ҚАЙТА ЖАРАҚТАНДЫРУ – СЕНІМДІЛІК КЕПІЛІ

Дүниежүзілік дағдарыс кезінде де елімізде халықтың әл-ауқатын көтеретін жарқын жобалар қолға алынуда. Мемлекет басшысы қандай қиындық кездессе де, адамдардың ауырпалықты сезінбеуін қатаң тапсырып отыр. Осы орайда тұтынушыларға көрсетілетін коммуналдық қызметтің сенімділігі де басты назарда.

 

Міне, бірнеше жылдан бері «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамында қайта жарақтандыру жобасы жүзеге асып келеді. Оның нәтижесін қалалықтардың өздері көріп те отыр. Бұдан біраз уақыт бұрын көше ортасында сымдары салбырап тұратын электр бағандары бүгінде атымен жоқ. Олардың бәрі де жаңартылған. Оған қоса, қала маңындағы жаңадан пайда болған елді мекендердің бәрі де электр энергиясымен сенімді қамтамыз етілген. Бұрын сәл жел соқса, жарық жалп етіп сөніп қалатын еді. Қазір ондай қауіп жоқ.

Мұның бәрі – әр жылы жүргізілген жаңа жобалардың жемісі. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Соның нәтижесінде, біріншіден, халықты коммуналдық қызметпен қамту сапасы артса, екіншіден, жұмыс көлемі ұлғайды. Демек, ұжымдағы қызметкерлер қысқартуға ұшырамай, тұрақты жалақы алады. Қазіргі қаржы дағдарысы кезінде әр мекеме басшысының ойлайтыны да осы емес пе? Бұл дағдарыс ұзаққа созыла ма, әлде қысқа қайырыла ма – оны уақыт көрсетер. Ал, біздің міндетіміз – Елбасының төңірегіне тығыз топтасып, оның бастамаларына қолдау көрсету. Халықты ортақ мақсатқа жұмылдыру, бірлігімізді жоғалтпай жұмыс жасау.

Айбар РАХМАНОВ,

«Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының президенті, «Құрмет» орденінің иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз