Атырауда драмалық бағытта кино түсіріледі

symbat 5 1 Жаңалықтар
Atr.kz/21 маусым, 2019 жыл. Бұл туралы жас режиссер, продюсер Сымбат Бақытбекқызы Atr.kzге берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.

– Сымбат, Атырауда бұрын-соңды болмаған тақырыпта кино түсіргелі отырсыз. Тәжірибеңіздің жоқтығына қарамастан, бұл күрделі миссияны қаржысымен қоса өз жауапкершілігіңізге алыпсыз. Білгіміз келетіні, кино түсіру туралы идея қайдан және қалай келді?

– Бала кезден мен журналист болуды армандадым. Тіпті, сол арманның жетегінде жүріп 14-15 жасымнан бастап жергілікті «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан тәжірибеден өтіп, «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттеріне мақала жазып жүрдім. Штаттан тыс тілші ретіндегі еңбегім үшін ешуақытта ақы талап етіп көрмеппін. Яғни, мен бұл кезде өзімнің арманым жолында еңбек еткен екенмін. Әсіресе, өнер жұлдыздарынан сұхбаттар алып жүргенімде, сол кісілердің энергетикасына, кәсіби шеберліктеріне қатты қызығатынмын. Бірақ, тағдырдың қалауымен болар, мектеп бітірген соң мен заңгерлікке оқуға түстім.

Бұдан кейін қыз баланың тағдыры белгілі ғой. Тұрмыс құрдым, бала сүйдім, одан соң алған мамандығым бойынша еңбек еттім. Кейін ән айтып көрдім, қазіргі уақытта жеке бизнесім бар. Бір қарағанда, тым тәуір тірлік жасап жүргендеймін. Бірақ, жүрегімнің түбінде жатқан балаң арманым тыныштық бермей қойды. Осылайша, араға біраз уақыт салып, кино түсіруге толық дайындықпен келіп отырған жайым бар.

– Киноңызды қандай жанрға арнап отырсыз? Қалың көрермен киноңыздан қандай жаңалық көре алады?

– Кино «Ақ пен қара» деп аталады. Фильм толықтай заң қызметкерлеріне арналып отыр. Жоғарыда айтып өткендей, мен де заң қызметкері болған адаммын. Бұл жұмыстың қандай қиындықты еңсеруді қажет ететін сала екенін жақсы білемін.

Сондықтан, өмірден өзім көрген, кездескен, тап болған оқиғалар туралы фильм түсіруге бел будым. Қазіргі таңда менің көз алдымдағы батырлар – біздің полициямыз. Шыны керек, полиция қызметкерлерінің елдің тыныштығы, әр адамның қауіпсіздігі жолындағы уақытпен санаспай атқарып жүрген еңбегін қоғам аса бағалап жатқан жоқ. Тіпті, «полицияға күнің түспесін» деген қасаң түсінік бар.

Бірақ, қай шаңырақ немесе жекелеген адам қиындыққа тап болса, ең алдымен оған көмекке сол сақшылар келетінін ұмытып жатамыз. Әріге бармай-ақ, сержант Шалқар Ақымғалиевты алайық. Атыраудан шыққан бүгінгінің батыры Шалқарға мемлекеттік награда берілді. Кейбір деректерде Шалқардың шаңырақ құруды жоспарлағаны айтылады. Бірақ, артында жылап қалған отбасына Шалқарды кім қайтарып береді? Жанбай жатып сөнген шырақтың орнын кім толтырады? Міне, қоғам осы жағын да ойлануы тиіс.

«Ақ пен қара» киносына кастинг 1-7 шілде аралығында Атыраудағы «Байтал» бизнес орталығында өтеді. Таңғы сағат 9.00-мен кешкі 17.00 аралығында бір апта бойына өтетін кастингке кәсіби актерлер де, қарапайым азаматтар да қатыса алады.

– Десе де, махаббат жанры емес, драманы таңдауыңызға не себеп болды? Әдетте, махаббат немесе комедия жанрындағы фильмдер кассаны көп жинап жатады емес пе?

– Әрине, махаббат туралы немесе комедиялық жанрда кино түсіруге болатын еді. Бірақ, киноиндустрия саласына алғашқы қадамымды өз мамандығыма байланысты дүниемен бастағым келді.

– Құпия болмаса, болашақ фильмнің сюжеті туралы айтып өтсеңіз?

– Кино үш әріптес, яғни, полиция болып қызмет ететін үш жігіт туралы болады. Басты кейіпкеріміздің бірі – Михаил. Оның отбасы, жүкті әйелі болады. Екінші кейіпкеріміз – жұмысына шынайы берілген адал заң қызметкері. Үшінші кейіпкер ақшаға жақын пайдакүнем адам болады. Оқиға желісі одан әрі осы үш кейіпкердің арасында дамиды. Кино шынайы өмірден алынып отыр. Сондықтан, бұл жерде сатқындық та, қаза да, махаббат та, күйініш те болады. Драмалық бағытта түсірілгелі отырған көркем фильмнің басты мақсаты – көрерменге ой салу.

– Кино қайда түсіріледі? Оған дайындық барысы туралы ақпаратпен бөлісе кетсеңіз…

– Кино өзіміздің Атырау қаласында түсіріледі. Бәрі ойдағыдай болып жатса, киноны жергілікті кинотеатрлар арқылы прокатқа шығаруды көздейміз. Киноны болашақта орыс, қырғыз, түркімен тілдеріне аударып, ТМД кеңістігіне тарату жоспарда бар.

Қазіргі уақытта сценарий толық жазылып бітті. Режиссер мен оператор дайындық үстінде. Енді шілде айының басында кастинг жариялап отырмыз. Кастинг 1-7 шілде аралығында Атыраудағы «Байтал» бизнес орталығында өтеді. Таңғы сағат 9.00-мен кешкі 17.00 аралығында өтетін кастингке кәсіби актерлер де, қарапайым азаматтар да қатыса алады. Кастингтен кейін рольдерге адамдар бекітілген соң, түсірілім тамыз айында басталып кетеді. Түсірілім уақытына екі-үш ай жұмсалады деп отырмыз. Әрі қарай, монтаж жұмыстары. Осылайша, желтоқсан айына таман киномыз көрерменге жол тартады деген ойымыз бар.

Киноға 5 жастағы қыз бала, басты рольге 27-30 жастағы үш ер адам керек. Қосалқы рольдерге 20-25 жас аралығындағы ұл-қыздар, 45-50 жас шамасындағы ұлты орыс ер азамат та қажет.

– Десе де, сіз бұл салаға енді қадам басып жатқан жас режиссерсіз. Киноға салып отырған қаражатыңыз барлық қажеттілікті өтеп шығады деп сенесіз бе?

– Әдетте, кино десе бізге бірден «Голливуд» елестейді ғой. Бірақ, қазақ режиссерларының арасында тым-тәуір фильмді жасап жатқандар бар. Мысалға, «Айка» фильмін алайық. Халықаралық деңгейде жоғары дәрежеге көтерілген бұл фильмге аса көп қаражат жұмсалмаған еді. Сондықтан, фильм түсіру үшін міндетті түрде ондаған миллион теңге керек деген стереотиппен келіспеймін. Бастысы, адамда ниет болуы керек.

«Мен ақша табамын деп емес, мен керемет дүние жасап, осы киноға өзімді толықтай беремін» деп келсек, жақсы дүние жасап шығаруға болады. Менің мақсатым – өзгелер кино саласында Атыраудан үлгі алатындай туынды жасау. Ал, қаржы жағына келетін болсақ, әзірге өзім салып отырған қаражат түсірілімді толық ақтауы керек. Десе де, жергілікті әкімдік немесе қамқор азаматтар қаржылай, моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп жатса, құба-құп.

Кастингке келушілерге актерлік шеберлігін көрсетумен бірге, ән айту, өлең оқу, тіпті, шығарма жазу сияқты тапсырма да беріледі. Бастысы, үміткер шығармашылық талабын ашып көрсете алуы керек. Жеке тұлға ретіндегі оның жан дүниесі, сөйлеу мәнері, рольді толықтай алып шығуы үшін бет-әлпетінің образға сәйкес келуі де маңызды.

– Көрермен басқа емес, неге сіздің киноңызды көруі керек?

– Өңірде кино саласы дами қоймағанын ескерсек, атыраулықтар тарапынан қызығушылық болады деп ойлаймын. Екіншіден, бұл киноны көрген адам қандайма бір ой түйіп, өзіне сабақ алады. Біз жаттанды сценарий жасап отырған жоқпыз. Кино шынайы өмірден алынғандықтан, бұл жерде тағдыр көбірек көрініс табады. Егер фильм көрерменге ұнап, қаржы жинап жатса, болашақта фильмнің екінші кезеңін түсіру жоспарымызда бар.

Бірақ, сол кезде киноның жалғасы Иордания елінде жалғасады. Бұл фильмге керемет саундтрек қажет. Композиторлар үшін де арнайы байқау болады. Алысқа бармай-ақ, Ресей эстрадасын мысалға алсақ, оларда «Офицеры» атты керемет ән бар. Әлгі ән расымен де намыс отын оятады. Бізге де өзіміздің қазақ офицерлері туралы керемет ән керек. Біздің әнімізді айтып, өзгелер бізден үлгі алып жатса, ғажап емес пе?!

Сұхбаттасқан:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз