Жылыойлық мұнайшы мұқтаждарға баспана сыйлады

screenshot 20220912 143857 Қоғам

«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесес Компания) өндірістік бөлімшесі «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ кезекті қайырымдылық акциясын іске асырды.  Басқарма қызметкерлері өз қаражаттары есебінен 3 баланы тәрбиелеп отырған баспанаға мұқтаж отбасының мәселесін шешуге көмектесті.

Мұнайшылар жинаған қаржыға Атырау облысы Жылыой ауданы Қосшағыл ауылынан 4 бөлмелі үй сатып алынды. Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері баспана иелеріне тұрмыстық қажетті жабдықтар сыйға тартты.

Айта кетсек, отағасы Саламат Ерғалиев – І топ мүгедегі болып табылады. 2015 жылдан бері пәтер жалдап келген отбасының қуанышында шек жоқ. Жарық, жайлы, кең үйде балаларға ойнау және пайдалы істермен шұғылдануға толық мүмкіндік бар.

– Мұқтаж жандарға көмек қолын созу – біздің ұжымның игі дәстүрлерінің бірі. Осы жолы да ұжымдастар бастаманы бірден қолдады, – дейді «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ бастығының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Балмаш ЖАҚСЫБАЕВА. 

Мұнайшылардың аталған қайырымдылық шарасы ЕМГ-нің биыл аталып өтіп жатқан 100 жылдық мерейтойына орайластырылды. Алайда, Жылыойдың мұнайшылары ұайырымдылық шараларын бұған дейін де жүзеге асырып келген. Соңғы жыл жарым уақытта «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ жұмыскерлері аз қамтылған отбасыларға 2 пәтер және 1 үй сыйлады.

Биылғы жылы Жылыой ауданы әкімдігі өткізген «Жомарт жүрек» байқауының «Үздік қамқоршысы» номинациясында жеңіске жету – «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ ұжымының мейірімділігі мен кәсіби ынтымақтастығына берілген лайықты баға.

Ерғалиевтер отбасына үйдің кілті Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада табыс етілді. Бұл шара «Ембімұнайгаздың» жүз жылдық мерейтойына арналған игі істер марафонындағы ең жарқын оқиғалардың бірі болды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз