Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

АГРОКЕШЕН: Екі пайыз өсім, алайда, шешімін күткен мәселе көп…

Atr.kz/25 тамыз, 2020 жыл. Азық-түлік қауіпсіздігі қашан да мемлекет үшін маңызды. Оның қамтамасыз етілуі аграрлық саланың даму деңгейіне, ауыл шаруашылығындағы науқанды жұмыстардың ұйымдастырылуына, ең бастысы, өндірілген өнімнің сапасына байланысты. Өңірлік тұрақтандыру қорының жасақталуы да қысқа қажетті азық-түлік молшылығын қалыптастырудың жолы болып табылады. Осыған кепілдік беретін аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің ахуалы қандай? Алдымен соған назар аударып көрелік.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, биылғы пандемиямен байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, саладағы негізгі көрсеткіштер екі пайызға өскен. Бұған қарап, жағдай барлық жерде жақсы деудің жөні жоқ, проблема жетерлік.

– Бүгінгі таңда ең өзекті болып отырғаны – судың жетіспеушілігі. Соның өзінде, ауыл еңбеккерлері қалыптасқан дәстүрінен жаңылмай, атакәсіп – мал шаруашылығы мен егіншілікті уақыт талабына сай дамытуға, сөйтіп, мемлекеттік маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қорын молайтуға өзіндік үлестерін қосып келеді, — деді басқарма басшысы.

Ауыл шаруашылығындағы маңызды науқандардың бірі – егін жинау. Биыл облыс бойынша егістік жер көлемі 9 330 гектарды құрап, былтырғыдан төрт жүз гектарға көбейді. Алайда, карантин жағдайында әлеуетті жабдықтаушылармен байланысу мүмкін болмағандықтан көктемгі дала жұмыстарына керекті техника, тұқым, жанармай, тыңайтқыш мәселесі үлкен қиындықтармен шешілді. Маусымдық шаралар мерзімінен кешіктірілді. Егістіктің үштен бір бөлігін екпелі шөп, қалғанын көкөніс-бақша және картоп дақылдары құрайды. Облыстағы жылыжайлардың жалпы ауданы өткен жылғыдан бір мыңға ұлғайып, 3 мың гектарға жеткізілді. Тиімділігі жоғары тамшылатып суару технологиясымен жұмыс жасайтын шаруашылықтардың саны да біртіндеп көбеюде.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кезекті жиын-терім жұмыстары басталғалы бері облыста 3 мың гектарға жуық алқаптың егіні жиналып, 44,5 мың тоннадан астам өнім алынды. Мұның ішінде, өнімнің басым бөлігі бақшадан құралса, одан соң көкөніс, мал азықтық дақылдар және картоп болып отыр. Нақтылай кетсек, есепті мерзімде жалпы ауданы 2 100 гектарға жуықтайтын картоп егістігінің бестен бір бөлігі жиналып, 4 700 тонна шамасында өнім алуға қол жетті. Сөйтіп, бүгінгі таңда қажеттілік көкөністен артығымен қамтылса, картоптан тең жартысын ғана жауып отыр.

Бұдан шығатын қорытынды, жылдан жылға картоп дақылының көлемін көбейтумен бірге шығымдылығын арттырып, өнімін молайтуға бағыт ұстау керек. Тек, Атырау қаласында осы уақытқа дейін жиналған 80 гектардың үстіндегі картоп егістігінен алынған өнім көлемі 1,5 мың тоннаға жақындап, жоспардың 15,8 пайызын ғана құрады. Махамбет ауданында 4 мың гектардан асатын егістіктің бестен бірі игеріліп, көрсеткіш 19,6 пайызға тұрақтады. Есесіне, екпелі шөп егістігінің жоспары толығымен орындалып отыр. Егін шаруашылығы өркен жайған өңірдің бірі – Құрманғазы ауданында егіндіктің көлемі 930 гектардың шамасында, қазірге дейін соның тең жартысына жуығы жиналып үлгерілді. Алдыңғысымен салыстырғанда, бұл ауданда жоспар орындалысы жөніндегі көрсеткіштер көш ілгері. Индерліктердің де қазіргі қарқыны көңіл көншітеді.

Осындай жұмыстардың өзге өңірлерде атқарылып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Жыл санап түрлі қаржы институттары арқылы, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде аграрлық саланы, соның ішінде, егін шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалы басшысының орынбасары Нұргүл Шанаеваның баяндауынша, осы жылы атыраулық шаруагерлерді несиелендіруге түрлі қаржыландыру көздерінен жалпы сомасы 2,4 млрд. теңге бағытталды. Оған қоса, облыс бюджетінен 500 млн. теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының «Ауылдық аумақтарды дамыту» бағытын жүзеге асыруға ел қазынасынан 1 млрд. теңгеден астам қаражат қаралды.Әрине, пандемияның салдарынан биыл несиеге бөлінген қаражаттың берілуінде біраз қиындық-кедергілер де кездесіп отыр. Осыны тілге тиек еткен қаржыландыру қоры өкілінің айтуынша, былтыр осы мезгілде қаралған қаржының 80 пайызы игерілсе, қазіргі уақытта көрсеткіш одан айтарлықтай төмен болды. Сонда да ауыл шаруашылығымен, оның ішінде егіншілікпен шұғылдануға ниет білдіріп, бизнес-жобаларын ұсынған ауыл кәсіпкерлерінің өтінімдері мүмкіндігінше қанағаттандырылуда.

Осылайша, осы жылдың өзінде облыстың ауылдық елді мекендерінде тұратын 60 адам ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік алды.Солардың бірі – Индер ауданындағы «Белес» шаруа қожалығының жетекшісі Ернар Байгенжиев егіншілікті дамыту үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 млн. теңге несие алыпты. Алғашында төрт гектар жерге егін еккен шаруагер жігіт еңбегінің еш кетпегенін көріп, егіндіктің аумағын ұлғайтып, өнімін көбейтуге бел буыпты. Қарызға берілген қаржы қолына тиісімен іске кірісіп, көктемгі дала жұмыстарын да ойдағыдай өткізген. Сөйтіп, 6,5 гектар алқапқа көкөніс, бақша дақылдарын егіп, жаз бойы балаша баптады.

Бүгінде бітік өскен егінінің өнімін жинап, еңбегінің жемісін теруде.Тұтастай алғанда, төрт түліктен төл өргізіп, елді ет, сүтпен, өзге де мал өнімдерімен қамтып отырған атакәсіп иелерімен қоса, ежелгі кәсіптің бірі – егіншілікке бет бұрған шаруагерлердің де азық-түлік молшылығын жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сүбелі үлес-еншісі барын айтқанымыз жөн. Десек те, әлі де болса өзімізде өндіріліп, өңделетін өнімнен гөрі, сырттан тасымалданатын, қымбат бағаға сатылатын азық-түлік тауарларының басым түсіп тұрғаны жасырын емес.

Ендігі міндет – отандық өнімнің үлес салмағын арттырудың оңтайлы жолдары мен тиімді тетіктерін іздестіріп, іске қосу. Сайып келгенде, осындай нақты қадамдарға барып, пәрменді шараларды жүзеге асырғанда ғана азық-түлік қауіпсіздігіне кепілдік беріледі.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button