«Аэлита кубогі – 2017» турнирі мәресіне жетті
«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттық бал билері бойынша өткен «Аэлита кубогі–2017» халықаралық турнирі аяқталды. Сайысқа Қазақстаннан өзге алыс-жақын шетелдерден 350-ден астам биші қатысып, сынға түсті.
Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған аталмыш турнир еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған. Іс-шара барысында Атырау облысының намысын 36 биші жұп пен 40 солист қорғады. Жарысқа қатысушыларға Бельгия, Литва, Ресей, Словакия, Голландия, Германия және басқа мемлекеттерден келген білікті 28 төреші қазылық етті. Үш күнге созылған сайыста ең кіші жастан бастап барлық спортшылар өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы хореографиялық дайындықтан өткен. Қатысушылар әдемі костюмдерімен веналық вальс, танго, ча-ча-ча, румба, джайв, самба секілді спорттық би бағдарламаларын ұсынып, көпшіліктің көңілінен шықты. Нәтижесінде алматылық Артем Бодров пен Анастасия Шин жеңіс тұғырынан көрінді.
Бұдан басқа алматылық Қанат Иманғали мен Данелия Лагутина, ташкенттік Олег Гаврилов пен Жасмин Бобокулова, астрахандық Вадим Курочкин мен Виктория Белашовалар әртүрлі би бағыттары бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
Турнир ұйымдастырушысы облыстық спорттық бал билері федерациясының президенті Лидия Мұқанова, мұндай шараларды біздің өңірде өткізу өнер мен спорттың дамуына жаңа серпін беретінін айтты.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ