Абай — дана, Абай — дара
Бүгін ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 179 жыл толды. Атаулы күнге орай Атырау қаласында «Абай күні» мерекелік іс-шарасы өтті.
Абай орталығының алаңындағы мәдени-танымдық шарада қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов сөз сөйлеп, бүгінгі күннің мәніне тоқталды.
-Абай күні еліміздің атаулы мерекелер тізбесіне енгізді. Міне, бүгін қазақ халқы үшін ерекше күн. Біз ақынды еске алып, оның жырларынан рухани қолдау табамыз. Ұлы Абай — біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Себебі Абайдың жолы тек қазақ мәдениеті мен әдебиеті, ғылымында ғана емес, бар әлемге мұра. Дара, дана ақынның өсиетін орындап, үлгі тұтсақ алға өрлеріміз анық, — деді Н.Ермұханов.
Мәдени-танымдық шарада филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп кемеңгер ақынның мұраларын жастарға насихаттау парыз екендігіне тоқталды.
-Бәрінен де бұрын өзіміз айтып жүрген ұлттық кодымызды Абайдың шығармалары одан әрі бекіте түседі. Біздің ендігі міндетіміз- Абайдың шығармашылығын тереңірек зерделеп, ғибратты тағылымына назар аудару. Ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтумен шектелмеу керек. Абай дана, Абай — дара, ендеше Данышпанның шығармалары біздің күнделікті өмірімізге қажетті дүниеге айналу керек, — деген ақын Қадыр Жүсіп Абайдай біртуар перзент халықтың мақтанышы екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ жиында жастар Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Бұдан басқа Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы Абай мұраларынан кітап көрмесін ұйымдастырды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ