Аңызға айналған Әбіш
Мен 1970 жылы Әбіш Кекілбаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде баспасөз секторында жұмыс жасаған кезінде ауылдасымыз екенін (ол кезде облыс ортақ болатын) естіп жүргенмін. Бірақ, өзімен 1978 жылы Алматы жоғары партия мектебіне аудандық партия комитеті хатшыларының бір айлық курсына барғанымда кездестім. Орталық Комитеттен үш-төрт адам келіп бізге қазақ тарихы туралы бір пар лекция оқыды. Олардың ішінде есімде қалғаны тек Әбіш пен Герольд Бельгер болды. Әбіш өзінің лекциясына мәтінсіз шықты, ол кезде бұлай жасау сирек кездесетін еді. Төс қалтасынан кішкене блокнотын шығарып, кейде одан төл сөздерді ғана оқып қояды. Сол лекциясында айтқан оқиғалар, шаралар, тұжырымдар қалай басына сақталғандығына біздер бәріміз де таңданып, әңгімелеп жүрдік. Герольд Бельгер Әбіш шығармаларының неміс тіліне аудармашысы ретінде сөйледі. Бірнеше туындыларының неміс тіліне аударылып басылуының өзі ауылдас ініміздің қаламынан мәні зор тарих жазылғандығына көзімізді жеткізді.
Көп кешікпей Төлен Әбдіков екеуі біздің ауданымызға шығармашылық сапармен келді. «Үркеріне» қолтаңба алдым. Индер шахтасына түсіп шыққанда алған әсерін «Передовик» кеңшарының директоры Р.Құспановтың үйінде бір кеш бойы әңгімелеп еді. Бұл шахта – көмір шахтасы емес, ас тұзының экстра маркасынан құрылған, асты-үсті түгел аппақ тұз. Соның арасынан кейде қатпар борат кені кездеседі. Соны өндіретін шахта ғой. Сондықтан болар, біраз таңқалысын жасыра алмап еді.
1993 жылы Құрманғазы бабамыздың 175 жылдық мерейтойы (ол кезде Құрманғазы 1918 жылы туған делініп жүрді) әуелі Гурьевте өткізілді. Оған баяндаманы Әбіш жасады. Сол баяндама бастан-аяқ құрылысы, мазмұны жағынан бұрын-соңды естілмеген оқиға мен тіп-тіке тыңдаушы жүрегіне барып толғаныс туғызатын Әбішке ғана тән тың иірімдер еді. Оны алғаш, әрі өз аузынан тыңдау бір ғанибет жағдаймен пара-пар болатын. Ағылып көмейіне келіп жатқан тіркестер, пайымдаулар таңдандырды. Сондықтан да, бір сағаттық баяндама аяқталғанда мен орнымнан қалай тұрып кеткенімді өзім сезбей қалдым. Махамбет атындағы драма театрында лық толы көрермен де ілесе тұрып қол соқты, Әбішті жібермеді. Бұл сәт телеарнаның бейнеқорында бар, кейде көріп қаламыз.
Бір айдан кейін бұл салтанат Алматы театрында (қайсысында екені есімде қалмапты) өткізілді. Онда да Әбіш баяндама жасапты. Осы екі баяндама да «Социалистік Қазақстан» газетіне бір толық бет болып басылды. Екеуін де оқып және қиып алып қойдым. Өйткені, екінші баяндамасының мазмұны да өткендегіден артық болмаса кем емес, бірақ, еш жерінде алдындағысын қайталау жоқ болып шықты. Жалғасы сияқты. Ғажап емес пе?!
Арғы жылы Ақтауда жол оқиғасынан ұлы қайтыс болды. Соған байланысты Атыраудан Бақтықожа Салахатдинұлы бастаған бір топ азаматтар жерлеуіне қатысқанбыз. Сонда кешкі шәй үстінде, қатынасушылардың жұбату сөздерін тыңдаған соң, Әбіш «Мен ұлыма рахмет айтып отырмын, өйткені, маған немере сыйлап кетті ғой», — деп бастап, сөзін әрі қарай өрбіткен еді. Бұлай тұжырым айту кез келгеннің қолынан да келмейді, ойына да келмейді. Бұл әрі ерлік, әрі үлкен жүректі азаматтықтың белгісі деп білемін. Екі аяқты адам баласының қай-қайсысына да тек Ұлының аузынан шығатын үлгі боларлық ұлы сөз деп білемін.
Кейін де, бұрын да сәті түсіп бірнеше рет Ақтауда, Атырауда, Алматыда, Астанада дәмдес болуға тура келген. Фаризаның бір мерейтойында Айтолқын әже, Клара, Кәкімбек Салықов жанұясымен және белгілі азаматтармен бір үстел басында бірге болдық. Онда Әбіш – Жоғарғы Кеңес төрағасы. Оққағарлары мен көмекшілері айналасынан шықпайды. Әбу Сәрсенбаев әл-Атырауи қартымыздың 90 жылдығында да екі-үш күн бірге болдық. Бірақ, бұл кісі – дастарқан басында отырғанда еш әңгімеге араласып, пікір қоспайтын адам. Сұрағыңа ғана жауабын береді де, өзгелерді тыңдап отыра беруге жалыққан емес.
Ордабасында үш Президент (Қазақ, Өзбек, Қырғыз) қатысқан үлкен халықтық шараның мазмұны, өзегі осы Әбіштің саяси басшылығымен өткені ақиқат. Әбіш сол жылдары Елбасының мемлекеттік кеңесшісі еді. Ондағы қалпына келтіріліп бізге көрсетілген тарихи оқиғаларды Әбіштің өзі әйгілеп жазып та, айтып та жүрген еді. Сол жылдары кейбір тарихшылар Әбілқайыр хан мен Әйтеке бидің рөлін төмендетуге тырысып, кейде тіпті «Ресеймен қосылу, қарамағына кіру қате болды» деп айыптауға дейін барады. Осы Ордабасында өткен шара – біздің Елбасымыздың көрегенділігінің көрінісі, өткен тарихқа әділ баға беруінің айғағы.
Менің Ақтауда Таңаш деген досым болды. Сол бір жылдары (1994) Араб әмірлігінен оралғаннан кейін Елбасымыз бірден Бекет Ата басына келулі. Сонда дастарқан басында Әбіш Кекілбаев Ата туралы біраз мәлімет айтқан екен. Оған Президент «Баяғыдан бері бірге келеміз, осыларды неге айтпай жүрсіз?» — деп әзілдепті. Таңашым – сол дастарқанда болған, қонақ күтуді ұйымдастырған облыстағы лауазымды адам еді, марқұм. «Сара Алпысқызының сонда сыйлағаны» деп қолында тағып жүрген сағатын айтып отыратын.
Павлодарда Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа кандидат ретінде елмен кездесуге барғанда жиналыс үстінде бір белгілі аузы дуалы қария Әбіштің қай жақтың тумасы екенін сұрап, «шырағым сол жақтан түспедің бе, өзімізде де депутаттыққа лайық азаматтарымыз бар еді ғой» — деп сөз тастаған. Сонда Әбекең не деді дейсіз ғой. «Тұлпарлығыңды сынайын десең, арғымақ баптаған елге бар, құлын күніңде көрмеп едік деп сипамай қоймас жалыңды, азаматтығыңды сынайын десең азамат өсірген елге бар, әкеңмен табақтас болмап едім деп сындыра қоймас сағыңды» дегендей, Алты Алашқа әйгілі небір арыстарымыз шыққан Баянауылға келдім» дегеннен кейін, әлгі қарт «шырағым, біздің бәріміздің аузымызды жауып, қапқа салып, байлап тастадың, енді бөтен әңгіме болмайды, иншалла, жол сенікі болады» деген екен. Солай болды да.
Бір сөзбен айтқанда, Әбіштің ілімі, білімі, істері халқымыздың бірлігін нығайтуға үнемі үлес қосумен болды, оның идеологиясын қалыптастырды, шындыққа жол ашты.
Әбіштің қазасы бүкіл еліміздің басына түскен қайғы, күйзеліс болды. Өзінің шәкірті, қаламдас інілерінің бірі Жұмабек Мұқановтың «Жүз күндік жалғыздық» деген кітабында Елбасынан бастап бүкіл шығармашылық қауымның Әбіш туралы толғаныстары айшықталған екен. Ондағы Рахымжан Отарбаевтың «Жолданбаған хаттары» неге тұрады?! Әсіресе, Әбіштің асында сол кездегі облысымыздың басшыларының бірі Шыңғыс Мұқанның сөзінен үзінді қоспақпын:
«Әбіш аға жөнінде пікір айтатын мен кім едім? Төңірегін көмкерген тоғайға тәуелді шыбық тал асқар таудың шыңына не айта алады? Қазақ руханиятының қара орманы орылып қалғандай қурап отырмыз!
Маңғаз Маңғыстаудың майлы топырағын еркелей сипап жатқан кәрі Каспий де тартылып қалғандай кеуіп отырмыз. Біздің күй – осы! Аза деген ауыр ауруға шалдықтық. Дәрі жаза алмайды, уақыт емдемесе… Ұлты қандай ұлысынан айырылып қалғанын әлі сезіне қойған жоқ! Уақыт керек! Адамды заманы бағалаған ба?! «Абайымыз арамызда жүрген екен ғой» деп әлі талай санымызды сабалармыз. Айналамыз түгел көрінуі үшін төңірекке Сіз тұрған шыңнан көз тастау керек екен. Жаратылысты түгел сезіну үшін Сіз нәр алатын шыңырауға тамыр түсіру керек екен. Ұшы жоқ биіктікке қанша созсақ та – қолымыз, түбі жоқ тереңдікке қанша тебінсек те тірсегіміз жетпейді…
Жұртының қамын жоқтаған алып жүрек тоқтады, ұлтының ақыл-ойын сақтаған сәулелі сана сөнді… Халқы Әбіш әлемі мен Кекілбаев кеңістігін енді шынайы түсіне бастайтын болады…»
Сөйтіп, Әбіш ілімін зерттеу енді басталғандай. «Жаманның кесапаты өзі тірісінде тиеді, ал, жақсының шапағаты ол өлгенде де тие береді» — деген бар ғой.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
Атырау облысының Құрметті азаматы.