АЙ МЕН АЙДЫН
Бірақ, адамға бұл да аздық етті. Зеңгір көктің ар жағын қиялымен шарлай берді. Он сегіз мың ғаламды еркін аралайтын аппарат құрастыруға талпынды. Күндердің күні оған да қолы жетті. Сөйтсе, қос ғаламның арасын тез жалғайтын, төте жол салатын жеріңіз Байқоңыр екен. Ит пен мысыққа эксперимент жасап болған соң, зымыранға адамды салып, айға ұшырып жіберді. Солайша, Юрий Гагариннің аты мәңгілікке тарихта қалды.
Кеңес Одағының ыдырар алдында аспан-ға ұшып, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері ретінде жерге қонған Тоқтар Әубәкіровтің аты әрқайсымыз үшін қадірлі. Ғарышқа бір емес, үш рет сапар шегіп, мойнына артылған зілбатпан жүкті абыроймен атқарған Талғат Мұсабаевтың есімі біз үшін алтыннан да ардақты. Бірақ жұрт көкейінде: «Тоқтар мен Талғаттың ісін жалғар азамат жоқ па?» деген сауалдың жүргеніне көп болған. Бар екен. Бір емес, қазақтың екі бірдей қыран жігіті томағасын сыпырсаң тұра ұшуға дайын отырыпты. Ғасыр басында Ресейдегі ғарышкерлерді дайындайтын орталыққа оқуға жіберіліпті. Төрттік деген бағаңыздың екілік құны жоқ оқу орнын екі азамат та үздік бітіріп шықты. Ғарышқа жіберсеңіз, қарыштап барып-қайтуға дайын болды. Олар Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов еді. Осы екі жігіттің бірі жаңа заманның алғашқы онжылдығында аспанға ұшуға тиіс болатын. Жоспар бойынша. Дейтұрғанмен, дағдарыс деген дүние тірсектен шалып, ойға алған мақсат орындалмай қалды. Бұл жаңалықтан кейін Мұхтар Аймаханов азаматтығын ауыстырды. Ал, Айдын Айымбетов Астанаға ат басын бұрды. Осылай жүргенде биыл ойда-жоқта жағымды жаңалық естіп, бөркімізді аспанға аттық. «Қазақстан ғарышкеріне ғарышқа ұшуға рұқсат берілді» деген. Солайша, Айымбетовтың арманы алты жылға кешігіп орындалып жатқан жағдайы бар.
Жеті суды қатар еміп жатқан алақандай ғана Талдықорған қаласы тыныштықтың мекені секілді. Міне, Айдын Айымбетов осы жерде дүние есігін ашты. Талдықорғаннан іргесі бөлінбей жатқан, бүгінде Өтенай деп аталатын ауылда ер жетті. Әке-шешесі қарапайым ғана отбасы еді. Білетіндер, Айдынның бала кезінен ойы озық, қиялы жүйрік болғанын айтады. Кішкене кезінде үйдің жанында үйілген шөмеленің төбесіне шығып, шалқасынан жатып жұлдыз санап, аспан әлеміне ғашықтығы басталған деседі. Алтыға аяқ басқанында әкесі Ақан ақсақал баласынан қызық үшін болашақта кім болатынын сұрапты. «Ғарышкер» деп тақ ете қалған екен Айдын сонда. Гагариннің аспанға көтерілгеніне 11 жыл болған тұс қой. Ол заманның балаларының барлығы ғарышкер немесе ұшқыш болуды армандайтын. Үлкендер жағының Айдынның арманына жымиып қарағаны да сол шығар. Бірақ, Айымбетов өзінің болашақтағы жолын бала шағынан бастап жоспарлағандай. Өйткені, оқуда озат болды. Талдықорған қаласындағы №20 орта мектепті алтын медальмен аяқтады. Білімге құштар, денсаулығы шымыр түлек Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне бірден қабылданды.
Айдынның аталған оқу орнына құжат тапсыруы да заңдылық еді. Себебі, ғарышкер болудың төте жолы ұшқыш болуда жатыр. Оны осы оқу орнын бітіріп, кейіннен көк жүзіне аттанған Тоқтар Әубәкіров ағасының жолы анық көрсеткен. Ол осылайша ғарышкер болу арманына алғашқы қадамын жасады. Ресейдегі ең танымал оқу ордасын 1993 жылы бітіріп, ұшқыш-инженер мамандығын алып шықты.
Қыранның қанаты қалай қатайды?
Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін тәмамдап келгесін Қазақстанның қорғаныс жүйесіндегі жұмысы басталып кетті. Жас жігітті Жамбыл облысының Луговой стансасында орналасқан №64207 әскери бөліміне ұшқыш ретінде жіберді. Бір жылғы нәтижелі жұмыстан кейін туған топырағы Талдықорғанға ауысты. Білімі мен білігін күн санап арттырды. Былайша айт-қанда, ұшақтың құлағында ойнайтын дәрежеге жетті. Алты жыл бойына аға ұшқыш қызметін атқарған. Жаңа ғасырда әскери бөлімнің басшылығы Су-27 әуе эскадрилиясының әуе звеносын басқаруды тапсырды. Біз атын білгенмен, затына аса көп бойлай алмайтын, дегенмен әуе қорғанысында ерекше маңызы бар Л-39, Миг-23, МиГ-23МЛД, Миг-27, Су-27 ұшақтарын ұршықша иірді. Бес бірдей ұшақтың түрін тізгіндей алатын маманның аспандағы өмірі 470 сағаттан асады. Қысқасы, ол күн санап өзінің түпкі мақсатына жақындай берді. Түрлі сынақтардың бәрінен өтті. Төзімділігі сәт сайын шыңдала түсті. Айдын ұшқыштар училищесін бітіріп келген жылы бірден ғарышкер болуға құжат тапсырған. Жастықтың жалыны бойында арындап тұрған жігіттің бұл әрекетін түсінуге болатын еді. Өйткені, жасқа тән максимализм болмаса, жанарынан от шашып, азуын айға білеп тұрмаса, онда оның болашақтағы бағындырар биігі де аса үлкен болмас еді. Алғашқы талпыныс сәтсіз болды. Сол сәтте ол өзін шыңдай түсуі керек екенін, қайраққа түсіп, қанатын қатайту қажеттігін анық түсінді. Қанша жылғы еңбек пен қажыр-қайрат жемісін берді. 2001 жылғы 16 маусым күні Айдын Айымбетовті ғарышкерлікке үміткер ретінде тіркеді.
Жалпы дайындықты қандасымыз 2005 жылы аяқтады. Оқу нәтижесі бойынша оған «ғарышкер-сынақшы» атағы берілді. Ендігі кезек одан да қиын. Алда үш жыл бойына Халықаралық ғарыш кешеніне бару үшін топтық дайындық тұрған. Өйткені, Айдын Айымбетов немесе Мұхтар Аймаханов 2009 жылдың 30 қыркүйегі күні аспанға сапар шегеді деген келісім болған.
Үміт пен күдік
Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы уағдаластық бойынша Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов ғарышқа ұшуға үміткер болды. Бірақ, 2009 жылыңызда жаһандық дағдарыстың алғашқы легі лақ етіп келе қалмасы бар ма? Ғарышқа адам аттандырып, Тоқтар мен Талғат бастаған зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру керек-ақ. Алайда, дағдарыс кезеңінде халықтың аузынан ақша жырып жібергеніміз қалай болады?! Ойласа келе, ғарышкер аттандырмайтын болдық.
Айдын мен Мұхтардың сол сәттегі көңілінің қандай болғанын өздері ғана білетін шығар. Бірақ, шамалауға болады. «Міне, мақсатқа жетем, ойымдағыны орындаймын» деп тұрғанда кері шегінудің өзі пенде психологиясына оңай соқпасы анық. Олар да іштей өкінген, мүжілмесе де үгілген шығар-ау. Онысын тырс етіп ешкімге айтпады. Әйтпесе, сол сәтте репортерін жалаңдатып талай журналист барды. Әрі-сәрі кездегі Айдынның сұхбаттарын қарап шықтық. Үмітті екенін ғана айтқан. Жалғыз Айымбетов қана емес, тұтас қазақ жұртшылығы, әсіресе, оның отбасы осы арманның жетегінде болды десек, ақиқаттан алыс кетпейтін шығармыз. Отбасы демекші, Айдын жұбайы Лилия Айымбетова екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Әмір осы кезден әке жолын жалғаймын деп алдына мақсат қойған. Ал, қыздары Диана мен Даяна желкілдеп өсіп келе жатыр.
«Бала күнгі арманым түбі орындалады деп үміттенемін. Заманның оңай емес екенін көріп отырмыз. Бірақ, Қазақстанға ғарышты зерттеуді тоқтатпау керек»,- депті Айдын бір сұхбатында. Дағдарыс дегеніңіз сүйкімсіз қонақтай қайта-қайта айналып соғып жатқанда Айдынның көкейінде «енді ғарышқа ұшпаймын-ау» деген күдік болмады дейсіз бе? Әрине, болды. Алайда, үміті басым еді. Ақыры, сол үміт жеңіп шықты. Аяқ асты, ойда жоқта Айдын ғарышқа аттанатын болды. «Союз ТМА – 18М» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш кешеніне аттанады делінген ағылшындық әнші Сара Брэйтман ойынан айнып қалды. Оның орнына Айдын Айымбетов қосылды. Солайша, Айдынның наны жүрді де кетті. Ал, біз 2 қыркүйек күні сағат 10.37-де «Байқоңыр» ғарыш айлағында тарихтағы үшінші қазақты аспан-ға аттандырып тұрмыз. Ақ жол, Алаштың айбозы!
Ержан БАЙТІЛЕС,
(«Егемен Қазақстан»
газетінен ықшамдалып алынды.
2 қыркүйек, 2015 жыл).