Атырауда «Мектепке жол!» бастау алды

1471348839 57 Білім

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. Биыл «Мектепке жол!» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы үшінші шілдеде басталды. Жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шараның ерте қолға алынуына не себеп? 30 қыркүйекке дейін жалғасатын акцияның маңызы неде?

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Акция облыста «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтуде. Мектеп жасындағы балаларды білім беру ұйымдарында оқумен қамту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққандарға қолдау көрсету үшін іс-шаралар жоспары жасақталды. «Сабаққа себепсіз бармай жүрген балаларды анықтауда түрлі рейдтік ісшаралар жүргізіліп, есепке алынады.

Барлық бала мектептен тыс қалмауы тиіс. Сондықтан, өңірдегі компания, өндірістік мекемелер, серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерді акцияға белсене қатысуға шақырамыз» деді Жансұлу Менешқызы. Оның айтуынша, аймақта былтыр түскен өтініштің барлығы қанағаттандырылып, 14 868 балаға көмек көрсетілді. Алайда, ескертіп кететін бір жайт, өтініш берген отбасыға көмек бір-ақ рет көрсетіледі.

– Кейбір ата-аналар білім беру басқармасына да, мектепке де, «Nur Otan» партиясына да арыз жазады. Барлығынан көмек алғысы келеді. Түскен өтініштерді зерделеу барысында кейбір балалардың әлеуметтік осал топ санатына жататындығы расталмады. Сондықтан, отбасыға түсетін кірістің барлығы ескерілуі қажет. Ең алдымен, акцияда әлеуметтік көмекке мұқтаж балалар қамтылады, – дейді Ж.Төремұратова.

Сондай-ақ, ол қайырымдылықты жарияламаудың қажеттігіне де тоқталды.

«Әсіресе, акция кезінде қолдау көрген балаларды жұртшылыққа паш етудің қажеті жоқ. Бұдан бала материалдықморальдық қысым алады. Бұл ретте біз мәдениеттілік танытып, оларды бұқаралық ақпарат құралдарына шығармауға баса мән береміз. Ал, өзгелерді жақсылық жасауға шақырып, үлгі болу үшін балғындарға қолдау көрсеткен демеушілерді атап өтуге ғана болады» деді Жансұлу Менешқызы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз