Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Абайға абай болайық, ағайын!

Atr.kz/6 тамыз, 2020 жыл. Egemen Qazaqstan газетінде Түркі Академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің «Абайға абай болайық, ағайын» атты мақаласы жарияланды. Ендеше, оқырмандар назарына мақаланың толық мәтінін ұсынамыз.

Құндылықтарынан айырылған қоғам­ның құбыласынан жаңылған жұртқа айналатыны белгілі. Қырық құбылған мына заманда қаймана қазақ та асыл қазынасын – рухани құндылықтарын жоғалтып жатқандай көрінеді. Сертке сенген, сөзге тоқтаған халық едік, сенімге селкеу түсті. Кез келген жайтқа күдікпен қарап, күмән келтіреміз. Сөздің астарына үңілмей, ақиқатына жүгінбей, айтары жоқ болса да, айқайы бардың айтағына ереміз.

«Коронавирус жоқ, пандемия өтірік, бәрі қазаққа чип салу үшін жасалып жатыр екен» деген дақпыртқа да сендік. Ұлы Абайдың «қазақтың шын сөзге нанбай, құлаққа қоймай, тыңдауға да қолы тимей, пәлелі сөзге, өтірікке серттей ұйып, бар шар­уасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» деген сауалы тағы да алдымыздан шықты.

Міне, «Абай деген адам болмаған екен» деген сөзге де ден қойып жатырмыз. Байқап отырғаныңыздай, әңгімеміздің арқауы Зәуре Батаеваның «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» атты мақаласы туралы болмақ. Мақалаға «блогердің» жеке пікірі ретінде қарап, назар аудармауға да болар еді, бірақ Абай жылын атап, Абай жырын жаттап жүргенде «қаржысын салып, күш-қуатын сарқып жазған ғылыми-зерттеу жұмысын» ағылшын және орыс тілдерінде жариялаған автор «ғылыми жаңалығын» талқылау үшін барша ғалымдарды жоғары деңгейдегі ғылыми пікірталасқа шақырған екен, біз де бір лепес пікір жазуды парыз деп білдік.

Әуелі Зәуре Батаеваның пікірін бір сөзбен түйіндеп берсек, «өмірде Абай деген адам болмаған, оның өлеңдерін Әлихан Бөкейханов жазған, Алаш арыстары одан идеал жасаған, кеңес өкіметі де «орысқа жақын, қазаққа қас» ақынды Жамбыл сияқты дәріптеген». Зәуре ханымның мұндай қорытындыға баруына Абайдың қазақты «жалқау, надан» деп сынаған «зәрлі сөздері» себеп болған сыңайлы. Осылайша «қазақтардың көшпенді ата-бабаларына деген құрметтің жоғалуына жауапты болғандықтан», Абайдың ондай сөздерін мектеп бағдарламасынан алып тастау керек екен. «Қызық» қисын.

Мәселен, Абай да оқып өскен орыс классиктерінің бәрі Ресейді және оның мешеу халқын аяусыз сынаған, бірақ оларды сол үшін айыптап, тіпті «мектеп бағдарламасынан шығару керек» деген адамды көрген емеспіз. Автор қыза келе Абайдың сөзіне ғана емес, өзіне де күмән келтіреді. Тіпті оның «Ибраһим» деген атына күдікпен қарап, өмірде болғанына сенімсіздік білдіреді.

Архив ақтармағандықтан, Құнанбайдың аға сұлтан болғанда толтырған құжатта баласының есімін «Ибраһим» деп көрсеткенін һәм қажының өзге балалары мен немерелеріне де діни сипатты ат бергенін ескермейді. «Дала уәлаятының газетінде» 1889 жылы шыққан «Жазды күн шілде болғанда» деп басталатын өлеңдегі «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай» деген атты да көрмейді. Автор Мәшһүр Жүсіпке сілтеме жасайды, бірақ оның «Дала уәлаяты газетінің» 48-санында жарияланған Абайға қатысты пікірін байқамайды.

Жалпы, Зәуре ханым айды аспанға шығарған жаңалығына ғылыми сипат беру үшін бірнеше сілтеме қолданған, бірақ олардың бәрі де жанама деректер. Мәселен, автор абайтанудың негізін қалаған, Абайдың ғылыми өмірбаянын төрт рет толықтырып жазған, Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаныммен, ақынның достарымен жеке-жеке кездескен, 1933 жылы Абайдың жинағын әзірлеуге белсене атсалысқан, үлкен мақала жариялап, оны монографиялық еңбекке айналдыраған Әуезовке сілтеме жасамайды.

Абыз туралы айқайлатып мақала жазған Батаева Абайдың білімі мен жәдитшілдігіне күмән келтіреді. Айдалада киіз туырлықты ауыл­­­да жатып сонша білімді меңгергеніне күдікпен қарайды. Маржанидің шәкірттері білім берген Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыған Абай шағатайша жазылған ғаламның ғажап қиырларына бастайтын шығыстық, исламдық мол мұраны игерді. Ол Ғаспыралы шығарған «Тәржімән» газетін де үзбей оқып отырды.

Зәуре ханым Науаи, Фузули, Сағди сынды ұлы шайырлардың кәусар дариясынан рухани ғарышқа қанат қаққан, діни танымы терең Абайдың иман тақырыбын талдаған «38-ші қара сөзді» жазғанына да күмән келтіреді. Автордың пікірінінше, бұл сөзді бір молда жазыпты. Бәлкім, Алаш арыстарының бірі діни трактат жазғанда, «Китаб тасдиқты» соған тели салуы ғажап емес еді. Абайдың бүкіл шығармаларын «қыр баласы – Әлихан жазды» деген пікірді айта салғаны сияқты.

Осындай тым ұшқары пікірді алға тарта отырып автор Әлиханның бірде-бір өлеңін мысалға келтіре алмайды. Ахмет, Міржақып яки Мағжан өңдеді десе, сәл қисынға келер ме еді, ал Алаштың серкесінен классик ақын жасау кімге қажет? Зәуре ханым айта беретіндей Абай шығармалары қанды қасап Сталинге керек болғаны үшін ғана 1933 жылы басылған жоқ, кеңес өкіметі ұлы ақынның 90 жылдығы мен қайтыс болғанына 30 жыл толуы қарсаңында ол жинақты шығаруға мәжбүр болды.

Мұның астарынан фалсификация іздеудің реті жоқ. Абай – есесі кеткен еліне есті сөзін айтқан, отаршыл жүйе орға жығатын жерде қалың қазағын өрге бастаған, ақылдың азабын арқалай жүріп адамзаттық өреге көтерілген, ар ілімін асқақтатқан асыл абызымыз, ұлтқа бағыт болар темірқазығымыз! Сондықтан Абайға абай болайық, ағайын!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button