«НҰРСАЯ КЛИНИКАСЫ» – ЖАҢА МЕДИЦИНА МЕКЕМЕСІ

«Нұрсая» мөлтек ауданынан «Нұрсая клиникасы» деген атаумен тағы бір жаңа медицина мекемесінің тұсауы кесілді. Білгеніміздей, көп салалы емдеу-профилактикалық мекемесі болып табылатын бұл нысанда  кешенді диагностикалық зерттеуден бастап, дәрігерлік қызметтің барлық түрлері көрсетіледі. Бұдан бөлек, бірнеше емделушінің бір мезгілде кереуетте жатып, ем алуына есептелген күндізгі аурухана бөлімшесі мен ем-дом қабылдау, физиотерапия, т.б. мамандандырылған кабинеттер жұмыс жасайды. 

Басты бір ерекшелігі сол, клиника өз қызметін көршілес Астрахан қаласындағы (Ресей Федерациясы) «Газпром» компаниясына қарасты медицина мекемелерімен, сондай-ақ «Отбасын жоспарлау орталығы» ААҚ-ымен бірлесіп жүргізеді. Соған байланысты пациенттерді қабылдап, диагноздарын қойып, емделу жолдарын белгілейтін, сырқаттың күрделілігі мен қажеттілігіне қарай ота жасауға, басқа да емдік шараларды алуға жолдама беретін де негізінен сол астрахандық дәрігерлер екен. Әрине, мұнда тиісті талаптарға сай іріктеліп алынған жергілікті мамандар да қызмет істейді.

 Клиникада көрсетілетін медициналық қызметтер түрлері ақылы негізде жүргізілгенімен, күндізгі стационарға қабылданғандарға Үкіметтің қаулысына сәйкес, медициналық көмектің кепілді мемлекеттік көлемі тегін көрсетіледі. Және осында «Нұрсая» мен оған іргелес орналасқан «Самал» мөлтек аудандарының тұрғындарымен қатар, жалпы қала халқының, сондай-ақ облыс аудандарында тұратын ағайындардың да келіп қаралу мүмкіндігі барлығынан хабардар болдық.

Жаңа жылдың басында есігін ашқан жаңа нысанның ашылуына орайластырылған салтанатты шарада кіріспе сөз сөйлеген аталмыш  мекеменің коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры Әлібек Мусаұлы бұл жобаның «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, «Даму» бизнесті дамыту қорының көмегімен несие беріліп, Еуразиялық банктың Атырау филиалы арқылы қаржыландырылғанын айтты. Игі бастамаға облыстық және қалалық әкімдіктердің, салалық басқармалар мен тиісті құрылымдардың қолдау көрсеткендігін алға тартты.

Рәсімде қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Балкенже Барсаева, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Роза Байсалықова, ресейлік әріптестер тарапынан «Газпром» клиникасы басшыларының бірі Андрей Андреев және басқалары сөз кезегін еншілеп, құттықтау лебіздерімен бөлісті.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.  
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз