млн. теңгесі өтеліп, қалған берешек сомасы 4,5 млн. теңгені құрап отыр. «Water Energy Service»-тің 213 жұмысшыға 88,3 млн. теңге еңбекақы берешегі белгілі болды. Былтыр мекемеге сот шешімімен оңалту процедурасы жарияланды. Биыл оның 65,6 млн. теңгесі өндіріліп, қазір 22,7 млн. теңге жалақы қарызы қалды. «Қазэлектриум» ЖШС-нің екі маманға төленбеген 342 015 теңге қарызы бар, — дей келе, Игілік Айдарұлы аймақта банкрот деп танылып, оңалту жарияланған 7 мекеменің 801 қызметкерге еңбекақы төленбегенін атап айтты.
Штаб отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов еңбекақы берешегі көбейген компания басшыларына мәселеге селқос қарамай, шұғыл түрде өтеуге тапсырма берді. Түйткілді проблеманың түйіні тарқатылмайынша, маңызды мәселе облыс басшылығының жіті бақылауында болады. Ал, еңбек заңдылығына бағынбаған мекеме заң алдында жазасыз қалмайды.
Даудың себебі – төмен жалақы
Жыл сайын инфляция деңгейі өскенмен, аймақтағы «ЮСС Супорт Сервисез» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалақы мөлшері бірнеше уақыттан бері сол күйінде қалған. Бұл жұмысшылар тарапынан наразылық туғызып, олардың «Теңізшевройл» ЖШС басшылығына, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне және мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдануларына әкеп соқтырған. Белгілі болғандай, мекемеде еңбекақыны көтеру талабымен жыл басынан бері басқармаға алты ұжымдық арыз түскен. Осы мәселе бұған дейінгі штаб отырысында қаралып, жыл басында жұмысшылар жалақысы 6 пайызға көтерілген.
Сондай-ақ, жұмыс жағдайының зияндылығы үшін төленбей келген тұрақты қосымша ақы өтеу жайы шешілген еді. Алайда, бұл шешіммен қызметкерлердің кейбірі келіспей, айлық мөлшерін бұдан да жоғары пайызға көтеруді талап етіп отыр. Басқарма басшысының айтуынша, жұмыс беруші жалақыны көтеруді компанияның экономикалық жағдайының жетпеу себебімен байланыстырған. Дегенмен, қыркүйек айынан бастап кейбір позициядағы 598 жұмысшының жалақысын 30 пайызға өсіруге шешім қабылданған.
Қысқарған жұмысшы қайда барады?
Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – мамыр айында басталған «Консорциум ISKER» ЖШС-нің «Өркен» жобасында жұмысшыларды біртіндеп қысқарту жайы. Өткен жылдың желтоқсанынан бүгінге дейін серіктестіктің мердігер компанияларында 800 қызметкер қысқарған. Жыл соңында тағы да 400 жұмысшымен еңбек шартын тоқтату жоспарланып отыр. Компания басшылығы жауапкершіліктен қашпайтынын, алдағы уақытта қысқарған қызметкерлерге өзге мекемелерден жұмыс орнын табуға мүмкіндігінше жәрдемдесетінін жеткізді.
Ал, аталған мәселелерді аяқсыз қалдырмай, шешу жолында аймақтық кәсіподақ бірлестігі, облыстық әкімдік және кәсіпорындар арасында өзара ынтымақтастық орнату жөніндегі Меморандумдар жасақтауға тапсырма жүктелді.
Штаб отырысын қорытындылаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова республика көрсеткіштерімен салыстырғанда мұнайлы өңірдегі жағдай орташа деңгейде екенін атап өтті. Ел көле-мінде компаниялардың қызметкерлеріне берешегі 2 млрд. теңгеден асып жығылады екен. Сол себепті, вице-министр жалақыны уақытылы төлеуге баса назар аудару керектігін ескертті.
Айбөпе САБЫРОВА